“Нұр Отан” партиясының көшбасшылық қызметін жандандырудың негізі бастауыш партия ұйымдары жұмысын әртараптандырып, іс жүйесін қалыптастыру болып табылады. Бұл бойынша партия іргетасы саналатын бастауыш ұйымдарды қолдаудың тиімділігі көп. “Нұр Отан” ХДП Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен бастауыш партия ұйымдары төрағаларының аймақтық форумында осы тиімділік тағы бір қырынан айғақталды.
Форум жұмысы екі бағытта жүрді. Алғашқысы “Ремпассажирвагон” ЖШС-нің вагон құрастыру цехында жұмысшылармен жүздесуден басталды. Жолдау жауапкершілігі мен оның мақсаттары туралы кең көлемді әңгіме болды. 500-дей жұмысшы қатысқан жүздесуде партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков, темір ұстасы Нұрбек Мейірманов, слесарь Асхат Тоғызбаев, серіктестік директорының орынбасары Бақберген Дәуренбеков ой-пікірлерін ортаға салды.
Ал, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет базасында “Бастауыш партия ұйымдарының саяси-қоғамдық жұмыстарының негізгі бағыттары мен үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп жұмыстар жүргізуді жақсарту жолдары”, “Бастауыш партия ұйымдарының еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудағы рөлі мен міндеттері” тақырыптарында екі секциялық жұмыс жүргізілді.
Мұнан кейін пленарлық мәжіліс басталды. Оны партияның облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Құбайбергенов жүргізіп отырды. Мәжілісте баяндама жасағандар секциялық жұмыстың мәнін, бастауыш партия ұйымдарының рөлін арттыру мен имиджін көтеру жайын сөз етті. Сондай-ақ, форумның жеті ұсынысы қабылданды.
Бұған дейін “Ең үздік бастауыш партия ұйымы” байқауы өткізілген болатын. Байқау жеңімпаздары алқалы жиын барысында бағалы сыйлықтар алды.
Түстен кейін форумға қатысушылар өзара тәжірибе алмасты және үлгілі ұйымдар жұмысымен танысты.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.