Хоккей • 04 Желтоқсан, 2020

«Сочиді» тізе бүктірді

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын Нұр-Сұлтанның «Ба­рысы» елордадағы «Барыс Аре­нада» «Сочи» клубын қабылдап, кезек­ті жеңісіне қол жеткізді.

«Сочиді» тізе бүктірді

Тұрақты біріншіліктің кейінгі бес ойы­нында қатарынан жеңілген «Барыс» жан­күйерлердің көңіліне селкеу түсірген еді. Сүреңсіз ойындардан кейін жанкүйерлер алдында өз айыбын жуып-шаюға тырысқан жерлестеріміз, міне, екінші матчта да жеңіске жетіп, көрермендерін қуантуда. Алғаш Мәскеудің «Спартак» клубын 2:1 есебімен тізе бүктірсе, кейінгі бәсекеде Сочиден келген қарсыластарының қақпасына жауапсыз екі шайба соқты.

Жерлестеріміз кездесу тағдырын бірінші кезеңде-ақ шешіп тастады деуге болады. Матчтың 12-минутында Виктор Сведбергтен пас алған Роман Старченко есеп ашса, араға бір минут салып «Барыстың» швециялық шабуылшысы Якоб Лилья таблодағы көр­сеткішті 2:0-ге жеткізді. Қалған екі ке­зеңде қарсыластар бір-бірінің қақпа кіл­тін таба алмады. Осылайша, «Барыс» қа­тарынан екінші ойында жеңіске жетті. Енді жер­лес­теріміз келесі кездесуін бүгін Яро­славльдің «Локомотив» клубымен өткізеді.