Облыс орталығынан орын тепкен ерекше композиция жер шары түрінде жасалған. Ал, оның айналасында дәрігерлер, полиция қызметкерлері, еріктілер, құтқарушылар және әскерилер сияқты түрлі мамандық иелерінің бейнелері орнатылған. Ескерткіштің жоғарғы жағында еліміздегі бейбітшілік пен келісім құндылығын бейнелейтін қарлығаштармен қоршалған шаңырақ орналасқан. Монументтің ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.
«Ашаршылық, соғыс және қуғын-сүргін кезінде ата-бабаларымыз түрлі ұлт өкілдеріне құшақ ашып, қолұшын созды. Сондағы халықтың бірлігі қиын кезеңдерді өткеруге көмектесті. Биылғы жыл бәріміз үшін ауыр болды. Бұл кезеңде де халқымыз өзінің ең жақсы қасиеттері – бірлік пен ынтымағынан тайған жоқ. Осы ескерткіште көрініс тапқан мамандық иелерінің күшімен біз жағдайды тұрақтандыра алдық. Бұл әсіресе өз денсаулығына төнген қауіпке қарамай күндіз-түні жұмыс істеген дәрігерлерге қатысты. Өкінішке қарай, біз олардың кейбірінен айырылып қалдық. Сондай-ақ, мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген еріктілер туралы да айрықша атап өткім келеді. Осындай жастарымыз бар кезде, біз ертеңгі күнге сеніммен қарай аламыз», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, ол «Biz birgemiz» монументінің орналасқан жерінің таңдалуы да тегін емес екенін, жақында ескерткіштің жанынан бірнеше медициналық мекемелердің бой көтеретінін атап өтті. Сонымен қатар, монументтің өзі Тараз қаласының көрікті жерлерінің біріне және шаһар тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналатынын жеткізді. Өз сөзінде облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек пандемия адамдардың бір-біріне көмектесу жолындағы берік бірлігін көрсеткенін айтты. «Біз, волонтерлар, облыс жастары осындай сын сәтте шетте қала алмадық. Кәсіпкерлердің қолдауымен мұқтаж жандарға азық-түлік, дәрі-дәрмектер жеткіздік. Біз ол үшін ешкімнен ешқандай қайырым күтпейміз. Жалғыз ғана «Рахмет» деген қарапайым сөз бізді шабыттандырады», деді ол.
Ерлік пен елдіктің шежіресіндей болған «Biz birgemiz» монументін Тараз тұрғындары да қызыға тамашалауда. Облыс орталығында орналасқан ерекше ескерткіш ерлік пен еңбектің жырын болашаққа қарай жалғап тұратын алтын көпір болып қала бермек.