Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2020

Сапархан Омаров Түркияның ірі аграрлық компания делегациясын қабылдады

105 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың шақыруымен Dervisoglu Group компаниясының иесі және басшысы Қазақстанға арнайы келді. Сапар аясында түрік компаниясының өкілдері қазақстандық фермерлермен кездесіп, келіссөздер өткізеді, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі

Сапархан Омаров Түркияның ірі аграрлық компания делегациясын қабылдады

Бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылдың қазан айында Ауыл шаруашылығы министрі Түркияның ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізіп, Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуы және АӨК-нің өндірістік әлеуеті туралы баяндап, сондай-ақ елдің агросекторына белсенді инвестиция салуға шақырған еді. Сапархан Омаров отандық фермерлермен ынтымақтастықты орнатуға кепілдік берген болатын.

ҚР АШМ басшысының ұсынысын бірқатар компаниялар (толығырақ осында және осы жерде), соның ішінде Ыстамбұл өнеркәсіп палатасының үздік 500 кәсіпорнының ішіндегі екінші орында тұрған және АҚШ-қа органикалық өнімді өсіруге, қайта өңдеуге және экспорттауға маманданған Dervisoglu Group компаниясы қабыл алды.

Жылдық айналымы 285 миллион АҚШ долларын құрайтын Dervisoglu Group компаниясы Қазақстанмен органикалық егіншілік саласындағы ынтымақтастықты нығайту, соның ішінде майлы және дәнді дақылдарды өңдеу және буып-түю өндірісін құруға қызығушылық танытты. Өткен кездесу барысында тараптар жақын арада Қазақстанға сапармен келуге келіскен болатын.

Бүгін министр Сапархан Омаров Нұр-Сұлтан қаласында Dervisoglu Group делегациясын қабылдады. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі кездесуден кейін компанияның акционері Саит Дервишоглу мен техникалық директор Мехмет Бучак органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен айналысатын қазақстандық фермерлермен келіссөздер жүргізеді. Сондай-ақ, түрік компаниясы АҚШ нарығына қазақстандық өнімді экспорттау үшін американдық NОР сертификатын алу мүмкіндігін талқылауға ниетті.