ХХ ғасырдың ұлы оқиғасы II Дүниежүзілік соғыстың қасіреті әрбір халықтың және жекелеген мемлекеттердің, адамзат дамуының тарихына әсері мен салдарына қатысты тарихшылар тұжырымдары осы жиында тоғысты. Институт директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов бастап берген жиын ары қарай ғалымдардың зерттеулерімен жалғасып, Ресей, Белоруссия, Украина, Эстония, Қырғызстан және еліміз өңірлерінен қатысқан тарихшы-ғалымдар баяндамалар жасады.
Екінші дүниежүзілік соғыс туралы деректер қазіргі таңда пікірталастар алаңындағы маңызды тақырыпқа айналып отыр. Әсіресе, соғыстан кейінгі 75 жылда бұл мәселенің өзектілігі арта түскен. 1939-1945 жылдар қазақ халқы үшін қасіретті әрі қаһармандыққа толы кезең болды десек, осы тұста республиканың барлық материалдық және адами қоры майдан қажетіне жұмылдырылды. Соғыс кезінде Қызыл әскердің жауынгерлер саны 35 млн-ға жетсе, олардың басым бөлігін орыс ұлтының өкілдері құрады. Көпұлтты армия 1,8 млн. қазақтар, 4,4 млн. украиндар, 1 млн-нан астам белорустар, өзбектер, қырғыздар, түркімен, тәжік және басқа Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген ұлт өкілдерінен құралды.
Соғыс уақытында Қазақстан тұрғындарының 18–50 жас аралығындағы ер-азаматтарының 70 пайызы жаппай әскер қатарында алынды. Шын мәнінде республика тұрғындарының әрбір төртіншісі жауынгерлік сапта болды. Жау қолында қалған аумақта 88 млн. адам тұрғанын есепке алсақ, әскер мен еңбек ресурстарын қалыптастырудың ауыр салмағы негізінен шығыс аймақтарға, соның ішінде Қазақстанға түскені анық еді.
1941 жылдың жазы мен күзінде Қазақстан территориясында ірі әскери құрамалар мен жекелеген бөлімдер құрыла бастады. Оның ішінде 316-ші атқыштар дивизиясы – 8-ші И.В. Панфилов атындағы гвардиялық атқыштар дивизиясы), 38-ші Алматыдағы атқыштар дивизиясы, Ақмола, Петропавл, Семей, Жамбыл және тағы да басқа қалаларда 310-ші, 314-ші, 29-ші, 238-ші атқыштар дивизизиялары 106, 105, 96-ші қазақ ұлттық кавалериялық дивизиялары, 100-ші және 101-ші жекелеген ұлттық атқыштар бригадалары құрылды. Соғыстың бастапқы кезінде кеңестік қарулы күштер қатарында 170 мыңнан астам қазақстандықтар болса, олардың көпшілігі батыс шекаралардағы бөлімдерде, соның ішінде Брест гарнизонында болды.
Соғыс уақытында республиканың экономикасы майданға жұмылдырылды. Қазақстандықтар мен эвакуацияланған жұмысшылар күшінің арқасында жеңіс күні жақындады. Еңбек ресурстарының соғыс кезіндегі ерекше бөлігін арнайы жер ауып келгендер құрады. Республикада 30-шы жылдары Ресей және Украина облыстарынан 180 мың жер аударылған кулактар, 1937 жылы Қиыр Шығыстан депортацияланған корейлер, Түркімен және Кавказ маңы шекаралық аудандарынан күрдтер, парсылар орналастырылды. Ал, 1940 жылы Қазақстанда 104 мың поляктар, батыс Белоруссия, Украина, Балтық жағалауы елдерінің, сондай-ақ Молдавия азаматтары болды. 1941 жылдың күзінде республикаға Еділ аумағынан 374 мың немістер депортацияланды. Олардың еңбекке жарамды бөлігі жабық еңбек колонияларында (лагер тәртібіндегі) орналастырылып, қораныс нысандары, құрылыс пен өнеркәсіпте еңбек етті.
Республикаға 1 200 млн адамның бір кезеңде тоғытылуы онсыз да Қызыл әскерді қамтамасыз етіп жатқан қазақ халқына ауыр соққы болып тиді. Осындай қиындықтарға қарамастан, Қазақстанға депортацияланған барлық халықтардың аман-сау қалып, өз тілдері мен салт-дәстүрлерін сақтап қалуына жағдай жасалды. Қазіргі кезде Қазақстанда 130 астам этнос өкілдері бейбіт өмір сүруде. Олардың әрқайсысы өз этникалық ерекшеліктерін, мәдениеті мен тілін сақтауға, балаларын ана тілінде оқытуға, ұлттық театрларына баруына, газеттер мен кітаптар шығаруға толық мүмкіндік алып, жағдайы жасалып отыр.
Профессор А.Қапаева «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» баяндамасында ғасырлар бойы қазақтардың тарихи жерінде әртүрлі мәдениеттер, діндер мен дәстүрлердің тасымалдаушысы ретінде көптеген халықтардың тағдыры тоғысқандығын атап өтті. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының екінші жартысынан бастап адамдарды этникалық белгілері бойынша күштеп көшіру саясаты жүргізіле бастады. Қиыр Шығыстан – корейлер, Оңтүстік шекаралардан – ассириялықтар, күрдтер, ирандықтар, түріктер (1937-1938), Батыс шекаралардан – поляктар (1940), Еділден – немістер (1941), Солтүстік Кавказдан – қарашайлар, балқарлар мен шешендер (1944) өздерінің туған және тұратын жерлерінен мәжбүрлеп шығарылды. Бұрынғы КСРО-ның 40-тан астам халқы күштеп жер аударылды. 1948 жылғы 1 қаңтарға Қазақстанға жер аударылғандардың жалпы саны 781 170 адамды (216 802 отбасы) құрады. Қазіргі кезге дейін Қазақстанға қоныс аударған халықтарды бейімдеу, жергілікті халықпен өзара қарым-қатынасы мен оңалту мәселелерін зерттеу ісі тарихшы-ғалымдардың басты назарында келеді. Осы жиында украиналық ғалым С.Борчук украиндықтарды, сондай-ақ Қырым татарларын, немістерді, армяндарды Украина аумағынан депортациялау туралы энциклопедиялық басылымдардың материалдарын талдап, депортацияның құқықтық қырларын, азаматтарды мәжбүрлеп көшірудің экономикалық құрамдас бөліктерін, депортациялық шараларының демографиялық және әлеуметтік салдарын жариялау қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Тарту университетінің докторанты М.Ойнас Қазақстан мен Эстониядағы эстондықтардың 1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырау саясатына шолу жасап, 1941 жылғы маусым мен 1949 жылғы наурыздағы Эстониядан депортациялаудың белгілі екі толқынынан басқа, «Үлкен террор» жылдарында КСРО-дағы эстондықтарға қарсы НКВД-ның кең ауқымды шаралары туралы мәліметтерге тоқталды. Профессор Л.Ахметова панфиловшылар тарихына қатысты жаңа архив деректерімен таныстырып өтсе, Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры А.Жанбосинова «Ұлы Отан соғысы: тарихи есте сақтаудың қазақстандық бағыты» баяндамасында посткеңестік кеңістіктегі мәдени ескерткіштерді Қазақстан мысалында сараптап, қасіретті соғысқа арналған қазіргі заман ескерткіштерін қалыптастыру тәжірибесіне тоқталды.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының бас сарапшысы М. Жылгелдинов ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстанның әскери тұтқындары туралы, тұтқынға түскен адамдардың аттарын және олардың болашақ тағдырларын анықтау үшін архив жүргізіп жатқан жұмыс туралы баяндама ұсынды. Жоба бойынша бес жыл ішінде мұрағат 36019 әскери тұтқындардың аттарын анықтап, қазіргі кезде бұл атауларды электронды базаға енгізуде. Президент әкімшілігінің бас сарапшысы Е.Чиликова депортациялау бойынша мұрағаттық құжаттар және Президент мұрағаты шығарған құжаттық жинақтар туралы, атап айтқанда поляктарды, немістерді, финдерді, гректерді, итальяндықтарды, қалмақтарды, қарашайларды, шешендерді, ингуштарды, балқарларды, Қырым татарларын, түріктерді, күрдтерді және армяндарды депортациялау туралы құжаттар жарияланған «1939-1945 жж. депортациялау тарихынан» жинағы туралы айтып берді.
Конференцияда «Қазақстан халқы «интерактивті ғылыми-тарихи картасы» сараптамалық зерттеу, өзектендіру және ақпараттық қолдау» ғылыми-зерттеу жобасының модераторы, институттың бас ғылыми қызметкері, «Ғылым ордасы» ғылыми кадрларды дайындау орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, ассоциацияланған профессор А.Уалтаева Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, География институты, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты ғалымдарының картамен жұмысының 2017 жылы басталғандығын атап өтті. Осының нәтижесінде алынған деректерді визуализациялау және мультимедиялық көрсету арқылы деректерді жүйелеу және жіктеу негізінде 16 тақырыптық карта жасалған. Сондай-ақ Қазақстанда тұратын 33 этностың тарихы мен мәдениеті бойынша үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) тарихи мәліметтер енгізілді. Ал, 2018 жылы интерактивті ғылыми-тарихи карта бөлімдері 3 этникалық топтармен (гагауздар, арабтар, құмықтар) бойынша үш тілде жаңа материалдармен толықтырылды. 2019 жылы мұрағат материалдарын анықтау және зерттеу жұмысы, «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми-тарихи картасының аймақтарда ақпараттық таралуын қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді, нәтижесінде – тарихи карталар Қазақстанда тұратын тағы 15 этнос бойынша жаңа мазмұнмен толықтырылды. Ғалымдар азшылықтағы этностар бойынша материал жинау және Нұр-сұлтан, Қарағанды, Өскемен, Петропавл және Мәскеу қалаларындағы архивтерден құжаттарды іздеу бойынша, сонымен қатар интерактивті ғылыми тарихи картаны таныстыру мақсатында ғылыми іссапарларға барды. Картаның ауқымды ақпараттық қоры болашақта тарихи кезеңдер бойынша ақпаратты бір дерекқорға жүйелеуді және жинауды қамтамасыз етеді. Мұны жүзеге асыру үшін дерекқордың мазмұнын түрлендіруге арналған бірыңғай мәліметтер базасы және бағдарламалық-техникалық құрал болуы керек. Сонымен қатар ғалым «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы этнос өкілдері мен этникалық үдерістердің биылғы жылғы зерттеулерімен таныстырды. Карта бойынша тарих ғылымдарының докторы А.Құдайбергенова, С.Асанова және де алыс-жақын шетелдердің ғалымдары баяндама жасады.
Картаның ауқымды ақпараттық ресурстары болашақта тарихи кезеңдер бойынша ақпаратты бір дерекқорға жүйелеуді және жинауды қамтамасыз етеді. Мұны жүзеге асыру үшін дерекқордың мазмұнын түрлендіруге арналған бірыңғай мәліметтер базасы және бағдарламалық-техникалық құрал болуы керек.