Облыс бойынша жыл басынан бері 888 өрт дерегі тіркелген. Тілсіз жау 27 адамның өмірін қиып кетті. Үшеуі улы газдан уланып, тоғыз адам дене жарақаттарын алған. Өрт сөндірушілер 77 тұрғының өміріне араша түсіп құтқарып қалған. Оның 17-і кәмелеттік жасқа толмаған бала.
–Осы бір аптаның өзінде облыс бойынша 32 өрт дерегі тіркелді. Соның 27-і тұрғын үй секторында орын алған. Сонымен қатар, 4 автокөлік өртке орасанса, 1 оқиға әлеуметтік нысанда болды. Яғни, нысандағы күзетшілерге арналған шағын вагон өрттеніп, салдарынан 2 адам қайтыс болды. Бүгінде қауіпті індетке байланысты көптеген адамдар үйлерінде отыр. Міне сол тұрғындар қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескермегесін, өрт дерегінің өсімі байқалады, – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Думан Дәлешов.
Орны толмас қайғыға, материалдық шығынға өзіміздің салғырттығымыз себеп болып отырғандығы анық. Алдағы уақытта абай болған жөн.