Осы орайда, жақында Тараз қаласы әкімдігіне қарасты «Медиа орталық» мекемесі ашылды. Енді қала тұрғындары әр мекеменің есігін бір қақпай, тікелей келіп мәселесін осы орталыққа айтатын болады.
Аталған мекеменің ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев қатысып, бұл орталықтың қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың бастамасымен ашылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ жаңадан ашылған медиа орталық әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға қала тұрғындарынан келіп түскен сұрақтарға жауап беріп, облыс орталығы туралы медиа ресурстардағы ақпараттардың мазмұнын сараптап, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарда қала туралы шыққан ақпараттарға тұрақты мониторинг жүргізетінін атап өтті. Сонымен қатар ол орталықтың басты мақсаты – тұрғындармен кері байланыс орнатып, кез келген сұрақтарына жауап беріп, олардың көтерген мәселелерінің шешілуіне ықпал ету екенін де жеткізді.
Бұдан кейін Болат Жаппарұлы, Асқарбек Сейілхан, Ғалым Қасабай және Қуаныш Иембердиев сияқты өңірдегі ардагер журналистер де сөз алып, бастамаға қолдау білдіріп, медиа орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Ал жаңа орталықтың лентасын ардагер журналист Амангелді Нұрпейісов пен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы қиды. Салтанатты шарадан кейін көпшілік аталған орталықтың ғимаратымен танысты. Бүгінде орталықтың жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Мұнда тұрғындарды қабылдайтын, тікелей эфирге шығатын және ақпарат таратылатын арнайы бөлмелер бар. Барлық бөлме қажетті құралдармен жабдықталған. «Медиа орталықта» журналистер, SMM және бейнеқұрастырушы мамандардан құралған 13 қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар жаңа нысан алдағы уақытта екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының имиджін көтеру мақсатында да роликтер мен инфографикалар және баннерлер әзірлейтін болады.
Жамбыл облысы