Үкімет • 02 Желтоқсан, 2020

А. Мамин: Біздің міндетіміз — мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта құру

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау мәселелері қаралды.

А. Мамин: Біздің міндетіміз — мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта құру

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, сондай-ақ «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева баяндама жасады.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау – мемлекет баса көңіл аударатын өте маңызды мәселе. Біздің міндетіміз – мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта құру», — деді А. Мамин.

«Nur Otan» партиясының жаңа бағдарламасына сәйкес алдағы 5 жылда жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесі 30%-ға өсуі тиіс және де олар медициналық оңалтумен 100% қамтылады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанда 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар іске асырылып жатыр, ол 64 кешенді іс-шарадан тұрады. Биыл мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыруға 448 млрд теңге жұмсалды, бұл өткен жылғыдан 12%-ға көп. Тұңғыш рет мүгедектер арбаларын жасайтын отандық өндіріс іске қосылды, бұл аталған арбаға мұқтаж адамдарды бес жыл ішінде толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын кәсіптер мен жұмыстар анықтамалығы әзірленіп жатыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды медициналық оңалтумен қамту үлесі биыл 60%-ға дейін, 2021 жылы 75%-ға дейін арттырылады. Көлік саласында оны мүмкіндігі шектеулі жандар пайдалана алуы үшін елеулі жұмыс атқарылды. Жол жүру үшін жеңілдікті жағдайлар жасалды. Вокзалдардың 93%-ы мүгедектерге қызмет көрсету талаптарына сәйкес келеді. Барлық жолаушылар пойыздары 100% мүгедек арбаларымен жабдықталған. Үкімет басшысы жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 100% кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды. Әкімдіктерге мүмкіндіктері шектеулі жандарды Әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы оңалту құралдарын алу дағдыларына оқытуды жандандыру, Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, Жұмыспен қамту орталықтары мен ХҚКО-ларда мүгедек адамдар үшін өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын ұлғайту тапсырылды.

Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектіктің алдын алу үшін сырқаттарға диагностиканы ерте жүргізуге көңіл бөле отырып, мүгедектерге оңалту көмегін күшейту, салынып жатқан барлық оңалту орталықтарын уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Үкімет басшысы Білім министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, келесі жылы балаларды инклюзивті біліммен қамтуды 50%-ға дейін кеңейтуді, білім беру бағдарламаларының мазмұнын және педагогтарды даярлауды өзектендіруді, түзету кабинеттері желісін және психологиялық-медициналық және педагогикалық комиссиялардың қызметін кеңейтуді тапсырды. Индустрия министрлігіне мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, вокзалдарды жаңғыртуды аяқтау және қоғамдық автобус паркін мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету талаптарына толық сәйкестендіру тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше