Қоғам • 09 Желтоқсан, 2020

Алматыда биыл қанша тұрғын үй салынды?

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылы Алматыда 2396 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде коммерциялық құрылыс желісі бойынша 17 420 пәтер мен 2062 жеке үй, мемлекеттік бюджеттен қаражаты есебінен 5206 пәтер мен жалпы көлемі 4,6 мың шаршы метр болатын жатақхана тұрғызу көзделген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда биыл қанша тұрғын үй салынды?

– Алматыдағы құрылыстың жәй-күйі туралы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов айтып берді.

"Алматыда 2020 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 1609 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 12 925 пәтер пайдалануға берілді. Сондай-ақ 1722 жеке үйлер салынды. Мемлекет қазынасы есебінен 120 пәтер салынды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтқандай карантинге және эпид ахуалға қарамастан тұрғын үй құрылысының қарқыны жоспарланған деңгейде қалды. Тіпті былтырғы көрсеткіштерден де асып түсті", – дейді Ахмеджанов.

Жыл соңына дейін 785 мың шаршы метр немесе 8,5 мың пәтер пайдалануға берілмек. Коммерциялық құрылыс желісі бойынша – 421 мың шаршы метр немесе 4615 пәтер, 332 жеке үй немесе 83 мың шаршы метр, мемлекеттік қаржы есебінен 281 мың шаршы метр немесе 3849 пәтер тұрғызылмақ.  

Сонымен қатар жыл аяғына дейін қосымша 208,6 мың шаршы метр немесе 2384 пәтер және 56 жеке үйді тұрғындар игілігіне беру жоспарланған. Оның коммерциялық құрылыс желісі бойынша салынатыны 194 мың шаршы метр немесе 2384 пәтер және 56 жеке үй немесе 14 мың шаршы метр.

"Жыл соңында 2604,9 мың шаршы метр немесе 25 007 пәтер және 2110 жеке үйді пайдалануға беріледі. 2019 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 124 пайызға өсім бар", – деді басқарма басшысы.