Экономика • 07 Желтоқсан, 2020

Шетел компаниялары қазынаға қанша қаржы құюда?

673 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан қазынасына құйылатын салықтық түсімдердің үштен бірі шетелдіктердің үлесі бар ірі 30 компанияға тиесілі. FinReview.info сарапшылары олардың бюджетке қанша қаржы аударатынын анықтап көрген екен.

Шетел компаниялары қазынаға қанша қаржы құюда?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Салықтық түсім демекші, биылғы пандемияға байланысты ел Үкіметі бизнеске салық төлеу тұрғысынан көп қолдау көрсетті. Мәселен, 2020 жылдың қазан айына дейін іскерлік белсенділіктің өсуін ынталандыру үшін көптеген қазақстандық компания салық төлемдерінен босатылды. Бұл шаралар карантиндік шектеулерге байланысты та­быстылығы айтарлықтай тө­мендеген бизнеске үлкен қолдау болғаны даусыз.

Негізгі тақырыпқа оралайық. 2020 жылғы 1 қарашадағы жағ­дай бойынша Қазақстанда 22,1 мың шетелдік компания жұмыс істейді. Бір жыл бұрынғы жағ­даймен салыстырғанда олардың саны 11,2 пайызға немесе 2,2 мың компанияға артқан. Бұл ретте компаниялардың барлығы дерлік, яғни 97,4 пайызы немесе 21,5 мыңы шағын кәсіпкерлік формасына тіркелген.

Шетелдік компаниялар не­гізінен көтерме және бөлшек саудада шоғырланған. Бұл ба­ғыт­та 8,7 мың кәсіпорын жұ­мыс істейді. Одан кейінгі орын құрылыс секторына бұйыр­ған. Мұнда 2,3 мың компания бар. Кәсіби, ғылыми және техни­калық қызмет саласына 1,7 мың шетелдік кәсіпорын жұмылдырылған.

2020 жылдың он айының қорытындысы бойынша тө­лен­ген салықтардың жалпы сомасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7 пайызға төмендеген. Бюджет 6,4 трлн теңгеге толтырылған. Бұл ретте салықтық түсімдердің үштен бірі ірі 30 шетелдік компанияға тиесілі.

Әдеттегідей салықтық түсім­дердің негізгі бөлігін мұнай-газ секторы құрап отыр. Атал­ған саладағы компаниялар үздік отыздықтың 14 пози­циясын иеленген. Ірі 30 шет­елдік кәсіпорын аударған төлемдердің 74 пайызы немесе 1,6 трлн теңгесі – мұнай-газ секторындағы компаниялардың үлесі.

Одан кейінгі орында те­мекі өндірісі тұр. Бұл нарықта шетелдік үш ірі ойыншы бар. Олар – «Джей Ти Ай Қазақстан», «Филип Моррис Қазақстан» және «Бритиш Американ То­бакко Қазақстан Трейдинг». Атал­ған үш компания бюджетке 240,2 млрд теңге салық төлеген.

Металлургия саласы үздік үштікті түйіндеп тұр. Мұндағы компаниялар қазынаға 161,5 млрд теңге аударған.

Шетелдік ірі 30 салық төлеуші аударған төлемдердің шамамен 37 пайызын «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны төлеген. Бұл компания мұнай мен газды әзірлеумен, өндірумен жә­не өткізумен айналысады. Бір­лескен кәсіпорынның төрт құ­рылтайшысы бар. Олар – ак­циялардың 50 пайызына ие Chevron (АҚШ), 25 пайызына ие ExxonMobil (АҚШ), 20 пайызына ие «ҚазМұнайГаз» (Қазақстан) және 5 пайызына ие LukArco (Ресей). 2020 жылдың он айында «Теңізшевройл» 832,1 млрд теңге салық төлеген.

Екінші орынға «Қарашы­ғанақ Петролеум Оперей­тинг Б.В.» консорциумы жайғасқан. Консорциумның 29,25 пайызы Royal Dutch Shell plc ком­паниясына (Нидерланд, Ұлы­британия), 29,25 пайызы Eni компаниясына (Италия), 18 пайызы Chevron компаниясына (АҚШ), 13,5 пайызы «Лукойл» компаниясына (Ресей) және 10 пайызы «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» жыл басынан бері 398,5 млрд теңге салық төлеген.

Үштікті «Қазцинк» ЖШС түйіндеп тұр. Оның акциясының 70 пайызы Glencore International компаниясына (Швейцария), ал 30 пайызы «Тау-Кен Самұрық» компаниясына (Қазақстан) тиесілі. Кәсіпорын ел қазына­сын 109,3 млрд теңгемен толық­тырған.