Биыл аталған кәсіпорын 1 млн 450 мың тонна көмір өндірді. Осы қуанышты сәтке байланысты, қажетті көлемге қол жеткізген бригаданы жер бетінде салтанатты жағдайда қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің өндіріс жөніндегі директоры Сергей Огай мұндай жетістіктің ұжымның ерен еңбегі арқасында мүмкін болғанын айтады.
– Ай сайын, жыл бойы шахта жоспарды орындайды және тұрақты жұмыс істеп келеді. Қарқынның төмендемеуін тілеймін, – деді ол кеншілерді табысымен құттықтап тұрып.
Айта кететін бір жайт, биыл Ленин атындағы шахтада «Абай» шахтасының кеншілері де жұмыс істеді. Қазір олар өздерінің кәсіпорнына оралған.
Ленин атындағы шахтаның өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Жақсыбай Бейсембаев өндіру бойынша жылдық бизнес-жоспарды мерзімінен бұрын орындаудың оңай болмағанын атап өтті.
– Барлық қиындықтарға қарамастан, біз өндіру бойынша жылдық бизнес-жоспарды мерзімінен бұрын орындай алдық. Жыл бойы бізде екі лава жұмыс істеді. Өндірістік тапсырманы орындауда кәсіпорынның барлық учаскелері еңбек етті, – деді Ж.Бейсембаев.
Қарағанды облысы