Коронавирус • 30 Қараша, 2020

Өңі өзгерген өңірлер: Елімізде эпидемиялық ахуал қиындап барады

1005 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаман індеттің жайылуы қарқын алып келеді. 27 қарашадағы жағдай бо­йынша еліміз «сары аймақта», яғни орташа қауіпті аймақта тұр. Ал ахуал тым күрделеніп, «қызыл аймаққа» енген өңірлеріміздің саны бесеуге жетті. Қазанмен салыстырғанда қарашада індетке шалдыққандар 3,7 есе өскен. Қазақстандағы барлық ауру жұқтыру жағдайының 70 пайызы «қызыл аймақта» тұрған өңірлерге тиесілі.

Өңі өзгерген өңірлер: Елімізде эпидемиялық ахуал қиындап барады

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, елімізде эпидемиялық жағдай қиындап барады. Өткен аптамен салыстырғанда 3 өңір «сары аймақтан» «қызыл аймаққа» көшті. Бұл – Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстары. Бұған дейін Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында қатаң шектеу шаралары енгізіліп, «қызыл аймаққа» енген. Сондай-ақ Алматы қаласы «сары аймаққа» қосылды. Қалған өңірлер – «жасыл аймақта».

Өңірлердегі эпидемиялық ахуалды ескере отырып, бү­гінде аймақ әкімдері қоғамдық тамақ­тану орындарына келу­шілердің санын шектеу, кәсіпкерлік және өзге де қызмет объектілерінің жұ­мыс кестесін қысқарту, демалыс күндері қоғамдық орындардың жұмысын және көлік қозғалысын тоқтату сияқты қатаң шаралар қабылдады.

Еліміздің тұс-тұсындағы ін­деттің таралу көрсеткішінің күрт өсуіне сәйкес карантин талаптары да қатаңдатылып жатыр. «Бұл қарқын бәсеңдемей, ахуал оңа­лмайтын болса, Қазақстан бойынша қатаң карантин шаралары енгізіле ме?» деген қауіптің бар екені рас.

«Апта сайын мәліметтерді зерт­теп, алдағы кезеңдерге де бол­жам жасап жатырмыз. Қазір көріп отырғанымыздай, Қазақ­станда карантин шараларын жел­­тоқ­сан немесе қаңтар айларында енгізу мәселесі жағдайды қаншалықты бақы­­лауда ұстай алатынымызға байланыс­ты болады. Қазір коронавирус өршіген кейбір өңірде жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Мәселен, Шығыс Қазақстанда жағдай реттеліп, жұқтыру деңгейінің төмендеу үрдісін бақылаудамыз. Ең бастысы, жағдайды бақылауда ұстау. Қазір инфекциялық ауру­ханалар 22 пайызға, жансақтау орындары 17 пайызға жүктелген. Яғни резерв бар. Сондықтан қазір уайымдаудың қажеті жоқ. Бәрі бақылауда», дейді А.Цой.

Министрдің айтуынша, елімізде
15 мыңға жуық инфекциялық төсектік
орын дайын. Карантиндік стационарларда
6 886 орын бар, республика бо­йын­ша оның тек 3,8 пайызында пациент жа­тыр. Қажет болған жағдайда 51 мың­­ға дейін орын әзір­ленеді. Сондай-ақ вирус­ты анық­тайтын тестілеудің қуаты тәулі­гіне 90 мың­ға жетті. Күн сайын зертханаларда 40 мыңға дейін тест жасалады. Осылайша, зертханалардың резервтік қуаты 50 мың зерттеуге жетті, яғни қазақстандықтарға ПТР-тест қолжетімді. Бүгінде елімізде 4 млн-нан аса ПТР-тест жүргізілді.

29 қарашадағы мәлімет бойын­ша өткен тәулікте Қа­зақстанда 826 адам­ның індет жұқтырғаны анық­талып, жалпы бұл ауруға шалдыққандар саны 130 865-ке жеткен. Оның ішінде сол күні 143 адамның ауру­дан жазылғаны, жалпы осы уақытқа дейін 116 187 адамның емделгені мәлім болды.

Сондай-ақ өткен тәулікте ко­ронавирус белгілері бар пневмонияның 164 жағда­йы және 3 өлім жағдайы тір­­келді, 72 адам емде­ліп шықты. 1 та­мыздан бері мұн­дай пневмониямен 42 104 адам ауырып, 443 өлім жағ­да­йы тіркелді, ал жазылып кеткен­дері – 30 494.

Ел арасында індеттің екінші тол­қыны балаларға қатты тиеді екен деген сөз­дің тарағаны белгілі. Бұл ретте ата-аналарды бала­ларының қауіпсіздігі алаң­дататыны сөзсіз. Оқу жы­лы басталғалы бері 1 741 оқу­шы коронавирус ин­фек­ция­сын жұқ­тыр­ғаны анық­талды. Оның
482-сі немесе он­лайн режім-­
­де оқитын оқу­­­шылардың 0,05%-ы кезекші сыныптарда оқи­тын оқушылар арасынан тір­келді. 1 259 жағ­дай қа­шықтан оқитын ба­лалар ара­сында анықталып отыр. Соңғы апта ішінде 12 өңір­де кезекші сыныптар­да оқи­тын оқушылар арасынан 129 жағдай расталған. Қыркүйектің басынан бері 165 мектеп карантинге жабылды. Бүгінде 66 мектеп – карантинде. Әдетте індет анықталған жағдайда мектеп 14 күнге карантинге жа­былады.

Түрі жаман індеттің бе­тін қай­таратын бірден-бір амал вакцина тауып, тезі­рек қолданысқа енгізу еке­ні анық. Қазір көп­шілік көр­­ші Ресейдің вакцинасын сатып алу жөнінде жиі сөз қозғап жүр. Бұл ретте «Қа­зақстандықтардың вак­ци­наның басқа да түрлерін таң­дауына мүм­кіндігі бола ма?» деген сауал мазалайды?

«Біз үнемі нарықта қол­жетімді вакциналарды із­дейміз. Тіркеуден кейін бі­рінші болып ресейлік вакцина шықты, сондықтан онда зерт­теу деңгейі өте жоғары. Мем­лекет басшысының Қа­зақ­станда осындай зауыт пен өндірістік қуат­тар салу мәселесін пы­сық­тауды тапсырғаны өте ма­ңызды. Бұл вакцинаның қол­жетімділігін қамтама­сыз етуге ықпал етеді. Қа­­зір бұл мәселе тал­қы­ла­нып, өндіріске қолайлы алаң қарас­тырылуда. Бұл жұ­мыс істеп тұрған фар­ма­цев­тикалық зауыттардың жа­нынан ашылуы мүм­кін. Біз ресейлік әріптес­те­­рімізбен бірге елімізде вак­­цина өндірісін қолға алу мүм­кіндігін зерделеп жа­тыр­мыз. Ре­сей­лік вакци­на сынақтардың үшінші ке­зе­ңінде, алғашқы екі ке­зеңі сәтті өтті. Бірақ біз отан­­­дық вакцинамызға да үл­кен үміт артып отырмыз. Биыл желтоқсан айын­­­да клиникалық сынақ­тар­дың екінші кезеңі аяқ­та­лады. Сондай-ақ біз АҚШ, ДДҰ, қытайлық әріп­тес­терімізбен шетел­дік вак­ци­наларды жеткізу мә­се­­лесін пы­сық­таудамыз. Олар­­дың еліміздегі бар­лық қауіп­сіз­дік хаттамаларынан өтуі аса ма­ңызды. Барлық жет­кізушілерді на­рық­қа шы­­ғуға және қауіпсіздік пен са­­паны тексеру процеду­расынан өтіп, вак­цина­ны тір­кеуге шақырамыз. Әрине біз вак­циналардың барынша көп мөлшері қол­же­тімді болғанына мүдделіміз», деді министр.

Жалпы, «ауырып ем із­дегенше, ауыр­май­тын жол ізде» дегендей, кесапат ке­­сел­ге ұшырамау үшін сақтық шарала­рын барынша қатаң ұстанған жөн. Өкі­нішке қарай, халық әлі де маска тағуға, әлеумет­тік арақашықтық сақтауға сал­ғырт қарап жүр. Карантин шараларының сақталуын ба­қы­лайтын мобильді топтар ұдайы тек­серу жұмыстарын жүргізіп, күніне қан­шама қауіпсіздік талаптарының бұзыл­ғанын анықтап жатыр. Бұл, әрине эпи­демиялық ахуалдың күрт нашарлауын кү­шейтеді. Қазіргі қы­сылтаяң шақта аман­ды­ғы­мыздың амалы – індеттің ал­дын алу. Жақынымызға жанашыр болып, жама­нат індетті жуытпасақ, ашық-жарқын күндеріміз де оралады.