Саясат • 08 Желтоқсан, 2020

Қазақстанның ХҚТҰ-дағы Тұрақты өкілі сенім құжаттарын тапсырды

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу ұйымындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Асқар Жұмағалиев ХҚТҰ бас директоры Фернандо Ариасқа сенім құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның ХҚТҰ-дағы Тұрақты өкілі сенім құжаттарын тапсырды

Салтанатты рәсімнен кейін қазакстандық дипломаттың халықаралық ұйымның басшысымен екіжақты кездесуі өтті. Кездесу барысында химиялық қауіпсіздік саласындағы одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Тараптар әлемдегі химиялық қарудың барлық түрлерін жою бойынша шаралар қабылдаудың маңыздылығы туралы айтты.

 Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының өкілі Қазақстан ХҚТҰ қағидаттарын толық ұстанатынын және химиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияны толығымен сақтайтынын хабарлады. Өз кезегінде Ф.Ариас Қазақстан Республикасының ХҚТҰ дамуына қосқан үлесін және Ұйымның Химиялық-технологиялық орталығын салу жобасын қолдауына жоғары баға берді. Сұхбаттасушылар Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану саласындағы жетістіктері тақырыбына да тоқталды. Қазақстанның Тұрақты өкілі өз сөзінде елiмiз ядролық полигонды бірінші болып жауып, қолданыстағы ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын атап өтті. Сонымен қатар, өкіл 2021 жылы Семейде орналасқан әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толатынын айтып, бұл Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіз және орнықты әлемнің қалыптасуына ерекше үлес қосқан тарихи шешімі - деді.