Қызыл кітапқа енген бұл құстың түрлері негізінен орманды, таулы аймақтарда мекендейді. Ұясын жыртқыштар жете алмайтындай етіп, жыра, жартастарға жасырып салады. Жемтігін түнде аулайтындықтан да көзге көп көріне бермейді. Ал Марқакөл қорығының қызметкері Талғат Айтқазин киелі құсты кезекті рейд кезінде орман ішінен байқап қалған. Оның айтуынша, имек тұмсықтың жайғандағы қанаты бір жарым метрден асып кеткен.
– Мен көрген құс – ең үлкен үкілердің бірі. Олар көбінесе қызыл немесе ақшыл түсті болады. Үкіні шошайған құлағы мен қызғылт көзіне қарап-ақ танисың, – дейді қорықшы Т.Айтқазин.
Қазақ халқы үкіні киелі деп есептейді. Өйткені бұл құстың қанатында құран сөздері жазылған деп түсінеді. Сол үшін де үлпілдеген қанатын бесікке, домбыраға, бас киімге, жүйріктің жалына тағып жатады. Наным-сенімге назар аударсақ, үкі қанаты баланы жын-шайтаннан қорғайды, ересектерді олжаға кенелтеді-мыс.
Кейбір ғалымдардың пікірінше, жапалақ тұқымдас бұл құс Қазақстанның Қызыл кітабына енгендіктен, қанатын қара базарда сатып тұрғандарды да бақылауға алу керек екен. Бірақ ғаламтордағы хабарландыруларды қарап отырсаңыз, қанатын қойып, үкінің өзін саудалап жатқандар баршылық. Бағалары 40 мың, 70 мың деп кете береді. Алайда Қызыл кітаптағы аң-құстар ерекше қорғауда болуы тиіс емес пе еді?!
Шығыс Қазақстан облысы