Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2020

Түркістанда "Парасаттылық орталығы" ашылды

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын және «Адалдық алаңы»  ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында Түркістанда «Парасаттылық орталығы» ашылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті және Түркістан қаласы әкімдігінің бастамасымен ашылған орталық азаматтардың құқын жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың өзара бірлесе әрекеттесуін қамтамасыз ететін болады, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанда "Парасаттылық орталығы" ашылды

Сондай-ақ орталықтың қызметіне азаматтардың мәселелерін жедел әрі бірлесе шешу, өтініштерді қабылдау, тегін құқықтық кеңес көрсету, меморгандардың бірінші басшыларының қатысуымен қоғамдық қабылдаулар өткізу, арыз-шағымдарды талдау негізінде жүйелі проблемаларды анықтау және нақты шешімдер қабылдау кіреді.  Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев, белсенді қоғам мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.  Орталық заманауи дизайн үлгісінде «open space» форматындағы кеңсе ретінде жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, кеңседе ыңғайлы күту аймағы, тегін «wi-fi» және мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға бейімделген кіреберіс ұйымдастырылған. Салтанатты рәсімге қатысушылар «Парасаттылық орталығы» азаматтардың билік институттарына деген сенімін арттыруын қамтамасыз ететінін айтты.

Сондай-ақ бұл күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай, қоғам белсенділерін марапаттады. Атқарылған жұмыстар баяндалып, арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілген жиында сөз алған Департамент басшысы Хаким Көшқалиев облыс көлемінде әлеуметтік дертке қарсы саясаттың іске асырылуы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ал арнайы мониторингтік топ мүшелері жұмысты жетілдіру бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Шара соңында сыбайлас жемқорлықпен күресуде белсенділік танытқан азаматтарға түрлі номинациялар бойынша арнайы Алғыс хаттар мен дипломдар табыс етілді.