Қазақ футболы үшін қадамы құтты, жеңістер жұғысты болғай
Тағатсыздана күткен сәт те келіп жетті– Кеше Алматыға әуе кемесімен әлемдік
деңгейдегі теңбіл доп додасының Бас жүлдесі – FІFA Әлем кубогы әкелінді. Қалай десек те, жарқын келешекте әлемдік матчтарға қатысудан күдерін үзбеген қазақ футболы үшін бұл жақсы ырым. Футболдың басты трофейінің Қазақстанға келген қадамы құтты болып, жеңістер біздің жігіттерге жұғысты болса, қанекей. Әлем кубогы Алматыда үш күн тұрақтайды.
Әлем кубогын Халықаралық Алматы әуежайынан күтіп алуға асыққан, басты трофейді қол созым жерден тамашалауға талпынғандардың басым бөлігін БАҚ өкілдері құрады. Жақсы оқиғаны жарнамалауға асыққан журналистер бүйірінде FІFA таңбасы менмұндалаған ұшақтан бірінші болып Кубокты күтіп алды.
Өз тарихында тоғыз айлық сапарға шыққан Әлем кубогын қолды етіп алмау шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын бұған дейін де хабарлағанбыз. Себебі, сом алтыннан құйылған, жалпы салмағы 6 кило 175 грамм тартатын трофей 1966 жылы Англияда Кубоктың ашық шеруі кезінде ұрланғаны белгілі. Осы орынсыз оқиға 1983 жылы Бразилияда қайталанады. Алғаш Англияда қолды болған Бас жүлде табылып, иелеріне қайтарылса, өкінішке орай, екінші жолы Кубок ізім-қайым жоғалады.
– Кубокты ұдайы FІFA-ның арнаулы күзет қызметінің адамдары алып жүреді. Оның Қазақстандағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз де қосымша күзет агенттігінің қызметкерлерін жалдадық. Сол сияқты Кубоктың 86 мемлекеттегі сапары түгелдей қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілген, – дейді жобаның үйлестірушісі Арыстанбек Нұрмаханов.
Сонымен, жұмада жеткен Кубок Алматыдағы “Интерконтиненталь” қонақүйінде түнеп, сенбі күні алдын ала жасалынған тізімге кірген көпшілік назарына ұсынылады. Ондай таңдаулылардың қатарында – балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, “Былғары доп” жалпыұлттық балалар мен жасөспірімдер футболдық турнирлерінің жеңімпаздары, үкіметттік емес ұйымдардың мүшелері бар.
Ал жексенбі күні Әлем кубогын “Coca Cola” компаниясының Алматыдағы зауытында 5 мыңдай адам қол созым жерден тамашалап, суретке түсе алады деп күтілуде. Қазірге сатылған билеттер саны осындай. Басты трофейдің көшірмесін емес, дәп өзін көрудің әсері ғажайып. Мұндай сирек сәттер біздің футбол жанкүйерлеріне айта-айта жүрерліктей құлшынысты қуаныш сыйлары сөзсіз.
Дүниежүзілік футбол додасының ең басты жүлдесінің Қазақстанға ат басын тіреуге “Coca Cola” компаниясы ықпал етіп отырғанынан оқырман хабардар. Аталмыш компания 60 жылдан бері әлемдік теңбіл доп додаларында жарнама жасап қана қоймай, әуесқой футболдан бастап барлық деңгейде өтетін жарыстардың басты демеушісі болып табылады.
Ал FІFA-ның штаб-пәтерінен басталған Әлем кубогының бұл жолғы саяхаты 134 017 шақырымға созылып, Жер шарын үш рет айналып шығуға болатындай өз тарихындағы ең алыс сапарға шығып отыр.
Сонымен FІFA Әлем кубогының түпнұсқасы кезекті рет алда Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласындағы “Soccer Cіty” стадионында өткен додада жеңіп шыққан елдің құрамасына тапсырылғанға дейін тағы бірқатар мемлекеттерді аралайды. Кубок Қазақстаннан кейін Оңтүстік Кореяға аттанады.
Футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйер табанына екі қабат малахит салынған трофейдің түбіне 1974 жылдан бері футболдың Әлем кубогына ие болған елдердің аттары мен жылдары ойып жазылғанын біледі.
Ал биыл ақтық сынға жолдама алған 32 команда тұңғыш рет Африка құрлығында бас трофей үшін барларын салатын болады.
Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.