Экономика • 27 Қараша, 2020

Бірінші болып Қазақстан дағдарыстан шығады: ЕДБ 2021 жылға болжам жасады

457 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еуразиялық даму банкі Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Армения және Беларусь елдері экономикасының 2021 жылы қалай боларын болжаған талдауларын ұсынды, - деп хабарлайды Egemen.kz

Бірінші болып Қазақстан дағдарыстан шығады: ЕДБ 2021 жылға болжам жасады

Банктің болжамынша, келер жылы ЕДБ қатысушыларының барлығында өсім байқалмақ.  Халықаралық қаржы институтының болжауынша, 2021 жылдың екінші тоқсанында шектеу шараларының алынып тасталуы экономиканың қайта өрістеуіне жол ашады. ЕДБ бас экономисті Евгений Винокуровтың, айтуынша ЕАЭО елдерінің арасынан бірінші болып Қазақстан экономикалық ахуалды қалпына келтіріп, дағдарысқа дейінгі өсім деңгейіне жетеді.

– Әртүрлі экономикадағы мемлекеттік қолдау шаралары да әртүрлі. Ең салматқы пакет Қазақстанда. Ресейдікі де біршама жоғары. Мұндай шаралар өз жемісін берді – экономиканы тым қатты тығырыққа тірелуден сақтап қалды. Сондықтан келер жылы да тез қалпына келуге мүмкіндік бермек, – дейді Винокуров.

Алайда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің барлығы дерлік қарыздық қиындыққа душар болған. Сол себепті, олар мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасына мұқият назар аударып, бюджет тұрақтылығына баса мән беруі тиіс дейді сарапшылар. ЕДБ елдерді талдау орталығының жетекшісі Алексей Кузнецовтың айтуынша, ЖІӨ 2019 жылдың соңында 1,7 пайызға өссе, 2020 жылдың соңына қарай 3,8 пайызға құлдырап кеткен.  

Бірақ бұл көрсеткіш барлық елде бірдей емес. 2020 жылдың соңы бойынша Қырғызстанда 7,5 пайызға құлдыраса, Арменияда – 6,4, Қазақстанда – 3, Беларусияда – 1,5 пайызға төмен кеткен. 2019 жылы экономика өсімі Ресейде – 4, Тәжікстан 7,5 пайызға құлдыраған.

         – Мемлекеттік қолдау пакеттері бірқатар елдерде ЖІӨ құлдырауын шамамен 2-3 пайызға бейтараптандыруға мүмкіндік берді. Қазақстандағы дағдарысқа қарсы қолдаудың кең ауқымды пакеті шамамен 6 трлн теңге. Бұл ЖІӨ-нің 8,4 пайызы. Осы қолдаудың арқасында ЖІӨ шығындары биыл 2 пайызға азайды, – дейді аға талдаушы Айгүл Бердіғұлова.

Дегенмен келер жылы қатысушы-елдер үшін сыртқы сұраныс өсе түспек. 2021 жылы Urals маркалы мұнайының орташа бағасы барреліне 49 доллар болады деп болжанып отыр. 2020 жылы бұл мұнай барреліне 41 доллар болған еді. Сонымен қатар мұнай бағасының өсуі және инвесторлардың қауіпті активтерге деген қызығушылығының қалпына келуі қатысушы-елдердің валюталарының нығаюына да септігін тигізбек. Теңгенің орташа курсы – 423,8, рубль – 74,5, сом – 83,2, беларусь рублі – 2,61, тәжік сомониі – 11,6, армян драмы – 492 деңгейінде болады деп болжанған.

Сарапшылардың бағалауынша, инфляция 2021 жылы барынша баяулайды. Арменияда тұтынушылық баға индексінің өсу қарқыны 2020 жылдың соңындағы 1,2-ден 1,1 пайызға, Беларусияда – 6,4-тен 5,5 пайызға, Қазақстанда – 7,3-тен 5,3 пайызға, Қырғызстанда – 6,5-тен 5,2 пайызға, Ресейде – 4,2-ден 3,5 пайызға, Тәжікстанда – 8,5-тен 5,3 пайызға төмендейді.

Айгүл Бердіғұлованың сөзінше, салық-бюджеттік факторы биыл Қазақстан экономикасына үлкен көмегін тигізген. Бұл келесі жылы да маңызды фактор ретінде қала береді. Дегенмен бәрі де індеттің беті қайтуына байланысты болмақ дейді сарапшылар. Егер инфекция таралуы тоқтамаса және вакцинаның қолданысқа енгізілуі кешіктірілсе, онда экономикалық шығындар болжамды сценарийден әлдеқайда асып түсуі ықтимал.  

 

АЛМАТЫ