Жиынды ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев жиынның Ассамблеяның 25 жылдығы аясында өтіп отырғанын айтты.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрып, дамытудағы қайраткерлік тұлғасы мен тарихи миссиясы еліміздің қарыштап қадам басуына зор ықпал етті. Қазақстанның отыз жылдық жаңаша тарихының әрбір кезеңінде Ұлт Көшбасшысының саяси қолтаңбасы айқын көрінеді. Елбасы Қазақстан халқын бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылдырып, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекені ретінде әлемге танытты, – деді.
Жансейіт Қансейітұлы Елбасының Ассамблея жұмысын бір ізге түсіріп, оның маңызын арттыра түсудегі еңбегіне де тоқталды.
– Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде тәуелсіздіктің бүкіл кезеңіндегі бірлік пен келісім саясатын сараптап берді. «Ассамблея азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамасына ие болып, достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім – Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық үлгісін одан ары жетілдірудің стратегиялық бағыттарын белгіледі. Тұңғыш Президент «Отанға деген сүйіспеншілігімізді үнемі қастерлеп отыру, оның тарихи тағдыры үшін ортақ жауапкершілігімізді нығайту» қажеттігін тапсырды, – деді Түймебаев.
Жиынға Елбасының жанында жүріп, саяси мектебінен өткен, өмірлік тәжірибесінен сабақ алған, сұхбат құрған азаматтар да қатысты. Бұл орайда ҚР Президенті Архиві жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Борис Жапаров, Тұңғыш Президенттің 2001-2004 жылғы баспасөз хатшысы Жанай Омаров, «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зиятдин Касанов, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Уйғуравази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ершат Асметовтарды ерекше атап өтуге болады.
Қатысушылар Елбасымен кездескен естеліктерімен бөлісіп, ой өрбітті.
Сұқбат-кездесуден кейін қатысушылар «Нұрсұлтан Назарбаев: әлемдік ауқымдағы саясаткер» атты халықаралық онлайн конференциясына қосылды. Конференция мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің зайырлы мемлекеттің негізін қалап, болашағын қалыптастырудағы тарихи рөлін айшықтау, елдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтау саясатын насихаттау, азаматтық, патриоттық құндылықтарды дәріптеу.