Оқиға • 03 Желтоқсан, 2020

Құрыш шыңдалған қаладағы кездесу

164 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, маңызды мереке лайықты деңгейде аталып өтті. Сондай игі іс-шараның бірі Тұңғыш Президент – Елбасының еңбек отаны Теміртау қаласында жоғары деңгейде өтті. Кездесуге Нұрсұлтан Назар­баев­тың серіктестері, этномәдени бірлестіктердің белсен­ді­лері, қоғам өкілдері қатысты. Эпидемиялық жағдайға байланысты қатысушылардың көпшілігі қашықтан онлайн режімінде байланыс­та болды. Ал құрметті қонақтардың біразы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында бас қосты.

Құрыш шыңдалған қаладағы кездесу

Тағылымы мол кездесуде сөз сөйлеген облыс әкімі Жеңіс Қа­сым­бек Тұңғыш Президент күні­нің барша қазақстандықтар үшін айту­лы мереке екенін ерекше атап өтті.

– Бірінші болу қашанда қиын, әрі орасан зор жауапкершілік. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазір­­гі заманғы жаңа мемлекеттің не­гізін қалаушы ғана емес, ол нағыз Елбасы Тәуел­сі­здігіміздің символына айналды. Хал­қымыз оған жаңа Қазақстанды жобалап, құруды сеніп тапсырды, – деді ол.

Сонымен қатар өңір басшы­сы тәуелсіздік жылдарында ұлт­тық дамудың табиғи жолын қал­пы­на келтіру, мәдениетіміз бен тарихымызды қайтару және сақтау үшін көп шаруа жасалғанын тілге тиек етті.

Бұл ретте Қазақстан этностық әралуандылықты артықшылыққа айналдыра отырып, өзінің ұлттық бірлігінің бірегей стандартын жасай алды. Бұл үдерісте Қазақстан халқы Ассамблеясының басты рөл атқарып отырғанына айрықша назар аударылды.

Кездесу барысында қонақтар облыс театрларының әртістері дайындаған Тәуелсіз мемлекеттің Елбасының басшылығымен қалып­тасуы мен дамуы туралы бейне­ро­лик­ті тамашалады.

Сонымен бірге Тұңғыш Пре­зид­енттің серіктестері есте­лік­те­рі­мен бөлісіп, жиналғандарға қы­зық­ты да мазмұнды оқиғаларды айтып берді. Теміртаудың Құр­мет­ті азаматы, металлург Қуаныш Омашев Елбасының металлургия өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі туралы пікірін білдірді.

Еңбек ардагері, Теміртаудың Құрметті азаматы Нина Вахитова Темір­таудың дамуын тікелей Елба­сының еңбегімен байланыстырады.

– Біз Нұрсұлтан Әбішұлының арқа­сында қаламыздың бола­ша­ғы бар деп есептейміз. Тұңғыш Прези­ден­тіміз әрқашан да адам­дар­ға деген ілтипатты көз­қа­ра­сы­мен ерек­шеленетін. Ол қазақ­с­тан­дық­тарға қамқорлық көрсе­туді, игі істер жасауды жалғас­ты­руда, – деп сыр ақтарды еңбек ардагері.

Кездесуде болашақ Тұңғыш Президент оқыған мектеп туралы бейнеролик көрсетіліп, Елба­сы­ның сыныптасы Күләш Әмірова мектептегі жылдар тура­лы қызық­ты естеліктер айтып берді.

Сондай-ақ кездесуге қатысқан балалар үйінің бұрынғы түлегі Бақытгүл Ғабдуллина өзінің өмірі­не тікелей қатысы бар жан тебі­рен­тер­лік оқиғаны баяндап берді. Басында баспанасы жоқ жетім қыз Елбасына хат жол­дап, көмек сұ­ра­ған екен.  Оның хаты назардан тыс қалмай, тұрғын үй мәселесі оңынан  шеші­ліпті. Бүгінгі күнде Бақытгүл Қаб­дул­ли­на тасы өрге до­ма­лаған кәсіпкер және бақытты ана.

– Бұл Тұңғыш Президенттің дана саясатының, бастамалары мен бағдарламаларының, сондай-ақ әрқайсысымыздың өмірімізге жанашырлық танытуының арқа­сын­да мүмкін болды. Бірінші жел­тоқсан мен үшін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­на деген құрмет пен алғыстың күні, – деп тебіренді Бақытгүл.

Мазмұнды және ғибратты жағ­дайда өрбіген басқосуда әр­түрлі мамандық иелері мен ұр­пақ өкіл­дері Елбасына арналған алғыс сөздерін айтты. Ұлытау ауда­нының жас ақыны Мұқағали Сейт­қазы да өз шығармасын осы тақы­рыпқа  арнады.

Кездесудің соңы  Жезқазған балабақшасы тәрбиеленушілерінің кешке жиылған қонақтарды мерекемен құттықтап, өлең оқып, сыйлықтар ұсынуымен түйінделді.

 

Қарағанды облысы