№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында сирек кездесетін ауруға шалдыққан 7 жасар қызға ота жасалды. Кішкентай Томиристің бойында бір емес, екі патология бар. Оның бірі – Протея синдромы. Ежелгі грек мифтеріндегі сырт бейнесін жедел өзгерте алатын Протей құдайдың атымен аталатын өте сирек кездесетін бұл аурудың ерекшелігі сонда, онда сырқаттың терісі мен сүйегі шамадан тыс өседі. Ал Томиристің екі табаны осындай алыптық бейнеде өскеніне қоса, ішектің тамырлы бұзылуы операцияға өзгеше күрделі сипат берген.
«Протея синдромы – сирек кездесетін туабітті ауру. Бұл терінің, сүйектердің, бұлшықеттердің, май тіндерінің, сондай-ақ қан мен лимфа тамырларының шамадан тыс өсуімен сипатталады. Аталған ауру өте сирек кездеседі және бүгінде әлемде шамамен 200 ғана осындай жағдай тіркелген. Баланың аяғының мөлшері үлкен, ол дене салмағы мен мөлшерінің жартысын құрайды, саусақ аймағында созылмалы остеомиелит ошақтары бар», деді аурухананың ортопедия және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Ағабек Чинкибаев.
Дәрігердің айтуынша, аяқ мөлшерінің ұлғаюйынан басқа, бала ішектің лимфоангиоматозымен ауырған. Ішектен жиі қан кету салдарынан Томиристе ауыр анемия қоса жүрді. Сондықтан оның қанын қалыпқа келтіру үшін айына 2-3 рет қан құю қажет болатын.
Биыл жыл басында Томирис жоспарлы түрде аурухананың ортопедия және оңалту бөліміне жатқызылды. №2 балалар ауруханасының хирургтері сәуір айында ішекке бірінші операция жасады. Бұл қайталанатын қан кетуді тоқтатуға мүмкіндік берді. Осы операциядан бастап балаға жиі қан мен оның компоненттерін құю қажет болмай, Томиристің хал-жағдайы жақсарып, салмақ қоса бастады.
«Осы аптада құрамында ортопедтер, хирургтер мен анестезиологтер бар мультитәртіптік топ сол аяғының табанына реконструктивті отаны сәтті жасап шықты. Бұл – Томирис емінің 2-кезеңі. Келер жылы аяқтарына да, ішекте де операциялардың тағы 3-кезеңін орындау жоспарлануда. Оң аяғына жасалған операциядан кейін баланың күші мен әлеуметтік осалдығы төмендейді», деп түсіндірді А.Чинкибаев.
Қыздың анасы ота жасауға қатысқан барлық дәрігерге үлкен алғысын білдіріп жатыр.