Экономика • 09 Желтоқсан, 2020

Ресейлік компаниялардың біздің нарыққа кіруі отандық өндіріске қауіп төндіре ме?

180 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Егер отандық нарыққа ресейлік ойыншылар кірер болса, онда қазақстандық бөлшек сауда желісінде жағдай құбылуы ықтимал. Бұл туралы Magnum Cash&Carry басқарма төрағасы Азамат Османов Almaty Invest Forum-2020-да айтқан болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ресейлік компаниялардың біздің нарыққа кіруі отандық өндіріске қауіп төндіре ме?

"Қазақстанның мемлекеттік органдары жергілікті нарыққа ірі шетелдік ретейлерлер келгеннен кейін жағдайдың неге апарып соғатынын ұмытпауы керек. Сондықтан олар ЕАЭО серіктестерімен өзара ынтымақтастыққа назар аударғаны жөн. Инвестиция тарту кезінде Қазақстанға нақты қандай инвестиция келетінін, қай секторға келетінін, ол жергілікті ойыншыларды қаншалықты күшейте алатынын білу керек. Өйткені біздің өндірушілер әлі аяқтан тұрып кеткен жоқ", – дейді Османов.

Оның айтуынша, дәл қазір «Пятерочка», «Перекресток» және «Карусель» өнімдерін шығарумен айналысатын ресейлік X5 Retail Group компаниясы Қазақстан нарығына кіруге талаптанып жатыр. Шетелдік компаниялардың келуі жақсы. Бірақ отандық өндірушілерді көрсек тіпті жақсы болар еді дейді Османов.

"Қазір ТОП-3 ресейлік ретейлерлер 6-6,5 пайызен облигациялар шығаруда. Қазақстандық ретейлерлермен салыстырғанда олардың сауда нүктесін ашу процесі өте жылдам. Сонымен қатар экономика масштабы да мүлде басқаша. Бұл орайда қазақстандық желілер жергілікті өндірушілерге сауда орындарының кем дегенде 30 пайызын ұсынуға міндетті", – деді ол.

Қысқасы, Magnum Cash&Carry басшысының сөзінше, ресейлік компаниялардың келуіне байланысты үкімет жергілікті өндірушілерді қолдауды күрт арттыруы тиіс. Әйтпесе, ахуал қиындай түспек. Сондай-ақ басқарушы карантин әсерінен Magnum-ның орташа чегі мөлшерінің төмендеп кеткенін, қазақстандықтардың төлем қабілеті 20 пайызға дейін азайғанын (олардың бағалауынша) айтады. Тиісінше, төлем қабілеті алдағы бір жарым жылда да қалпына келе қоймайды.

Еске салсақ, осыған дейін Азамат Османов YouTube желісінде Magnum компаниясының көктемгі дағдарысты қалай өткергенін, компания жұмысы қалай өзгергенін айтып өткен болатын.

"Біздің компания тұтынушылардың 80 пайызын өніммен қамтамасыз етіп отыр. Пандемия кезінде әлем бойынша ешбір азық-түлік өнімін сататын дүкендер жабылған жоқ. Біз де карантин уақытында үздіксіз жұмыс істедік. Бұл жағынан басқа салалардағы бизнеске қарағанда бізде артықшылық болды. Бұл ретте 2017 жылы қабылдаған стратегиямыз ерекше рөл ойнады. Шын мәнінде ешкім де мұндай жағдайға дайын болған жоқ. Бірақ жағдайдың аз уақыт ішінде ширығып кетуі бірқатар процестерді жылдам еңсеруге әсерін тигізді", – дейді Османов.

Карантинге компания дайын болған. Арнайы штаб та құрылған. «Әрине, аса қатты жоғалтулар да болды. Бірақ дәл қазіргі кездегі әлі де жалғасып жатқан қиындықтарға байланысты келген жоғалтуды бағалау мүмкін емес» дейді спикер.