30 Қараша, 2013

Анатолий СПИЦЫН: «Назарбаевтың ел дамуындағы еңбегі ерекше»

124 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында экономика ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының профессоры, Ресей Жара­тылыстану ғылымдары академиясының академигі Анатолий Спицын мемлекеттік мереке – Қазақстан Респуб­лика­сының Тұңғыш Президенті күніне орай «Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік экономиканың жаңа моделінің қалыптасуындағы және қоғамды әлеуметтік жаңғыртудағы стратегиялық бастамалары» тақырыбында магистранттар мен докторанттарға, профессорлық-оқытушылар құрамына дәріс оқыды.

Кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында экономика ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының профессоры, Ресей Жара­тылыстану ғылымдары академиясының академигі Анатолий Спицын мемлекеттік мереке – Қазақстан Респуб­лика­сының Тұңғыш Президенті күніне орай «Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік экономиканың жаңа моделінің қалыптасуындағы және қоғамды әлеуметтік жаңғыртудағы стратегиялық бастамалары» тақырыбында магистранттар мен докторанттарға, профессорлық-оқытушылар құрамына дәріс оқыды.

Дәріс басталардан бұрын академия ректоры Болатбек Әбдірәсілов Ресейден келген ғалымды тыңдаушыларға таныстырып, оның ғылымның дамуына қосқан үлесі жайында тәптіштеп айтып берді. Содан кейін сөз кезегін Анатолий Спицынға ұсынды.

Өз ғұмырының 25 жылын, жастығы мен азаматтық қалыптасу кезеңдерін Қазақстанмен байланыстырған ғалым әуелі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тұралаған экономика, дағдарыс пен тоқыраудан сең соққан балықтай сансыраған халықты көзі көргенін, ал осы тығырықтан елдің қандай абыроймен шыққанын айтып өтті. «Қазақ халқы ұлы халық, бойына адамгершілік пен мейірім, бауырға тарта білу сынды қасиеттерді жинаған осындай ұлы халыққа ұлы президент лайық. Оның тек өз халқына ғана емес, сонымен бірге, шетелдерде де жоғары беделі бар, қазіргі саясаткерлердің арасындағы сөзсіз жарқын тұлға», деген ғалым нарықтық сипаттағы экономиканы қалыптастыруда қайта құрылымдауды табысты жүзеге асырудағы Назарбаев рөліне айрықша тоқталды. Сондай-ақ, ол Назарбаевтың сонау 90-шы жылдары көрегендікпен айтқан бастамаларының бүгінгі күні қалай орындалып отырғанына мән беріп, әлемдік интеграциялану үдерісінде де Қазақстанның әрқашан өз биігінен көрініп келе жатқанына ризашылығын жеткізді. Посткеңестік кезеңде бұрынғы одақтастар ірі «геосаяси апатты» – Кеңестер Одағының ыдырағанын бастан кешіп жатқанда, Назарбаевтың өңірлік интеграцияның негізгі қағидаттарын ашып көрсетіп беруін немен өлшеуге болады, дей келе, ғалым әлемдік тарихтың дамуында кемеңгерлікпен болашақты көре білу қасиетінің екінің бірінің маңдайына жазылмайтынын атап көрсетті. Ал Президент Назарбаевтың стратегиялық бастамаларының құндылығы оның саясаткер-прагматик ретінде болашақты алдын ала сезінуінде ғана емес, оның ірі стратег және ғалым, жаңа өркениеттік мән-мағынаны терең түсінетін кемеңгерлік қасиеттерінде жатыр, деді А.Спицын.

Қазақстанның нарықтық экономикада жеткен табыстары әлемдік ғылыми ортаның назарына ілігіп, көптеген пікірталастар туғызуда. Президент Назарбаевтың «жауапкершіліктегі батылдығы» бүгінгі әлемдік экономика үшін де қажет. Ол әлемдік саясаткерлер арасынан алғашқы болып, дүниежүзілік қоғамдастыққа бүгінгі қаржылық құрылымның әділетсіздігі мен осалдығын ашып айтып, осы маңызды мәселеде біріге жолдар іздестіру қажеттігін ашық жеткізді. Әлемдік валюта есебінде қандайда бір жеке елдің ақшасын алудың қателік екенін көрсеткен Назарбаев бұл ретте әлемге ортақ заңмен қабылданатын жаңа валюта қажеттігін көлденең тартты. Бұл жүректілік пен көрегендік, деді ресейлік ғалым.

Кезінде, 20 жыл бұрын Назарбаев айтқан интеграциялану үдерісіне күле қарағандар, оның бүгін сол айтқанының қажеттілік екендігін мойындауда, деген А.Спицын планетадағы адамзат алдында тұрған жаңа проблемалар мен ықтимал қатерлердің алдын алудағы Назарбаев ұстанып отырған бағыттың Жер шары болашағы үшін қажеттігіне тоқталды. ХХІ ғасырда адамзат баласы бұрын-соңды болмаған жаңа жүйедегі проблемамен бетпе-бет келуде. Ол – энергетикалық, экологиялық, азық-түлік тапшылығы сынды ірі-ірі мәселелердің туындауы. Осы сәтте Қазақстан Президентінің энергоэкологиялық стратегиясы алдымыздағы болашақ үшін, жалпы планета тұрғындары үшін қажет. Өйткені, қазір осы бастама бағытындағы жұмыс дамымаса, енді бір 50 жылда адамзат баласы аса ірі қиындықтарға душар болады, деді ол ойын сабақтай түсіп.

Сөз жоқ, Президент Назарбаевтың тұлғасы Қазақстан сынды мемлекетті алысқа да, жақынға да танытты. Оның бүгін мен болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарастары, байламдары, терең философиялық пайымдаулары елдің саяси жүйесінің эволюциясының маңызды элементі болып табылады. Елдегі тұрақтылық, экономикалық даму, халықтың ауызбірлігі Путин сынды саясаткердің аузына: «Бүгінгі Қазақстан әлемге конфессияаралық, ұлтаралық үндестіктің тамаша үлгісі» деген сөзді салды, деген ресейлік ғалым елорданың Арқа төсіне көшуі, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы мен оның конституциялық мәртебеге ие болуы сынды мәселелердің ел дамуындағы рөліне тоқталып өтті. Әрине, осының барлығын Назарбаевсыз елестету тіпті де мүмкін емес, деп аяқтады ол өзінің дәрісін.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».