Арқалы ақын Сәкен Иманасовтың арамызден кеткеніне де, міне, бір жыл болыпты. «Дүниенің ең басты жұмбағы – адам... Ал өнер адамдары, дарын иелері, әсіресе, ақындар – болмысынан бөлек, табиғатынан тылсым, қайталанбас құбылыс, уникум» деп замандасы, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, Сәкен ағамыздың өлеңдерін, көсемсөздерін еліте о ыған замандастарының баршасы ақын арманын, асқақ сезімін, жүрек қалауын толық түсіне қойды деп айта алмаймыз. Тектілігі мен беттілігін менмендікке, тәкаппарлыққа балады, өткірлігі мен турашылдығын қабылдай алмады. Бұл оның табиғатынан тылсым, бойына тек ар мен намысты ғана дарытқан ақын болғанынан да шығар. Қалай десек те, ақын Сәкен, азамат Сәкен екенін өмірінің соңғы күніне дейін әйгілеумен өтті.
Арқалы ақын Сәкен Иманасовтың арамызден кеткеніне де, міне, бір жыл болыпты. «Дүниенің ең басты жұмбағы – адам... Ал өнер адамдары, дарын иелері, әсіресе, ақындар – болмысынан бөлек, табиғатынан тылсым, қайталанбас құбылыс, уникум» деп замандасы, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, Сәкен ағамыздың өлеңдерін, көсемсөздерін еліте оқыған замандастарының баршасы ақын арманын, асқақ сезімін, жүрек қалауын толық түсіне қойды деп айта алмаймыз. Тектілігі мен беттілігін менмендікке, тәкаппарлыққа балады, өткірлігі мен турашылдығын қабылдай алмады. Бұл оның табиғатынан тылсым, бойына тек ар мен намысты ғана дарытқан ақын болғанынан да шығар. Қалай десек те, ақын Сәкен, азамат Сәкен екенін өмірінің соңғы күніне дейін әйгілеумен өтті.
Қасиетті өлең түгілі, кәдімгі қара сөздің өзін қағазға түсіру мұң болған өмірінің соңғы айларында Сәкен ағам үйге сыймай мазасызданатын. Атыраудан Алтайға, Алматыдан Арқаға дейінгі салқар даланың салқам ұлындай төрт қабырғаға телміріп үйренбеген ол дүниенің соншалықты тарылатынын, көсілте жазуды, шалқақтай ел аралауды сөз етпегенде, үйден шығудың азапқа айналатынын күні кешеге дейін қаперіне де алмаған еді. Соңғы бір жылда ғана шалғай өңірлердегі шақыртулардан бас тартып, бойкүйездікке салына бастады. Соның өзінде де дос-жарандары, ағайын-туыстары хабарласпай қалса болғаны: «Әй, Секен, мына жұрт мені ұмытайын деген бе? Үзбей телефон шалатын Софы да, Тынымбай да, Бексұлтан мен Қуанышбай да, Нұрмахан мен Мамадияр да хабарласпайды. Тұмағаң кеткелі үлкен-кішілер байланысты сиретті», деп алатын да, менің қандай қызмет болса да дайын екенімді емеурінімнен-ақ ұққан соң: «Іш пысты, әлгі ағаларың қайда?» деп тоқтайтын. «Ағаларың», дегені – мектепте бірге оқыған достары Шылбы мен Меліс, іздеуінің мәні – ермегімізге айналған преферанс.
Қазір ойлап қарасам, ақын жүрегі тар кеудеге ғана емес, ұлан-ғайыр Алматыға да сыймай, көсіле бір шалқитын ортаны, ақ пейіл ағайын-туыс пен ақжарма мінезді дос-жарандарды, қаймағы бұзылмаған қазақы тірлікті, өзі секілді тазалық пен өрліктің үлгісіндей азаматтарды, әңгіме-дүкен құра алатын зиялы ортаны аңсайды екен-ау. Асүйдегі шыбынның ұшып-қонғанына да күйгелектенетін күйбең тірлігімізде ақын ағамыздың нені аңсап жүргенін, бір-жар сағат үнсіз мелшиген телефонға да әлденені күткендей әлсін-әлсін алаңдап қарай бергенін сезбек түгілі, ойламаппыз да. Әттең дүние-ай! Тірліктің парқын да, нарқын да ұмыттыратын қу пендешілік десеңші! Өмірінің соңына дейін көңіл таза, намысы биік достарының азаймауын аңсаған еді.
Жолыққан шақта-ақ ұмыт боп қайғың,талас қап,
Шамдануы да, таңдануы да жарасты-ақ.
Ойламай өткен тірліктің нарқы, парқын да,
Досты аңсап келем нар көңіл,
Досты аңсап келем әрі асқақ!
Егде тарта бастаған шағында: «Елге кетсем бе деп жүрмін. Талапкерге. Баяш тұрған үйдің жанынан баспана салғызып алып, тып-тыныш жатсам...», дейтінді де жиі айтушы еді. Кіндік қаны тамған құт мекені болғанымен, табанының Алматыдан ажырай алмайтынын өзі де сезгенімен, сөзбен өрнектей алмайтын өзекжарды сағынышы екенін сезетінбіз.
Жұрт біткенді бөтен тұтпаған, бәрін бауыр, бәрін дос санаған ағамыз қатар жүрген жора-жолдастарының, тамыр-таныстарының, інілері мен замандастарының бойынан тек тазалықты, тектілік пен беттілікті көргісі келуші еді. Екіжүзділікке, жағымпаздыққа, сатқындыққа төзбеді. Жолдас болып қасына ергенімен, айнымас дос бола алмайтын азаматтардан іргесін аулақ салды. Көлгірсімеді. Себебі, биік те асқақ рухын төмендетуді ездікке, ұсақтыққа балады, аярлыққа салынып, бақайесеп көздегендердің түптің түбінде өзінен асып кетпесін, абыройға кенелмесін сезінді. Жырына арқау етті.
Айтып ем ғой өзіңе баяғыда.
Сұрамаймын кісіден саяны да, –
Қолтығына біреудің тығылмаймын,
Жығылмаймын ешкімнің аяғына!..
Өмір бойы есіңде сақта дегем.
Қайда қашып құтылар бақ та менен.
Ақ сүтімен анамның емген арды,
Абыройлы қалпында сақтап өлем!..
Бірақ аңғал еді. «Ағалап» құрмет көрсеткен бірқатар інілерінің не үшін өбектейтінін саралап жатпайтын. Күндердің күнінде «көкелеп» жүріп төрге озған сол азаматтар төбесінен жуынды құя салғандай өсек тарата бастағанда ғана: «Әй, мынауың ит екен ғой. Пәленшекең осы жігіт жайында әлдебір әңгіме айтқанда мән бермеп едім...», деп жылы жауып қоятын да, әбден шектен шыға бастаса, өкпесін өлеңмен қағазға түсіретін. Санда бар, санада жоқ, тірлікте бар, тірілер санатынан сызылып тасталған бірқатар достары мен інілері ағамыз дүниеден өткенде төбе көрсетпек түгілі, көңіл айтуға да жарамағанда бәріміздің барар жеріміз біреу ғой дегенбіз де қойғанбыз. Аман жүрсін бәрі де!
Әлі күнге оқылған құраны мен бағышталған дұғасынан қалмаған шынайы достары Шылбы мен Меліс, Серік пен Сембай, Мамадияр мен Нұрмахан, сүйеніш інілері Бексұлтан мен Қуанышбай, Нұрлан мен Нұртілеу, Ғалым мен Бауыржан, елдегі Сапаш пен Әлібек, Болат пен Сатай ақын-дос ағаларына ақжарма пейілден ажырамағаны үшін несібелерінен қағылып, абыройдан айырылып қалған жоқ.
Аман Омарбаев дейтін күйеу баламыз бар. Көп оқиды. Қолына түскенді талғамайтын болса керек. Содан да тарихтан болсын, әдебиет пен өнерден болсын, оқыған-тоқығандарын алға тарта дауласа кетуге бейім тұрады. Өтірікке, жалғандыққа жаны қас. Адамның кемшілігін, қателігін бетің бар, жүзің бар демей айтып салады. Сонысымен де өзі бірқатар адамдарға жақпай жүреді. Сәкен ағамызбен білім таластырғысы келгенімен, бұрынырақ әр жерден оқығандарын ағасынан естігендерімен қайтара салыстырған соң: «Иә, менікі жөн емес екен. Осының бәрін бұл кісі қайдан біле береді?» деп таңырқайтын.
Ағамыздың білімдарлығына, көп оқығандығына тек Аман ініміз ғана емес, замандас ақын-жазушылар да, өзін ғұлама санайтын тарихшылар да еріксіз таңғалатын. Басқосуларда, дастарқан басында Қадыр мен Тұманбайдың да, Сайын мен Қалиханның да шешіле ақтарылып, көсемси сөйлеуге бата алмағандай Сәкен ағамыздың аузына қарағанын өзіміз де сан мәрте көргенбіз. Мына бір естелік те осыған қатысты еді.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде қызмет атқардым. Кезекті нөмірге қол қойып, түнгі 12-лерге таман Әбен (Дәуренбеков) күйеу баламыздың пәтеріне келсем, шығармашылық іссапармен жүрген Алматыдағы бір топ ақын-жазушылар дүркіресе ауқат ішіп отыр екен. Есіктен кірмей жатып: «Оу, дауыстарың көш жерден естіледі ғой», деп үн қатқаным есімде. Қонақтар отырған бөлмеге бас сұға қоймағанмын. Даусымды естіген жұрт тым-тырыс тына қалды. «Әй, мына сайтан қайдан жүр?» деген таныс дауыс естілді. Сөйтсек, даусымыз ұқсас болды ма, ауызүй жақта шешініп жатқан мені Сәкен бе деп қалған Қалихан Ысқақов екен. Бүкіл кеш бойы ауыздыға сөз бермей көсіле сөйлеп отырған Қалекең ішке кірген мені көрген соң: «Әй, сен Секен екенсің ғой. Әлгі пәле келіп қалды ма деп зәрем зәр түбіне кеткен жоқ па?» дегені. Қасындағылардың: «Неден шошындыңыз?» деген сұрағына Қалихан ағамыздың: «Күні бойы бәріңді аузыма қарата сөйлеп отыр едім. Сәкен келсе маған сөз қайда деп қалғаным рас», дегені. Анығы сол. Әзіл-қалжыңы жарасқан үлкенді-кішілі қаламгерлер ғана емес, кезінде ел басқарған алдыңғы ағалары да Сәкен отырған жерде көп сөйлей бермейтін. Қандай тақырып қозғалмасын, арғы-бергі тарихты қопара отырып айғақты, дәлелді мысалдары арқылы жұртты еріксіз тыңдата білетін. Бұл оның көп оқып қана қоймай, көп тоқыған данышпандығының бір белгісі еді.
ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында өмір сүрген орыстың аса дарынды ақыны Константин Бальмонт жайында Марина Цветаева: «Ақын өлең жазудан өзге не біледі деп ойлаушы едім. Сөйтсем ол – өн бойына жүз профессорды қондырып алғандай бәрін-бәрін біледі екен», дейтін пікір білдірсе, маған осы сөз ақын ағам Сәкен Иманасовқа қарата айтылғандай болады да тұрады. Себебі, ол көне Мысыр, Вавилон, Рим империясы, Түркі әлемі мен солардың қаһарлы әміршілері, үнді мен қытай мәдениеті, қазақтың небір жыршы-жыраулары мен ел билеген тұлғалары жайында таңды таңға ұрып әңгіме айта беретін.
Ат жалын тартып мінген адамның артынан ерген ұрпағы – құлдыраңдаған құлынының құйындай үйірілген өмір ағысымен кете бермей, өзі шықпаған тепсеңдерден көрінуін қалайтыны заңды құбылыс. Бір жасқа толмай жатып тілі шыққан, 3-4 жасында ежіктеп кітап оқыған тұңғышы Алмастан көп үміт күтіп еді. «Ұлыма» деген өлеңін бірге оқиықшы.
Өтсең, жаным, түгел бір дүбірлетіп,
Сұлуларды көргеннен дірілдетіп.
Айқастарда даусыңды асырып-ақ,
Шайқастарға бастарда бұрын кетіп.
Қарап қалар қыз балқып, ер үмітпен,
Алдыңда асау ағыс бар сені күткен.
Кірпігіңді қақпастан көктей өтсең,
Салдыртып бір сал мінез, серілікпен.
Өрлік жайлы өзгеге сырды ұқтырып,
Өрт боп жанып өтсең-ау, дүрліктіріп.
Дос үйіне жетсең-ау сағындырып,
Жайнап салар шақтарды бір күттіріп.
Жақсылық та жүрсең-ау жасап қанша,
Күлсең де бір күлсең-ау жас аққанша.
Ақ жаныңды ұсынып тұрсаң-ау кіл,
Біреу сенің сыртыңнан тас атқанша.
Осылай бір тартсаң-ау таңға алшақтап,
Көңіліңді адал да аңғал сақтап.
Саңқылдап та айтсаң-ау айтарыңды,
Құрдастарың күмілжіп қалған шақта,
Жеткеніңнен жарығым, жетпегің көп,
Осылайша өткейсің көкте гүлдеп,
Жауың болса, қалсын да қарадай бір,
«Мынауыңның шалқуы-ай?» – деп те күндеп.
Осы болсын демеймін бар асылың,
Өмір де бір жорық қой, қарашы, ұлым,
Өзім іздеп келген көп қасиетті,
Сенен тапсам деп тұрмын, қарашығым.
Бұл арманы, әке аңсауы бір күнде тас-талқан күйреді. Ішкі істер органдарында еңбек жолын бастаған Алмас 90-шы жылдардың орта тұсына таман қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Ағамыздың күйзелгенін, құсаланғанын көру оңайға соққан жоқ. Тау тұлғалы азаматтығын да сол күндері танытып бақты. Күйремеді. Іші қан жылап тұрса да Сәкен екенін, бекем екенін танытты.
Алдына Абай бастаған марқасқалар келсе де айылын жыймайтын, байлық пен биліктің буына піскен, санасына рухани дәулетті сіңіруді еріккеннің еңбегі санайтын, көк қағаздың сылдырынан өзгені «қазақтың былдырына» балайтын алкеуде атқамінерлерді көргенде жаны күйзелетін. Егемен ел болсақ, өз қотырымызды өзіміз қаситын күнге жетсек дейтін арман-аңсаулары жүзеге асқанда Жоғарғы Кеңестің депутаттығына сайланған ол ел мұңын, халық зарын өзі басқарған «Қазақстан Республикасы» деп аталатын газет пен депутаттық мінберден билік құлағына жеткізбек болғанда, амал қайсы, екеуі де тарап кетті.
Ол өлең дейтін құдіретке шаң жуытпады, әр шығармасының бойынан Сәкен мінезінің, Сәкен қуатының аңқып тұруын аңсады. Абайдың алдында бас иіп, Қасымға еліктеді, Мұқағалиды ерекше құрмет тұтты. Жазғандарын тым құрыса мыңның бірі оқып, жүздің бірі санасына тоқыр деп үміттенді. Сондықтан да ол жыл сайын кітап шығаруды, көпіртіп жазуды мақсат тұтпады. Ұшына бал жағылған жебедей әр өлеңінің қазақ дейтін халықтың жан сезімін оятуын, жүрегіне тектілік пен бекзаттық, тазалық пен инабаттылық сіңіргенін аңсады.
Айықпас дертке шалдыққандар мен жарық дүниенің қызығынан жалыққандар болмаса ажал құшуды аңсайтын адамның Алла тағаланың әміріне күпірлік келтіретін қасиетті Құран Кәрімде де анық байқалады. Ондай адамға жаназа шығарылмайды, қорымнан орын ұсынылмайды, оқшау орынға жерленеді. Ағам Сәкен болса өлімге ұмтылмады, өмірді, жағымпаздық пен жалғандықтан ада өмірді аңсады. Мәрия жеңгеме, пәтерінің төрт қабырғасына соңғы рет жанарын қадаған күйі ақтық демі біткенше өмірге құштар болды. Бірақ жанын қинамайтын, отбасын әбігерге салмайтын, ағайын-туысты ренжітпейтін ақ өліммен көз жұмуды аңсады. Солай болды да.
Ақтық сапарға аттанар сәтін сезген де болар, әйтеуір, желтоқсанның 10-ы күні жанына немересі Жәнібекті алып жататын ағамыз: «Әй, Мәрия, бүгін менің қасыма сен жатшы», деген көрінеді. Кешкі ауқатын ішіп, сағат сегіздер шамасында жедел жәрдем дәрігерлеріне соңғы рет тексерілген ақын жүрегі түнгі екіден аса бергенде соғуын тоқтатты. Өмірге құштар еді. Ажалды аңсамаған күйі, ақ өлім, азапсыз өлім тілеген қалпы фәни дүниені қанша қимаса да, аңсаған армандарының баршасын тауысқандай бақилыққа аттанып кете барды. Артында отбасы, бала-шағасы, еңірей езілген біздер – туған-туыстары мен жора-жолдастары, ең негізгісі арлы да адуын жырлары, арқалы да арлы ақын ретінде жинаған абырой-атағы мен даңқы қалды. Ғасырларға жалғасатын екінші ғұмыры басталды.
Секен ИМАНАСОВ.
Алматы.