30 Қараша, 2013

Шырайлы Шымкенттен –арайлы Астанаға

355 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордамызда қарашаның 25-28 күндері аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының «Ән-шашуым өзіңе, мерейлі Астанам» атты мәдени күндері аясында «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің «Алақай, Балақай» қойылымы өтті.

«Оңтүстік-Цирк» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында 2011 жылдың 17 желтоқсан күні ашылды. Осы мерекелік оқиғаға орай Шымкент қаласына Ресейдің аты аңызға айналған Ю. Никулин атындағы цирктің жұлдыздары арнайы шақырумен өнер көрсеткен екен. Мекеменің алғашқы басшысы Сұлтан Срайылов болатын. Ашылған күннен жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан цирк осы уақыт аралығында үш маусымын ашып, үш бағдарлама қойылымын көрсетіп үлгерген. Әрбір жаңа маусымды облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі мектеп-интернаттарының, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан бүлдіршіндерге арналған тегін қайырымдылық қойылыммен ашуды дәстүрге айналдырған.

Ешбір цирк қойылымы иллюзиясыз өтпейтіні белгілі. Нақ осы жанр бойынша Сергей және Гузаль Мұстафиндер өнер көрсетті. Екінші бөлімде балалар асыға күткен өнерпаздармен қатар, жан-жануарлар да ортаға шықты. Қойылым соңында Олег Касаткин жетекшілігімен әуеде ұшқан өнерпаздар көрерменнің қошеметіне бөленді. Барлық қойылым бойы бүлдіршіндердің жүрегіне бірден жол тапқан Ержик және Маха атты сайқымазақтар өздерінің күлкілі іс-әрекеттерімен баурап алды.

Ерлан Шыңғысбеков, «Оң­түстік-Цирк» мемлекеттік ком­муналдық қазыналық кәсіп­орнының бас директоры міндетін атқарушы: «Бүгінгі Астана қала­сына сыйлап отырған бағдар­лама балалардың жазғы демалыс­ына орай «Алақай, Балақай!» деп аталған еді. Бұдан бөлек, бүгінде 2 бағдарлама тағы бар. Жалпы, циркке маман дайындау мақсатында Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің директоры Б. Нүсіпжановамен келіссөздер жүргізіп, оңтүстік өңіріндегі циркке қызығушылық танытқан 5 талантты талапкерді грантқа оқуға түсіруге мұрындық болдық. Келісім бойынша бұл студенттер оқу бітірген соң біздің циркте жұмыспен қамтылатын болады. Бұл іс-шара 2014 жылы да жалғасын табады», – деді.

Бұл ұжымның өнерпаздары 2012 жылы «Азия жаңғырығы», «Шабыт» халықаралық фести­вальдеріне, ал 2013 жылы ұлт­тық арна ұйымдастырған «Жұл­дызды сәт», «Хабар» арнасы ұйымдастырған «Аймақтар аламаны» тележобаларына қаты­сып, жүлделі орындарға ие бол­­­ған. Тәй-тәй басып келе жат­қа­нына қарамастан цирк ұжымы едәуір істерді тындырып жатыр. Бола­шақта талай-талай көрерменді қуа­нышқа кенелтетініне күмән жоқ.

Нұрзада КҮМІСБЕК,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар