Биыл аты аңызға айналған атақты композитордың туғанына 90 жыл толуына орай, жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасының аясында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Шәмші-ғұмыр» атты еске алу кеші өтті. Кешке елімізге танымал эстрада әншілері қатысып, концерт залының фойесінде келушілер үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолөнершілердің кітаптары мен бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды. Ал кеш барысында жүргізушілер жиналғандарға еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.
Жалпы, Шәмші Қалдаяқов тағдыры күрделі тұлға. Осы орайда композитордың өмірінен көпшілік біле бермейтін сахналық көріністер қойылды. Мәселен, Шәмшінің анасы Сақыпжамалмен кездесуі, ананың перзентіне деген ақ тілегі көрерменді ғажап әсерге бөледі. Сонымен қатар жаңбырлы күндердің бірінде Сағыныш есімді арумен танысқан көрінісі де нанымды шықты. Кеш барысында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасынан үзінді сахналады. Мұнда да Шәмші ғашық болған сыған қызы Изольда бейнесі жарқырап көрінді. Бағдат Сәмединова, Сәкен Майғазиев, Досымжан Таңатаров, Гүлмира Ақүрпекова, Саят Медеуов, Айгүл Мақашева, Кенжебек Жанәбілов және елімізге белгілі өзге де өнер шеберлері композитордың әндерін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері де өнер көрсетті. Кеш соңында өнерпаздардың қатысуымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұран орындалды. Жалпы, Шәмші Қалдаяқов әсем әндерімен қатар, еліміздің Әнұранның авторы ретінде де көпшілікке белгілі. Кеш соңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, Шәмші әлемі туралы әңгімеледі. «Ұлы маэстро туралы естеліктер оның әрбір өлмес туындыларымен бірге өмір сүреді. Оның әндерін кәрі де, жас та сүйіп тыңдайды. Оларды тыңдай отырып, біздің жанымыз ерекше күй кешеді. Композитордан қалған рухани мұралар халқымыз үшін ерекше құнды десек, артық айтпағандық. Біз оның еңбектерін одан әрі насихаттай беруіміз керек. Келесі жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы Халықаралық байқау өткізуді жоспарлап отырмыз», деді ол. Өз сөзінде композитордың қарындасы Райхан Қалдаяқова «Ағам бала кезінен музыкаға өте жақын болды. Оның әндерін бірнеше буын ұрпақ шын ынтызарлықпен шырқауда. Біздің халқымыз оның әндерін ықыласпен тыңдап, шырқап жатса, ағамның есімі ешқашан өшпек емес. Бүгінгі концертті ұйымдастырғандарға, барлық қатысушыларға алғыс айтқым келеді», деп өз әсерімен бөлісті.
Жамбыл облысы