Экономика • 27 Қараша, 2020

Шекара бекеттерін жаңғырту тіршілікті жандандырады

560 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ шекаралық бекеттердің логистикалық инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына басымдық беріп келеді. Бұл бекеттердің жұмысын жандандыру көрші мемлекеттермен барыс-келісті күшейтіп қана қоймай, шекараның маңайындағы елді мекендердің де инфрақұрылымдарын жақсарта түсетіні анық.

Шекара бекеттерін жаңғырту тіршілікті жандандырады

«Достық» бекеті – «Қытай қақпасы»

Халықаралық көлік дәліздерінде ор­наласқан шекаралық бекеттердің ин­фра­құрылымын дамыту бойынша «ҚТЖ» компаниясы кешенді жоспар құр­ған. Осы жоспарды жетілдіріп, жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жер­гі­лік­ті экономиканың әлеуетін кө­те­руге әжеп­тәуір әсер етіп, шекараға жа­қын тұ­ра­тын тұрғындар қызу еңбекке ара­ласа бас­тады.

Сондай тіршілігі жанданған бекет­тер­дің бірі – «Достық» бекеті. Бұл бекет үшін 2020 жыл мерейлі жыл болды. Осыдан тура отыз жыл бұрын Қа­зақ­­стан мен Қытай темір жолдары ор­на­­ластырылған еді. Дәл осы жерде «Қытай қақпасын ашу» идеясы Кеңес Ода­ғы кезінде пайда болып, ішінара орын­дал­ған. Өткен жүзжылдықтың 50-ші жылдары «Достық» деген орнықты атауы бар бекет құрылысына жастар комсомол жолдамасымен тартылған. Жоңғар қақ­па­сы ретінде танымал болған бұл жер «аэро­динамикалық құбыр» деп те жиі айты­латын.

Мәскеуліктер, ленинградтықтар, бі­рін­­ші құрылыс десантының белорус­та­ры аталған құрылыста жұмыс істеген. Олардың күшімен салынған нысандар әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Бірақ Қытай мен КСРО арасындағы ұзақ мер­зім­ді дипломатиялық текетірес кесі­рінен «Қытай қақпасын» Сарықұм құ­ма­ды­ры баса жаздады.

«Ал Қазақстанның Қытаймен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығы көне заманнан жалғасып келе жатыр. 30 жыл бұрын болған оқиғалар – Қазақс­тан­ның тәуелсіз ел болуы және екі елдің темір жолдарының түйісуі Ұлы Жібек жолы тарихының жаңа кезеңін ашты», деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төраға­сының бірінші орынбасары Қанат Әлмағам­б­етов. Оның айтуынша, екі ел­дің темір жол байланысы даму бағытынан айныған емес. Осы уақытта мем­лекеттік шекараның екі жағында да барынша қажет инфрақұрылымдары бар заманауи бекеттер құрылған. Олар – «Достық», Алашанькоу. Жұмыс көлемі де артты. Нұр-Сұлтан – Үрімші және Алматы – Үрімші темір жолы арқылы жолаушылар қатынасы жолға қойылды.

«Еуропа – Қытай – Қазақстан» үш­жақ­ты интеграциялық процестерін қам­та­масыз ететін және елдер арасында экономикалық байланысты ұлғай­та­тын әлеуеті бар «Достық» бекеті үш көлік дә­лі­зін байланыстырады. Оның геог­ра­фия­лық жағынан тиімді орналасуы тран­зит­тік тасымалдаудың белсенді дамуына әсер етеді.

Сондай-ақ 2020-2025 жылдарда орындалатын «Нұрлы жол» инфра­құ­рылымдық даму мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында Еуропа – Қытай ба­ғы­тын­да жүк тасымалданатын «Достық» бе­кетінде «Достық-Мойынты темір жол көлігі дәлізін жаңғырту» жобасы жү­зе­ге асырыла бастады. Келешекте «Дос­­тық» темір жол стансасының көк­жие­­гін кеңейту жоспарланған. Атап айт­­сақ, жолдың күрделі жөндеуі, темір жол ин­фра­құрылымының бірқатар ныса­ны­­ның салынуы сияқты жұмыстар іске аспақ.

Жеке инвестицияларды тарту ар­қылы жүкті ауыстырып тиейтін кон­тей­нерлік терминалдар жаңадан салынып, ескілері де жаңартылмақ. Осының барлығы пойыздарды қабылдау-жі­бе­ру уақытын қысқартып, Қазақстан аумағынан өтетін транзиттік тасымал­дау көлемін арттыруға мүмкіндік бере­ді. «Достық»-Мойынты жер телі­мін жаңғыртудан кейін «Достық»-Қар­та­лы бағдарындағы контейнерлік пойыз­дар­дың жылдамдығы тәулігіне 1300 км-ге дейін ұлғаяды. Ал Қытай мен Қазақ­стан арасындағы шекаралық транзит пункттерінің өткізу қабілетін арттыру үшін 2021 жылы Достық пен Алтынкөл бе­кет­­терін дамытудың бас жоспары әзір­ленбек.

Осы жылдың қараша айында «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Dostyk Transportation & Logistics» ЖШС арасында «Достық» бекетінде жаңа терминал салу бойынша ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұл – «Достық» бекетін дамы­ту және терминалдар салу аясында жеке компаниялармен бірге қолға алын­ған төртінші жоба.

Қытайдан келетін контейнерлерді қа­былдайтын «Достық» бекетіндегі терми­нал­дар құрылысы жылына 1 млн кон­тейнерді артық қабылдауына (жиыр­ма фунтты эквивалентімен санағанда) мүм­кін­дік береді.

 

Сарыағаш – жақсы көршілік бекеті

Түркістан облысының шекара ма­ңын­дағы Сарыағаш қаласы көпшілікке шипа­жайымен танымал. Өзбекстанның Ташкент қаласына жақын бұл қаланың аты минералды суымен де шыққан. Сонымен қатар дәл осындай атпен ха­лық­аралық бекет те бар. Қазақстан темір жолындағы Өзбекстан бағытымен жү­ре­тін транзиттік тасымалдаудың басты ағыны осы бекет арқылы өтеді.

«Өкінішке қарай, халықаралық Сары­ағаш бекетінің өткізу қабілетін арттыру қиынға соғады. Орналасқан жерінің ың­ғай­сыздығы мен маңайындағы жер телімдерінің тапшылығы бекетті да­мы­­туға жол бермей тұр. Сондықтан Қа­зақс­тан мен Өзбекстан арасындағы ше­ка­­ралық бекеттердің өткізу қабілетін арт­тыру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ Дарбаза-Мақтаарал жаңа темір жол сызығы құрылысының жоспарын қарастыруда. Бұл бастама Сарыағаш-Ташкент бағы­тын­­дағы жүк тасымалдау көлемін жаңа темір жол тармағымен бөлісуге ықпал етеді, сондай-ақ Түркістан облы­сы шека­ра­лық аймақтарының дамуына жаңа серпін береді», дейді Қ.Әлмағамбетов.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Узбекистан Темир Йуллари» АҚ арасында тран­зит­тік потенциал мүмкіндіктерін үнемді пайдаланудың оңтайлы нұсқаларын зерт­теу мен оны жаңа темір жол сызық­та­рын салу арқылы дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум бекі­тілген. Уағдаластықтар шеңберінде жаңа жоспарларды орындау мен басты өнді­рістік және экономикалық көр­сет­кіштерді анықтау бойынша ұсы­ныс­тарды дайындайтын жұмыс тобы құ­рыл­ды.

 

Илецк – өзара ынтымақтастық бекеті

Шекаралас ресейлік Орынбор облысында орналасқан Соль-Илецк қаласын қазақстандықтар жақсы біледі. Себебі мұнда Илецк-1 темір жол бекеті бар. Ресей аумағында орналасқанымен, шаруашылық нысаны ретінде және заң бойынша Қазақстанға жатады.

Соль-Илецк қаласы қарбыздың ота­ны ретінде де танылған. Мұнда дәмі тіл үйіретін, көлемі үлкен қарбыздардың түр-түрін табуға болады. Бұл тіпті осы жердің жергілікті өнімі тұздан да кең танылып келеді. Сондай-ақ аталған қалада қарбыз бен тұздан басқа, тастанды шахталардың орнында пайда болған тұзды көлдер шипажайлары да бар.

Илецк бекеті – Қазақстан мен Ресей арасындағы транзиттік мүмкіндіктер дамуының негізгі тоғысы. Қытай-Еуропа бағытымен жүретін контейнерлік жүк тасымалын кедергісіз өткізу және өткізу қабілеттерін ұлғайту үшін мұнда екі қа­был­дау-жіберу жолдарының құры­лы­сы мен қолданыстағы №29 жолын ұзарту жоспарлануда.

 

Ганюшкино бекеті өз өкілеттіктерін тапсыруда

Бүгінде бұл бекеттегі жұмыстар қызу жүріп жатыр. Дәлірек айтқанда, темір жол өткізу пунктін Ганюшкино бекетінен Дина Нұрпейісова атындағы разъезге көшіру бойынша жоспар жүзеге асырылып жатыр. Темір жол жұмысшылары бұл стансаның экономикалық өрлеуі әлі алда деген ойда. Әзірше өткізу пункттері инфрақұрылымының басты бөлігі күрделі салымдарды талап етеді.

«2013 жылы 17 қыркүйекте Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстан Рес­пуб­ликасының шекарасынан өткізу пункттерінің ашылуы (жабылуы), іске қосылуы (пайдалануы), санаттауы, топтас­тыруы, жайластыруы ережелеріне және техникалық жабдықтау мен жұ­мыс­тарын ұйымдастыру талапта­ры­на сәй­кес өткізу пункті нысандары тір­шілігін жандан­ды­ру және тех­н­и­ка­лық жабдықтау, көліктік, ин­же­нер­­лік және әлеуметтік-тұр­мыстық инфра­құ­ры­лы­мын жасау, дамыту және әрі қарай ұстау, оның ішінде мемлекеттік бақылау мү­ше­­лері бөлімшелерінің жұмысын қа­лып­­тастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұл ретте темір жол өткізу пунктінің құрылысы мен тіршілігін қамтамасыз етуге Ин­дус­­трия және инфрақұрылымдық да­му министрлігі атсалысады», дейді Қ.Әлмағамбетов.

Оның айтуынша, Қазақстан шекарасында орналасқан темір жол өткізу пункттері қойылған ережелерді орындап тұрса да, олардың техникалық жаб­дық­тал­уы қазіргі заманның талаптарына сәйкес келе бермейді. Өткізу пункттері инфра­құрылымының басты бөлігі күр­де­лі жұмысты талап етеді.