Саясат • 03 Желтоқсан, 2020

Агроөнеркәсіп кешенін толық цифрландыру саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырады

716 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Агроөнеркәсіп кешені мен жер қатынастарын цифрландыру және Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау мәселелері қаралды.

Агроөнеркәсіп кешенін толық цифрландыру саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ауыл шаруашылығы ақпараттық жүйеге енгізілуде

Бірінші мәселе бойынша баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешенді цифр­ландыру тәуекелдерді төмендетуге, кли­маттың өзгеруіне бейімделуге, ауыл ша­руашылығы дақылдарының түсімділігі мен малдың өнімділігін арттыруға, агротехнологияларды уақтылы жоспарлауға мүмкіндік беретінін айтты. Мәселен, бүгінде көрсетілетін мемлекеттік қызмет­тер­дің 94%-ы автоматтандырылды. Өт­кен жылмен салыстырғанда халыққа электронды форматта көрсетілген қыз­мет­тердің үлесі 34%-ға өсті. Ауыл шаруа­­шылығы министрі атап өткенд­ей, мұн­дай нәтижелерге салалық ақпарат­тық жү­йелерді жаңғырту арқылы қол жет­кізілді. «Қазақстан – «Ауыл шаруашы­лығы малын сәйкестендіру» ақпараттық жүйе­сіне деректер енгізе отырып, ауыл шаруашылығы малын есепке алу­дың бірыңғай жүйесін пайдаланатын Еуразия­лық экономикалық одақтағы алғашқы ел. Жүйеде 35 млн-нан астам ауыл шаруа­шылығы малы тіркелген, онда 4,5 мыңға жуық ветеринария мамандары жұмыс істейді», деді С.Омаров.

Сонымен қатар Plem.kz ақпараттық талдау жүйесінде жүргізілетін мал ша­руа­шылығындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты есепке алу бөлек цифрландырылды. 35 мыңға жуық пайдаланушы шығу тегін растау, селек­­циялық жұмыстар жүргізу және зоо­техникалық мәселелерді электрон­ды форматта регламенттеу мүмкін­дігіне ие болды. «E-Agriculture» бірың­ғай ав­томаттандырылған басқару жүйесі­нің функ­ционалы есебінен бизнес-процес­терді цифрландыру арқылы ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерге арналған рәсімдер едәуір жеңілдетілді.

Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ішкі және сыртқы саудадағы басқа да қатысушылардың мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ элек­тронды ілеспе құжаттарды алуға мүм­кіндігі бар. Сонымен қоса, өсім­дік шаруа­шылығында барлық 11 рұқсат беру құжаты цифрландырылды. Мал ша­руашылығы саласында 12 рұқ­сат беру құжатының 10-ы электрон­­ды форматқа ауыстырылды. Ауыл шаруа­шылығы техникасын тіркеу, дайындаушы ұйымдарды аккредиттеу процесі және шағын несиелерді кепілдендіру жөнін­дегі комиссияның жұмысы 100% авто­маттандырылды. Бүгінде бар­лық 16 бағыт бойынша субсидиялау 100% автоматтандырылды.

Бүгінгі таңда фермерлік шаруашы­лық­тарды цифрландыру деңгейлері анық­талды. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы бағыттарында нақты ауыл шаруашылығын енгізу жұмысы жүргізіліп, енді ол басқа жерлерге таратылуда. Өсімдік және мал шаруашылығы бағытында заманауи смарт-жүйелерді пайдалану оң нәтиже алуға мүмкіндік берді. Мәселен, нақты егіншілік бойынша қанатқақты нысандарда агрономияның жаңа технологияларын қолдану арқылы өнімді 20%-ға артық алуға мүмкіндік туды, бұл ретте фермер шығындары 15%-дан астам қысқарды.

Сондай-ақ заманауи жабдықтарды қолдану сауылатын сүт көлемінің 20%-дан астамға артуына әсер етті, бұзау саны 25%-ға өсті. Агроөнеркәсіптік кешендегі процестердің 5 жыл ішінде толықтай цифрландырылуы мынадай қосымша нәтиже береді: жалпы түсім 20%-ға ұлғаяды; еңбек өнімділігі 50%-ға артады.

Министр бүгінде жерді цифрландыру мәселелері бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жұ­мыс жүргізіліп жатқанын айтты. 2020 жыл­дың соңына дейін 26 млн гектар алаңда топырақтық, 25 млн гектар алаңда геоботаникалық, 6,5 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы карталары әзірленеді. 2021-2022 жылдары топырақтық және геоботаникалық карталармен қамтуды 40 млн гектарға дейін, ауыл шаруашылығы карталарымен қамтуды 33,2 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. «Агроөнеркәсіптік кешен­­ді дамытудың 2022-2026 жыл­дар­ға ар­налған мемлекеттік бағдар­лама­­сын әзірлеу шеңберінде цифрлы ауыл шаруа­шылығы карталарымен бүкіл кө­лемді қамту жоспарлануда. Мем­лекет бас­шысының жерлерді ауыл шаруа­шылығы айналымына тарту жөнін­дегі тапсырмасы шеңберінде Жерді қашық­тық­тан зондтау арқылы ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуына мемлекеттік бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін ғарыштық мониторингтеу жөніндегі қанатқақты жоба жүргізілуде», деді С.Омаров.

2020 жылы қанатқақты өңірлер ретінде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары айқындалды. Мәселен, қанатқақты өңірлерді ғарыштық мониторингтеудің бірінші кезеңінің деректері бойынша 8,3 млн гектар пайдаланылмайтын жер анықталды, оның ішінде 2,6 млн гектар жайылым ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды, 5,7 млн гектар жер иелеріне бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберілді. Осы жобаны жүргізу барысында министрлік жерді ұтымсыз пайдалануды айқындау әдіснамасын одан әрі жетілдіру үшін жергілікті атқарушы органдармен бір­лесіп қанатқақты жобаға және оның нәти­желеріне талдау жүргізуде.

Сонымен қатар Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес министрлік жер қатынастары саласында цифрландыру және дамыту мәселелері бойынша заң жобалау жұмыстарын жүргізуде, олар жер берудің қазіргі тәртібін цифр­лы технологияларды енгізу жолымен тұжырымдамалық түрде өзгертуді көз­дейді және тікелей беру жолымен және сауда-саттық жүргізу арқылы жер учас­келерін берудің электронды тәртібін ай­қындайды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин цифрландыру шешімдерін енгізу және тиімді қолдану үшін тиісті инфрақұрылым қажет екенін айтты. Ведомство агроөнеркәсіптік кешенде 50 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту­мен мемлекет-жекеменшік серік­тестігінің жобасын ұсынды. Цифр­лы «ақылды» құралдарды, өлшеу құрал­дарын және басқа да датчиктерді қосу үшін ақпаратты тасымалдау негіз­гі мә­селе. Бұл жұмыстың аясында спут­ник­тік технологиялар және стандарттарды қолдану бойынша қанатқақты жоба жүргізілді. Б.Мусиннің айтуынша, жер учаскелері шекараларының сәйкессіздігіне байланысты көптеген шағым келіп түсуде. Сонымен қатар әр өңірде аудан деңгейіне дейін 200-ден астам дерек қорлары бөлек пайдаланылуда. Ол ақпараттық қауіпсіздік және адами фактор тәуекелдеріне әкеледі. Қазіргі таңда көптеген координаттық жүйе қолданылуда. Ал картографияның, гео­дезияның, навигацияның негізгі жетіс­тіктерін пайдалану үшін бізге қазақ­стандық координаттық жүйе қажет. Осы мақсатта «Цифрлы Қазақстан» мем­­­­­лекеттік бағдарламасы шеңберінде «Ұлт­­­тық кеңістіктік деректер инфрақұ­ры­лы­мы» жобасын 2024 жылға дейін іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар жер саласында есеп­тік кадастрының екі түрі қолданылуда, бұл – 200-ден астам Жер кадастрлары мен «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» деректер қоры. Жер учаскесі, техникалық сипаттамасы, оның иесі туралы және тағы басқа ақпарат осы екі кадастрда қайталанып тіркеледі. Б.Мусин айт­қан­дай, оны біріктіру арқылы жер қаты­нас­­тары бойынша процестерді автомат­тан­дыру құжаттар саны мен қызмет­ті көр­сету мерзімдерін қысқартуға мүмкін­дік береді.

«Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекке қою» қызметін алсақ, қазір ол үшін азамат қағаз түрінде өтініш беруі қажет. Бірыңғай автоматты түрде жаңартылатын электронды кезек тізілімі жоқ. «Әрине, осындай процестер жемқорлық қауіптерін тудыруы мүмкін және заманауи кезеңге сай келмейді. Бұл үшін қызмет көрсету процесін Бірыңғай мемлекеттік кадастр мен «Электронды үкімет» порталы арқылы автоматтандыруды және бірыңғай электронды кезек тізілімін құруды ұсынамыз», деді Б.Мусин.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, Nur Otan партиясының сайлауалды жаңа бағдарламасында АӨК-тегі еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіріп, өнім экспортын екі есе ұлғайту міндеті қойылған, оның 70%-ы өңделген болуы керек. Сондай-ақ жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 1,3 есе ұлғайту қажет. Үкімет бас­шысы алға қойылған міндеттерге қол жеткізудегі басты құралдардың бірі – еліміздің агроөнеркәсіп кешенін толық цифрландыру екенін атап өтті. Бұл шара өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайтуға, оның сапасы мен бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

5 жыл ішінде мемлекет-жекемен­шік әріптестігі аясында 50 млрд теңге қарасты­рылып, бұл қаржы 100 млн гектардан астам ауыл шаруашылы­ғы мақсатындағы жерлерді цифрландыруға инвестицияланады. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы цифрландыру жиналатын астық пен мал шаруашылығы өнімін 20%-ға дейін арттырады деген болжам бар. Ал фермерлердің шығыны 15%-дан астамға қысқарады. Алдағы уақытта цифрландыру есебінен астық жинау жылына 25 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Жер қатынастарын цифрландыру аясында жер телімдері, құрылыстар мен ғимараттар жөніндегі деректерді қам­титын Жылжымайтын мүліктің бірың­ғай мемлекеттік кадастрын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Үкімет Парламентке тиісті заң жобасын енгізді, ол көптеген қыз­мет­ті электрондық форматқа көшіруге, жер телімдерін беру тәртібін жеңіл­детуге және жалпы халыққа көрсетілетін қызмет­тердің сапасын жақсартуға жол ашады.

Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму министрліктеріне, сондай-ақ өңірлердің әкімдіктеріне бір ай ішінде АӨК және жер қатынастарын одан әрі цифрландырудың жол картасын әзірлеуді тапсырды. 2021 жылы Жерді ғарыштан мониторингтеу бойынша қанатқақты жобаны республика бойынша тарату жөнінде міндет қойды.

Цифрлық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне және әкімдіктерге келесі жылы жер қатынастарын цифр­ландыру жөніндегі жұмысты аяқтау, жер учаскелерін ресімдеу процесінің ашық­тығын қамтамасыз ету және оларға құ­жаттар беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту тапсырылды.

 

Мүгедектерге жаңа мүмкіндіктер

Үкімет отырысында қаралған екін­ші мәселе – Мүмкіндігі шектеулі жандар­­ды әлеуметтік қорғау туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Сол­түс­тік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, сондай-ақ «Шырақ» мү­ге­дек әйелдер қауымдастығының төра­йы­мы Ләззат Қалтаева баяндама жасады.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеу­меттік қорғау – мемлекет баса көңіл ауда­­­­ратын өте маңызды мәселе. Біз­дің мін­­детіміз – мүгедектігі бар адам­дарға қо­лайлы орта құру», деді бұл жайын­да Үкімет басшысы. Оның айтуын­ша, Nur Otan партиясының жаңа бағдар­ламасына сәйкес алдағы 5 жылда жұмысп­ен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесі 30%-ға өсуі тиіс және де олар медициналық оңалтумен 100% қамтылады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құ­қығын қорғау және тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанда 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар іске асырылу үстінде, ол 64 кешенді іс-шарадан тұрады. Биыл мүгедектерді әлеуметтік қамсыз­дандыруға 448 млрд теңге жұмсалды, бұл өткен жылғыдан 12%-ға көп.

Тұңғыш рет мүгедектер арбаларын жасайтын отандық өндіріс іске қосылды, бұл аталған арбаға мұқтаж адамдарды бес жыл ішінде толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мүгедектігі бар адам­дарға ұсынылатын кәсіптер мен жұмыстар анықтамалығы әзірленіп жатыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды меди­ци­налық оңалтумен қамту үлесі биыл 60%-ға дейін, 2021 жылы 75%-ға дейін арт­тырылады. Көлік саласында оны мүм­кіндігі шектеулі жандар пайдалана алуы үшін елеулі жұмыс атқарылды. Жол жүру үшін жеңілдікті жағдайлар жасалды. Вокзалдардың 93%-ы мүгедектерге қызмет көрсету талаптарына сәйкес келеді. Барлық жолаушылар пойызы мүгедек арбаларымен 100%  жабдықталған.

Үкімет басшысы жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға 100% ке­дергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлеуді тап­сырды. Әкімдіктерге мүмкіндіктері шектеулі жандарды Әлеуметтік қыз­мет көрсету порталы арқылы оңалту құрал­дарын алу дағдыларына оқыту­ды жандандыру, Цифрлық даму министр­лігімен бірлесіп, Жұмыспен қамту орталықтары мен ХҚО-ларда мүгедек адамдар үшін өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын ұлғайту тапсырылды. Ден­саулық сақтау министрлігіне әкімдік­термен бірлесіп, мүгедектіктің алдын алу үшін сырқаттарға диагностиканы ерте жүргізуге көңіл бөле отырып, мүге­дектерге оңалту көмегін күшейту, салынып жатқан барлық оңалту орталықтарын уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету міндеттелді.

Үкімет басшысы Білім министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, келесі жылы балаларды инклюзивті біліммен қамтуды 50%-ға дейін кеңейтуді, білім беру бағ­дар­­ламаларының мазмұнын және педагог­­терді даярлауды өзектендіруді, түзету кабинеттері желісін және психо­логия­лық-медициналық және педагоги­калық комиссиялардың қызметін кеңей­туді тапсырды. Ал Индустрия министр­лігіне мемлекеттік органдармен және өңір­лердің әкімдіктерімен бірлесіп, вок­залдарды жаңғыртуды аяқтау және қоғамдық автобус паркін мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету талаптарына толық сәйкестендіру міндеті жүктелді.