Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде отандық бизнестің маңызды мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары шағын және орта бизнесте белсенді субъектілердің саны артып келеді. Бірақ оған қарамастан қазақстандық шағын кәсіпорындар қызметінің негізгі саласы сауда болып қалып отыр, көптеген бизнес субъектілері көлеңкеде жұмыс істеуге бет бұрған. Орта бизнес субъектілерінің саны қысқаруда. 2015 жылдан бастап мұндай кәсіпорындардың саны 13%-дан азайып кетті.
Сенат Төрағасы банктердің шағын және орта бизнеске несие беруінің азаюын, мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары деңгейінің төмендігін және ұлттық компаниялардағы сатып алуға кәсіпкерлер үшін қолжетімді болмай отырғанын және басқа да проблемалар туралы айтты.
Мәулен Әшімбаев сонымен қатар пандемия кезінде елімізде бизнесті қолдау жөнінде қосымша шаралар қабылданғанын атап өтті.
"Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде кешенді қолдау шараларын ұсынды. Жеңілдікпен берілетін несие көлемі айтарлықтай ұлғайды. Несиелерді 6 пайызға дейін төмендету үшін мемлекеттік субсидия берілуде. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алғаны үшін төленетін жалдау ақысы тоқтатылды. Еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық жеңілдетілді. Салық кодесіне бірқатар маңызды түзетулер енгізілуде. Шағын және орта бизнесті екі жылға қосылған құн салығынан және әлеуметтік салықтан босату ұсынылды. Президент тапсырмасы бойынша табыстың 3 пайызы көлемінде бөлшек салық енгізілетін болды. Осы және басқа шаралар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесін қосатыны сөзсіз", деді Палата Төрағасы.
Сенаторлар тыңдауларға дайындық барысында Үкіметке шағын және орта бизнес мәселелерін шешуге ықпал етуге арналған бірқатар ұсыныстар әзірледі.
Палата депутаттары кәсіпкерлердің қызметіне араласқаны үшін лауазымды тұлғаларға және рейдерлікке жауапкершілікті күшейтуге бағытталған нақты шараларды ұсынды.
"Сенаторлар лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлердің қызметіне араласқаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған шараларды қолдайды. Еліміздің Президенті атап өткендей, кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі жасау мемлекетке қарсы ауыр қылмыс ретінде қарастырылуы керек. Мемлекет басшысының бұл нұсқауын заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асыруға болады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы және Қылмыстық кодекстерге өзгерістер енгізу көзделуде", деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ кәсіпкерлердің жер учаскелеріне қол жеткізу шарттарын жақсарту ұсынылды. Сенат Төрағасы атап өткендей, ұсынылып отырған шаралардың бірі – бос жер учаскелері мен саудаға шығару жоспары туралы ақпаратты жүйелеу және интернет-ресурстар мен басқа да алаңдарда орналастыру арқылы мейлінше ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету болып отыр.
"Сондай-ақ, елді мекендердегі жерлердің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін, оның ішінде артық келісу рәсімдерін алып тастау арқылы оңтайландыру ұсынылады, деді ол.
Мәулен Әшімбаев микрокәсіпкерлік субъектілерін жеке санатқа бөлу туралы бастаманы жария етті.
"Ондай ережені Кәсіпкерлік кодексінде бекіту ұсынылады. Ол тиісті бағдарламалар аясында микробизнесті тиімді және нақты қолдауға, оның ішінде жеңілдетілген және оңайлатылған несие беру арқылы ықпал етуге тиіс", деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы сондай-ақ "Бизнеске арналған Үкімет" бірыңғай сервисі мен мемлекеттік қолдау ақпараттық порталының жұмысын тиімді құрудың маңыздылығын атап өтті.
"Адамдарға арналған ыңғайлы әрі түсінікті ақпараттық сервистерді жан-жақты дамыту қажет. Ондай өнімдер бизнеске мемлекеттік қолдау құралдарын жақсы бағдарлауға, жеткізушілер мен әріптестерді іздестіруге және өнімді шетелдік нарықтарға ілгерілетуге көмектесуі тиіс", деді ол.
Мәулен Әшімбаев сөзінің соңында шағын және орта бизнес саласындағы заңнаманы толық ревизиялау мен жүйелеу қажеттігіне баса назар аударды.
"Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасын орындау аясында шағын және орта бизнеске қатысты заңнамаға толық ревизия жасап, жүйелендірген жөн. Салықтық әкімшілендіруді жетілдіруді жалғастыру қажет. Кәсіпкерлердің есептілігін оңтайландыру үшін мүмкіндіктерді қарастырған жөн. Шектен тыс бюрократтануды, қайталануды, қарама-қайшылықтарды болдырмау, бизнесті негізгі қызметтен алаңдатпау керек", деді Сенат Төрағасы.
Шараға Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, "Атамекен" ҰКП, бизнес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, еліміздегі Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері қатысты. Парламенттік тыңдауды Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков жүргізді. Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар Үкіметке жіберілетін болды.