Жаңа кітаптың таныстырылымы Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында өтті. Тұсаукесерге Айтқали Нәріков, Ақұштап Бақтыгереева сынды танымал қаламгерлер, өңір басшылары қатысты.
– Кітап жазу – үлкен еңбек. Шығармашылық өнеріңізге Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Ақұштап Бақтыгереевалар жоғары баға берді. Кітап жазу Әбдіжәміл ағамыздың шығармасының атауымен айтсақ «қанмен, термен» жазылатын еңбек. Бүгінгі кешке осы жағдайды түсінетін, сіздің шығармашылығыңызды жақсы көретін жандар жиналып отыр. Олардың қатарында біз де бармыз. Сізге шығармашылық табыс тілейміз, – деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.
Алғаш рет 2014 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Өкініш» шығармасын белгілі сыншы, әдебиет зерттеушісі Бақыт Сарбалаұлы «бүгінгі күннің байсалды прозасы» деп бағалаған болатын. «Жұлдыз» журналында жарияланған «Мираның махаббаты» атты көлемді мақаласында сыншы «Өкінішті» роман деп атап, «қазіргі әдебиетіміздің әдемі де әлеуетті үлгілеріне жатады десек те жарасады екен» деген еді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Мәдениет және өнер саласындағы бәскелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің жүзеге асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы аясында «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша 3 мың тиражбен шыққан бұл кітап енді Қазақстанның барлық өңіріндегі кітапханаларға тегін таратылмақ.
– Республика көлемінде, жалпы әдебиетте қазақ қыздары көп емес қой, білесіздер. Проза жазу, кітап жазу – оңай шаруа емес. Мира адамдар тағдырын, қазақ қызының, әйелінің басынан өтетін сезімін қозғап жүрген қаламгер, – деген Ақұштап Бақтыгерейқызы жазушының өз тағдыры да оңай болмағанын, жарынан ерте айрылып, жалғыз қызын қатарға қосқан ерлігіне ерекше тоқталып өтті.
Иә, Мира Хамзақызы әдебиет пен журналистика саласын қатар алып жүрген қаламгер. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қалалық «Жайық үні» газетін біраз жылдан бері басқарып келе жатқан жазушыға алғыс хат табыс етіп, жастарға ой салатын, рухани кемелденуіне үлес қосатын кітап үшін ризашылығын білдірді.
Жаңа кітаптың тұсаукесерінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Халиолла, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалина, Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, философия докторы Айдарбек Ақболатов және басқалары қаламгердің шығармашылығы хақында өз пікірлерін айтты. Белгілі өнер қайраткерлері Нұржан Сертеков, Мұрат Аманшиев, Майра Хайдарова, Хорлан Шәмелова мен Нұржиян Хасановалар ән мен күйден шашу шашып, жазушының шығармаларынан монолог оқыды.
Кеш соңында автор Мира Шүйіншәлиева оқырмандарына алғысын айтып, шығармашылық жолында көмектескен, ақ жол тілеген аға-апаларына ризашылығын білдірді.