30 Қараша, 2013

Жақсыны көре білейік

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бала оқыту дегенімізді кім қалай түсінеді? Біз, ата-аналар оны мұғалімдердің мақсат-мұраты ортақ идеяға тоғысқан жағдайда ғана жүзеге асатын аса жауапты міндет деп білеміз.

Бала оқыту дегенімізді кім қалай түсінеді? Біз, ата-аналар оны мұғалімдердің мақсат-мұраты ортақ идеяға тоғысқан жағдайда ғана жүзеге асатын аса жауапты міндет деп білеміз.

«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмейік» – Абылай хан бабамыздың болашақ тек білімнің ғана шырағымен нұрлы боларына көзі жетіп отырып айтқан сөзі екен. Осыны қазір кім жоққа шығара алады. Барлық нәрсеге бүгінде білім керек. «Білімдіге – дүние кең». Америка, Германия, Франция, Жапония, Қытай, қайсыбірін айта берейік, білімнің соңына түскен балаларда бүгінде не арман бар, бүкіл әлемнің есігі айқара ашылып жатыр. Бұл мәселеде ата-аналарды да толғандыратын жайт аз емес. Баласының болашағына алаң­дамайтын, олардың өздері таңдаған жоғары оқу орнын бітіріп, білікті маман болуын армандамайтын ата-ана жоқ шығар, сірә. Ол үшін баланың алғашқы қадамына көп еңбек сіңіретін мектептің рөлі айрықша. Ендеше, жас санаға ең бірінші болып білім дәнін себетін «алтын ұя» туралы біз не білеміз, мұғалімдердің еңбегі қаншалықты бағалануда деген мәселелерге біздің, ата-аналардың да айтар ойы, алға тартар ұсыныстары жеткілікті.

Бүгінде Алматы қалалық білім беру мекемелері білім стандарттарын іске асыруда біраз шаруалар тындырып жатқанын білеміз. Мұндай жетістіктерге жанымыз марқаяды. Оның себебі, білім беру басқармасы бұл маңызды істі қалт жібермей қадағалап, қолдарынан келген көмектерін беріп жатса, Алматы қалалық әкімдігі де білім мен мұғалімдер мәселесіне біршама жақсы көңіл бөлуде. Атап айтқанда, Алматы қаласының оқушылары оқулықпен толық қамтамасыз етілген. 1-4-сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуде Алматы қаласы алғашқылардың қатарында тұрғаны қандай қуанышты жағдай. Қалалық әкімдік мектептердің материалдық-техникалық жаб­­дықтармен қамтамасыз етілуіне де ойда­ғыдай көңіл бөліп отырғаны байқалады. Барлық мектептердің химия, физика, биология кабинеттерімен, мультимедиямен жабдықталуы осының айғағы.

Жай қарапайым ата-аналар осыларды қайдан біледі деген сұрақ тууы мүмкін. Айтайын. Бала тәрбиелеп отырған ата-ана ретінде білім саласында болып жатқан әрбір жаңалықты қалт жібермей, қадағалап отырамын. Басқа өңірлердегі білім деңгейімен салыстырып, өзімше зерттеп, зерделеймін. Мектеп тек баланың ғана тәрбиесімен айналысатын жер деп ойлау қате, ол болашағына бейжай қарай алмайтын әрбір ата-ананың да ұдайы бас сұғып, тығыз байланыста жұмыс істейтін, бала жүрегіне жол табуға мүмкіндік туғызатын қасиетті орын. Алматы мұғалімдері үшін тағы бір жағымды жаңалықтың бірі – 2014 жылдан бастап қаланың үздік 1000 мұғаліміне қала әкімінің 50 пайыз үстеме ақы тағайындауды қолға алып жатқанын естіп қуанудамыз. Жалақыларына 35-50 мың теңге алатын ұстаздар үшін, бұл әрине, үлкен көмек. Жалпыға бірдей міндетті оқу жоспарына сәйкес, көпбалалы, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың балаларын асханадан тегін тамақтандыру қолға алынған, ай сайын мұндай оқушыларға кезектері бойынша материалдық көмек көрсетілсе, сонымен бірге, олар жаздық демалыс орындарымен қамтамасыз етіледі.

Әуезов ауданының байырғы тұрғындары­ның бірімін. Бүгінде мұндағы мектепте неме­релерім оқиды. Өзім де мұғалім маман­дығына жақын адаммын. Сол себепті де тіпті аудандық оқу бөлімінде пән бірлестігінің шығармашылық тобы құрылып, олар мектеп мұғалімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанынан, жас мамандарға тиісінше көмек көрсетіліп отыратынынан хабарым бар. Ауданда Абайды жете танып білу үшін барлық мектептерде «Абайтану» кабинеттері, бұрыштары ашылып, бүгінде Абай мұражайы аудан, қала балаларына қызмет көрсетіп тұр. Мұны немереммен өзім де аралап көрген жайым бар. Мені қанағаттандыратыны – мұғалімдер жеткен биігін місе тұтып, бір орында тоқтап қалып жатқан жоқ, мұны одан әрі жетілдіру мақсатында арнайы жоспар әзірлеп, жүйелі іске жүгініп отыр. Осындай жоспарлы жоба бойынша жақында ғана ауданның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бір топ мұғалімдері Абай мен Шәкәрімнің еліне барып, бабалар рухына тәу етіп қайтты. Сондай-ақ, ауданда оқушылар арасында көңілді тапқырлар клубы мен марафон сайыстарын өткізу дәстүрге айналған. Осы қызықты да мазмұнды сайыс­тарды жыл сайын оқушылардың асыға күтіп қатысатынын көзім көріп жүр. Тіпті, өзге ұлт өкілдері балаларының сол сайыстарда қазақша сайрағанын көргенде көңілің көкке көтеріліп қалатыны рас. Тағы бір үлгі тұтарлық нәрсе – аудандағы бастауыш сынып оқушылары да ғылыми жобаларға қатысып, жап-жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

Жанар ЫСҚАҚ.

АЛМАТЫ.