«Биыл дәрігерлер үшін қиын жыл болды. Дәрігерлердің көмегімен қаламыздың 15 мыңнан аса тұрғыны COVID-19 ауруынан жазылып шықты. Елбасының «Біргеміз» атты үндеуі мен Мемлекет басшысының қадағалауының нәтижесінде індетпен күрестің алғашқы толқынын еңсеріп, дайындықты күшейттік. Қазіргі таңда елордада 176 адам ем алуда. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, жаз айларында бір күнде 3 911 адам ем алып жатты», деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, қазір қаладағы жағдай тұрақтанды. Бірақ әрі қарай да бұл жұмысты күшейтілген түрде қадағалап отыру қажет.
«Жыл басында ПТР тестілеу бойынша бір ғана зертханамыз болса, қазір оның саны 17-ге дейін артты. Тестілеу уақыты бойынша жаз айларында жүктеме күшейгенде 5 күнге дейін күтуге тура келетін. Қазір зертханалардың қуаты артып, тест нәтижесі 4 сағатта беріліп жатыр. Стационарларда изотермиялық кіші-зертханалар орнаттық, олар стационарда емделіп жатқан науқастардың тестілеу нәтижесін екі сағатта көрсете алады», деді А.Көлгінов.
Сонымен бірге ведомствоаралық комиссия шешімімен елге келетін барлық рейс жолаушыларынан ПТР анықтамалары талап етіледі.
«Тиісті анықтамасы жоқ жолаушыларды карантин стационарына жеткіземіз және тексеруден кейін ғана қалаға кіргіземіз. 6 қазаннан бері 4 800 жолаушы карантин стационарына барды, оның 28-інен COVID-19 вирусы анықталды және емдеуге жіберілді», деді ол.
А.Көлгінов алдағы мерекелерді отбасымен өткізуге кеңес берді. Сондай-ақ карантин талаптарын сақтаған қала тұрғындары мен дәрігерлерге алғыс айтты.
«Қаладағы эпидемиялық жағдай мен санитарлық нормаларға бейжай қарамайтын тұрғындарымызға алғыс айтқым келеді. Енді біздің тұрғындар карантинде қалай жүру керектігін біледі. Дәрігерлеріміз де биыл науқастарды емдеуге белсене атсалысып, ауқымды тәжірибе жинақтады. Қазір де жұқпалы дертпен күресіп жүрген мамандарға алғыс айтамын», деді қала басшысы.
Сонымен бірге ол алдағы мереке күндері халық көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берді.
«Алда көптеген мерекелер келе жатыр. Мұнда халық көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берер едім. Жаңа жылдың отбасылық мереке екені баршаға аян. Сондықтан жаңа жылды аурухана төсегінде қарсы алғаннан гөрі үйде отбасының ортасында күткен жақсы ғой. Бұл күндері аса мұқият болыңыздыр!», деді А.Көлгінов.
Пандемия кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 43 млрд теңгені оңтайландырып, қажетті салаларға бағыттады. Бұл туралы қала әкімі кеңінен айтып берді.
«Пандемияның жағымсыз салдарынан, әсіресе одан шағын және орта бизнес зардап шекті. Жергілікті бюджетке де жыл басында болжанған түсімдер толық түспеуі мүмкін. Мемлекет ШОБ субъектілерін қолдау үшін жеңілдіктер жасады. Сондықтан жыл соңына қарай шамамен 47 млрд теңге біздің бюджетке түспеуі ықтимал. Корпоративті табыс салығы бойынша да жыл басында төленуі тиіс 10 млрд теңгеден аса қаражат түспеуі мүмкін. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нұр-Сұлтан әкімдігінің жергілікті бюджетін 43 млрд теңгеге оңтайландырдық», деді қала басшысы.
Үнемделген қаражат ең алдымен COVID-19 індетімен күреске, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалған.
«Білім беру жүйесін дамытуға да көңіл бөлдік. Себебі қашықтан оқыту форматы үшін аз қамтылған отбасы балаларына ноутбуктер мен роутерлер қажет болды. Әрі қарай әлеуметтік көмек көрсетуге, экономиканың нақты секторын қолдауға, инфрақұрылымды дамытып, тұрақтандыру қорын толтыруға мән бердік. Жалпы алғанда елорданың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң нәтиже көрсетіп отыр. Пандемияға қарамастан, жүргізілген мемлекеттік шаралардың нәтижесінде негізгі капиталға 1 трлн теңге инвестиция түседі деп болжап отырмыз. Салыстырар болсақ, 2019 жылы 900 млрд теңгеден аса қаражат түскен еді», деді А.Көлгінов.