Спорт • 07 Желтоқсан, 2020

Арқа арулары чемпион атанды

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында баскетболдан 2003-2004 жылдары туған қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысының құрама командасы табысты өнер көрсетіп, алтын жүлде иегері атанды.

Арқа арулары чемпион атанды

Чемпион команданың бас бапкері Виктор Жевагин пандемия салдарынан болған үзілістің спортшылардың дайындығына өзіндік әсерін тигізбей қоймағанын атап өтті.

– Дегенмен қыздарымыз жиы­лып қалған күш-қуатты Түр­кіс­тан­да өткен чемпионат барысында жарқырата көрсетті. Мық­ты деген қарсыластарының бәрін тізе бүктірді. Команда жас, болашағы алда. Оның құрамында Қара­ғандының ғана емес, Жезқазған, Абай және Саран қалаларының талантты баскетболшы қыздары өнер көрсетті, – дейді ол.

Чемпионат қорытындысында Қарағанды облысы құрамасының Мәдина Рахымбердиева, Асылжан Майлыбаева сынды ойыншылары турнирдің үздік баскетболшылары атанды. Ал команданың алты бірдей мүшесі «Спорт шебері» нормативін орындауға бір қадам жақындады.

Айта кету керек, Қарағандыда кәсіпқой баскетбол клубы биылғы жылдың наурыз айында құрылған болатын. Облыстың ересек қыздар командасы Қазақстанның жоғары лигасында бірінші тур ойындарын өткізді. Бұдан бөлек олар Қазақстан Республикасының федерация кубогы сынына қатысып, жүлделі екінші орын алды. Ал ерлер құрама командасы ел бірін­шілігінің турнир кестесінде үшін­ші сатыда тұр.

Қарағанды облыстық дене шы­нықтыру және спорт басқармасының басшысы Темір­хан Абылаев кәсіпқой клубтың құ­рылуы жергілікті талантты жас спортшылардың басқа аймақтарға ауы­сып кетпеуіне игі әсерін тигіз­генін айтады.

– Бұған дейін өзге өңірлерге кетіп қал­ған спортшыларымыз сол жерде жетекші ойыншыларға айналып отырды. Ал клуб құрылғаннан бері жағдай өзгерді. Өзіміз тәр­биелеп өсірген жастарымыз шебер ойындарымен қуантып, тәуір нәтижелерге қол жеткізе бастады. Бұл жерде облыс бас­шылығының біздің бастамаларымызға көрсетіп отырған қолдауын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Виктор Жевагин сынды өз ісіне шын берілген мамандар мен жаттық­тырушылардың бұл істің нәтижелі болуына қосқан үлес­тері өте қомақты болды, – дейді Т.Абылаев.

Облыс спортының басшысы жеңімпаз команда мен оның тәлімгерін арнайы қабылдап, Қа­зақстан чемпионатындағы толайы­м табыс­пен құттықтады.

 

Қарағанды облысы