Стратегия – біздің өмірімізде
Өткен жылғы желтоқсанда жария етілген «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы қағидаттық идеялар, пікірлер және ұсыныстар бүгінде бүкіл республика халқының қолдауына ие болды. Сөйтіп, жаңа бағдарлама елдің жалпыұлттық идеясына айналды. Себебі, бұл құжатта халқымыздың өткен жетістіктері, бүгінгі міндеттері және алдағы жоспарлары синтезделген болатын.
Елбасы Қазақстанның болашағын «Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуымен байланыстырады. Республикамызда осындай тарихи міндеттерді шешу үшін табиғат, шикізат, ғылым, техника және адам ресурстары жеткілікті.
Өткен жылғы желтоқсанда жария етілген «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы қағидаттық идеялар, пікірлер және ұсыныстар бүгінде бүкіл республика халқының қолдауына ие болды. Сөйтіп, жаңа бағдарлама елдің жалпыұлттық идеясына айналды. Себебі, бұл құжатта халқымыздың өткен жетістіктері, бүгінгі міндеттері және алдағы жоспарлары синтезделген болатын.
Елбасы Қазақстанның болашағын «Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуымен байланыстырады. Республикамызда осындай тарихи міндеттерді шешу үшін табиғат, шикізат, ғылым, техника және адам ресурстары жеткілікті. Мәселе ел халқының «Қазақстан-2050» Стратегиясында топтасуында, тарихи бағдарламаны орындау ісіне бір кісідей болып жұмылуында.
Ұлттық идеялар: ел халқының этносаралық татулығы, саяси тұрақтылық, қоғамдық-әлеуметтік келісім, қазақ тілінің дамуы болса, осы құндылықтардың барлығын өзіне жинақтаған бағдарлама іс-қимыл қайнаркөзіне айналуда. Оны қолдау, іске асыру үшін жан аямай еңбек ету – әрбір қазақстандықтың борышы және міндеті. Мұндағы негізгі басты қозғаушы күш тетіктерінің бірі әлемдік озық білімнің иесі «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктері болуға тиісті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдық мерейтойына байланысты кешегі Астанада өткен форумда «Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынды.
Осындай жасампаздық міндеттерді халқымыз «Қазақстан-2050» қозғалысына қатысу арқылы шешеді деген сенім күшті. Елбасы отандастарын жаңа жалпыұлттық қозғалысқа қатысуға шақырды. Мұның мемлекет алдындағы өзекжарды, тағдырлық міндеттерді шешуге кірісуі елдегі зор әлеуметтік жаңарудың басталуы деп сенеміз. Елбасының идеясымен «Қазақстан-2050» қозғалысы барлық еңбек ұйымдарында зор өрлеу тудыратындығы даусыз.
Біздің Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы Мемлекет басшысының ел агрокешенінің алдына қойған міндеттерін өте жақсы түсініп отыр. Ғалымдар ауыл шаруашылығын жаңарту ісіне белсене атсалысуда. Қазір әлем халықтарын алаңдатып отырған өткір мәселенің бірі – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі. Сондықтан, Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында табиғат ресурстарының азаюы жағдайында Қазақстан мемлекетінің шешетін міндеттерін жеке басымдық ретінде атап көрсетті. Бұл орайда Қазақстан өзінің қолда бар табиғат ресурстарын пайдалана отырып, тұрақты экономикалық даму мәселелерін шешу үстінде. Осы бағыттағы ғылымға негізделген инновациялық іс-шаралар білімді жас мамандарға жүктеліп отыр.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы «Қазақстан-2050» қозғалысын қолдайды, оның идеяларын қуаттап, ел халқын биік тарихи белестерді бағындыруға шақырады.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА академигі.
АЛМАТЫ.
Жаңалық жақсылығын қоса әкелді
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы өніміне бүгінгідей өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ол ауқымды жаңғыртуды қажет етеді», деді. Бұл үшін ел агроөнеркәсіп қызметкерлеріне азық-түлік нарығының көшбасшысы болуды және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін ең алдымен егістік алаңын ұлғайтуға баса назар аударуды тапсырды. Жаңа технологиялар енгізу есебінен сол алаңы ұлғайтылған егістіктің түсімін молайту міндетін де қойды.
Жуалылық диқандар сияқты біз де тірлігімізді ақ егістен бастағанбыз. Ал 2000 жылдан бастап картоп өсірумен шұғылдана бастадық. Алғашында 2 гектар жерге картоп ектік. Бүгінде оның көлемі 150 гектарға ұлғайды. Қожалығымызда барлығы 385 гектар жер болса, соның 185 гектары суармалы алқап. Қалғанына күздік бидай мен арпа егеміз.
Інім Нұржігіт Қарағанды облысындағы «Астра-Агро» ауыл шаруашылығы кәсіпорнынан картоп өсірудің инновациялық жобасын алып келді. Қазір оны Германияның жаңа технологиясымен егіп, жинап, сорттаймыз. Бұрын әр гектардан 120-170 центнерден картоп жинасақ, жаңа технология бойынша оның көлемін 250-350 центнерге жеткіздік. Ал бұрнағы жылы Нидерландыдағы картоп тұқымын дайындайтын фирмамен келісімшартқа отырып, 50 тонна элиталық картоп сатып алдық. Өнімді сақтайтын қоймамыз да бар. Ол да инновациялық тәсілмен жасалғандықтан желдеткіші, жылытқышы бар, Борандының ақ қар, көк мұзында картопқа қажетті температураны жақсы ұстап тұрады.
Біз қазір өнімдерімізді тікелей өткеруден бөлек, мемлекеттік сатып алу арқылы кейбір мекемелерді азық-түлікпен қамтамасыз ете бастадық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында инновация туралы өте дұрыс айтты деп білемін. Өйткені, міне, инновациялық жаңалық біздің өмірімізге жақсылығын қоса әкеліп отыр.
Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
«Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы,
Түктібай ауылы.
Келешек келбеті
Мен Қазақстанда жас кезімнен тұрамын. Оқыдым, қызмет істедім, өстім, өркен жайдым. Қазақстанмен бірге қиындықты да, қызық өмірімді де бірге көріп келемін. Менің журналистік қызметіме қырық жылдан асып кетті. Облыстық орыс тілді «Костанайские новости» газетін басқарғаныма 27 жыл болыпты. Мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында қаралған мәселелерді тек өз басыма ғана қатысты алсам дұрыс пікір болмас еді. Өйткені, мен пенде ретінде жасарымды жасаған адаммын. Бірақ бұлай айтқым келмейді. Қазақстанды дамытуды жаһандық деңгейде қараған осы стратегиялық құжатта алдағы уақытта атқаратын істерді біз бастап бердік. Ең бастысы, ұрпақтарымыз оны жалғастырады.
Мен украин халқының өкілімін. Облыста, республикада біраз украин тұрамыз. Соның барлығы да Қазақстанның болашағына сенімді. Қазақстан халқы Ассамблеясы тек Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бар. Алайда, көптеген мемлекеттерде ол қоғамдық ұйым ғана болып саналады. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық ұйымнан мәні тереңде жатыр, ол ресми институт болып есептеледі. Мұның өзі Қазақстанды өзінің кіші отанына балайтын өзге ұлт өкілдері үшін арқа сүйейтін тау секілді. Республикамызды жайлаған ұлттардың бірлігі болғанда ғана еліміз нығая түсетінін Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым айтып жүр. Қазақстан бізге барлығын да жасады, енді біз елге не береміз? Менің де, менің қандастарымның да алдағы ұстар бағыты осы болуы керек.
Өз басым «Қазақстан-2050» Стратегиясы туралы ойлағанда, жас әріптестеріме қызыға қараймын. Солар Елбасымыздың осы Жолдауында айтылған бағыттарды алдағы өміріне темірқазық етіп ұстанатын болады, оны жүзеге асырады. Олар сол үшін де бақытты. Жолдауда кадр мәселесі туралы айтылған болатын. Ал ол жастарға сапалы білім бергенде шешімін табады. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға барлық жағдайды жасап отыр. Алдағы уақытта инновациялық технологияларды меңгеру, шетелдік мамандар тәжірибелерінен тәлім алу да жастардың, оның ішінде жас журналистердің де еншісі болып табылады. Жастардың болашағы оларға күлімдеп қарағандай болады. Стратегияда айтылған бағыттарды әр қазақстандық қастерлеп ұстаса, мемлекетіміз дами бермек.
Сергей ХАРЧЕНКО,
әлеуметтану ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
ҚОСТАНАЙ.
Бәрі өзімізге байланысты
«Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың басты кілті еселі еңбек деп білемін. Елбасымыз қазақстандықтарға арнаған өзінің сөзінің бірінде жақсы жұмыс істеген адам жақсы тұрады деген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының нақылға бергісіз осы сөзі мен стратегия жолдары арасында тығыз байланыс бар. Егер біз бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыла еңбек етпесек, стратегия өзінен өзі іске аса салмайды ғой. Бағдарламалық басты құжат осылайша тек еңбек арқылы өмірімізге дендеп ене алады. Төрімізге емін-еркін қадам баса алады.
Ерінбеген адам өзінің еңбегінің нәтижесін көріп қана қоймай, отбасы бюджетін толтырады, әрі Елбасы белгілеп берген жаңа саяси бағыттың іргетасы нық болуына өзіндік үлесін қосады. Мысалы, мен үй құстарын өсіру арқылы өзіме де, тұтастай қазақстандық қоғамға да пайдалы іспен айналысып жүрмін деп санаймын. Нәп-нәзік балапаннан қауырсын қанат құс өсіріп шығарған кезге дейін біраз тер төгуге тура келеді. Шынына келсек, балапанның күтімі баланың күтімінен бір де кем емес.
Сарыауыздар жетіліп кетуі үшін жем-суына дәрумендер қосып ауыздандырамыз. Мұның бәрі оларды ширату үшін қажет. Балаларым үйрек пен қаз, тауық секілді үй құстарының соңында жүрген маған: «Апа, осыны қайтесіз, азаптанып», – деп қояды. Сірә, олар осы сауалдары арқылы еңбектің рахаты мен ләззатын әлі терең сезінбейтін сияқты көрінеді. Жылда жасап жүрген кәсібім ғой. Балапанды күзде санайды дегендей осы мезгілде құстар ет алып, еңбектің зейнетін көргендей боламын.
Елбасы белгілеп берген стратегиямен танысқан әр адам өзіне тиесілі кәсіппен айналысу қажеттігін терең түйсіне алады. Иә, бірқатар жағдайларда айтылып қалып жататын жұмыс жоқ деген сөз тек сылтау ғана. Мұндай кері тартатын сөзді отандастарымыздың әрқайсысы әрі ысырып қойып, қоғамға масыл болмау жолдарын ойластырса «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған мақсаттар мен міндеттерге соғұрлым тезірек жетеріміз анық.
Қазір елімізде әркімнің қолынан келетін жұмыспен айналысуына толық мүмкіндіктер бар. Біз бәріміз оны тиімді түрде пайдалана білуіміз керек дегім келеді жеке кәсіппен айналысуды мақсат еткен барша қарапайым жандарға.
Бағила КҮЗБАЕВА,
құс өсіруші.
Батыс Қазақстан облысы,
Шыңғырлау ауданы.