Қоғам • 01 Желтоқсан, 2020

Түркістан облысында әдепсіз әкімдердің жауапкершілігі қаралды

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте бірқатар лауазымдық тұлғалардың тәртіптік ісі қаралып, жауапкершілікке тарту бойынша тиісті ұсыныстар енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістан облысында әдепсіз әкімдердің жауапкершілігі қаралды

Мәселен, Ордабасы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мұң-мұқтажын айтып келген азаматқа дөрекілік танытқан. Оның әдепсіз әрекеті бейнежезбаға түсірілген. Әдеп кодексінің талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық танытуы тиіс. Кеңестің шешімімен аталған лауазымды тұлғаға "Қызметіне толық сәйкес еместігі" түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Сондай-ақ дәл осындай тәртіптік жаза қолдану Түлкібас ауданы Ақбиік ауылдық округінің әкіміне де ұсынылды. Сайрам ауданы тұрғынының арызына сәйкес, аталған лауазымды тұлғаның түнгі уақытта арыз иесінің үйіне барып, тоқтаусыз қоңырау шалғаны, есікті ашуды талап етіп, тыныштықты бұзғандығы анықталды. Мақтаарал ауданы Мақтаарал ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы азаматқа да  "Қызметіне толық сәйкес еместігі" түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Ол өзінің қызметтік міндеттерін атқару барысында Әдеп кодексінің тармақшаларындағы жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын және еліміздің заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтамаған.

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Шілманов мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халықпен жіті бақыланып отыратындықтан жұмыс уақытында, қызметтен тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық пен теріс қылықтарға жол бермеу керектігін атап өтті.