– Бұл кітаптың алғашқы томдарының біріне кезінде мен де алғысөз жазған едім. Тұрсын Тастекеевтей абзал азаматтың тұяғы Дулат бауырымыз қолға алған мына бастама мені қатты қуантты. Парақтап отырып қаншама игі дүние бар екенін байқап отырдым. Біз әлі де болса кейбір тарихи деректер мен шындықтарға әлі де терең бойлай алмай жүрміз. Сондай олқылықтардың орнын толтыратын кітап – «Тарихқа толы Тарбағатай» деп білемін, – деді кешті ашып берген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.
Кітаптың құрастырушысы Ерден Оралбайдың айтуынша, мұнда бірнеше автордың дүниелері топтастырылған.
– Негізгі 12 айдар бар. Соның аясында келіп түскен еңбектерді саралап кітапқа енгіземіз. Әрқайсысы бір-бірін толықтырып тұрған, аса маңызды туындылар. Бұл томға арнап бүкіл Шығыс Қазақстан облысынан материалдар жинадық. Бұйыртса, келесі 6-томын шығару да ойда бар. 2021 жылдың басынан бастап тарихшы, әдебиетші, басқа да білікті мамандарға хат жолдап, келіп түскен еңбектер негізінде шығарылымды дайындаймыз. 22 наурызға дейін еңбектер қабылданады. Жалпы, кітапты құрастырып шығуға 4-5 айдай уақыт кетті, – дейді Ерден Оралбай.
Тұсаукесер рәсімі барысында «TAS GROUP» компаниялар тобының Дулат Тастекеев кітапқа орай лебізін білдірді.
– Қазақстанның бүкіл аумағында өлкетану ғылымын жандандырып, эко туризмді дамыту – біздің арманымыз. Туған өлке жайлы жастарға білім беретін, насихаттайтын, сол арқылы отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, ел тарихына деген құрметін асқақтататын осындай ұлттық жобалар көбейе түссе екен деймін. Айта кету керек, «Тарбағатай» тек таудың немесе ауданның атауы емес, қазіргі Қытай территориясынан басталып Шыңғыстауға дейін созылып жатқан, халық қоныстанған өңірдің атауы. Сондықтан кітаптың жастар үшін, жалпы қазақ үшін маңызы айрықша. Осы еңбектің жарық көруіне үлес қосқан барша жандарға алғысымыз шексіз, – деді меценат.
Еске салайық, бұған дейін 2016-2019 жылдар аралығында Тарбағатай өлкесінің энциклопедиясына айналған «Тарихқа толы Тарбағатай» альманағының төрт томы жарыққа шыққан еді.