Руханият • 15 Желтоқсан, 2020

«Абай» мен «Әл-Фараби» эфирге шығады

827 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және ғұлама ойшыл, «Әлемнің екінші ұстазы» атан­ған Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай қалың көрерменге 6 бөлімді «Абай» және 7 бөлімнен тұратын «Әл-Фараби» теле­хи­каяларын ұсынбақ. Ұлттың ұлы тұлғаларын экран арқылы дәріптеу – дәуір талабы. Өскелең ұрпақ жаһандану заманына бет бұрған тұста, өз ұлтының мақтаныштарын білуге міндетті. «Қазақстан» корпорациясы Ұлы дала дүниеге әкелген Абай мен Әл-Фара­бидің өмір жолын, өскен ортасы мен заманын, өз уақытынан оза туған ғұламалығын жас ұрпаққа мазмұнды етіп насихаттауды бас­ты мақсат етіп отыр.

«Абай» мен «Әл-Фараби» эфирге шығады

Ләззат ТАНЫСБАЙ,

«Qazaqstan» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:

– Өнердің қай саласында болмасын Абайды тануға талпыну – қатпары мол жұм­бақ әлемге тап келгенмен бірдей. Осы уа­қытқа дейін ақынның сол жұмбақ әлемі за­ман­ның ыңғайына қарай бұрмаланып кел­генін білеміз. Бүгінге дейін жарық көрген кинотуындыларда Абайдың бей­не­сі жеке-дара көрініс тауып, әлеуметтік ортасы, тұтас ха­лық­тың тағдыры қалыс қалатын. Бұл жолы ел тағдырын сипаттай отырып, халықтың Абайын жасап шығаруға талпындық. Теле­хи­каяның оқиға желісі Абай өмір сүрген кезеңді бейнелейді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі оқи­ға­ларды арқау ете отырып, ақын өмір кешкен кезеңдегі қо­ғам­дық тартыс, Абайдың адами болмыс-бітімі, білім мен өнерге алғаш сусындаған сәті, кемеліне келген шақтағы саяси мәселелерге ара­ласып, ұлтын береке-бірлікке ша­қыр­ған тұстары түгелдей дерлік көрініс табады.

Ұлы тұлғаларымызға қатысты ауқым­ды жобаларды қолға ала бас­тағанда көп­­ші­лік күткен дү­ние­­ні лайықты етіп ұсы­н­а аламыз ба деген қорқыныштың бол­ғаны белгілі. Абай тура­лы түсіріліп отырған алғаш­қы сериал болғандықтан, көрер­мен мен қоғам алдындағы жауап­кер­ші­лік­тің салмағы қаншалықты ауыр болатынын о бастан түйсіндік. Отандық киноиндус­­­­трия, оның ішінде тарихи фильмдер түсіру әлі де даму үстінде, елімізде мұн­дай күрделі жанрдағы теле­хи­каялар түсіретін, әбден машық­тан­ған продакшн компаниялар жоқтың қасы. Дегенмен тәжірибе жетпейді деп отыра беруге болмайды. Дәл мерейтой қарсаңында халық экраннан Абайды іздейтіні анық еді. Үлкен корпорация ре­тін­де сериал түсіру бастамасын қолға алу қажеттігін түсіндік. Кор­по­ра­ция байқау жариялағанда тек төрт компаниядан ұсыныс келіп түсті. Соның ішінен бұған дейін тарихи тақырыпта көп­се­риялы фильмдер түсір­ген режиссер Мұрат Бидосовқа се­нім арттық. Жұ­мыс былтырғы жылдың қара­шасында басталған болатын. Сериалдың сценарийін Көркемдік кеңесте саралап, абайтанушы ға­лымдар мен зиялы қауым өкіл­де­рінің пікіріне ұдайы жүгініп отырдық. Сценарий төңі­ре­­гінде үлкен тартыстар болды. Соңғы нүктені жазушы-драматург Дулат Исабеков ағамыздың араласуымен қойдық. Арнаның Бас редакторы, белгілі қаламгер, журналист Қайнар Олжай жаз бойы шығармашылық процестердің басы-қасында жүрді. Тарихи фильм болғандықтан, екі туын­ды­да да көркемдік жағы басым түсіп, көпшілік күткен кейбір сәттер қамтылмаған болуы мүм­кін, сондықтан қалың көрер­менге қобалжи отыра ұсы­нып жат­қа­ны­мыз мәлім. Теле­хи­кая о баста Абай топы­ра­ғында, Жидебай мен Ералы жазы­ғын­да, Шыңғыстаудың бөктерінде түсіріледі деп жос­пар­ланғанымен, пан­де­мия­ға байланысты түсірілім алаң­ындағы процестер сәт сайын өзгеріп жатты. Каран­тин­дік шектеулер, қаланың жабық болуы, көлік қатынасының тоқтауы қалай да бол­сын кері әсерін тигізбей қой­мады. Түсірілім тобын түгел карантинде ұстаған күндер де болды. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, межеленген мерзімде аяқтап үлгердік. Ал «Әл-Фараби» телехикаясы – Фараби өмірінен сыр шертетін алғашқы телехикая. Түркі, араб әлеміне ортақ тұлға десек те, ол туралы ешбір елде сериал түсірілмеген. Мұны да Ұлттық арна бастап қолға алып отырғандықтан, мойнымызға екі есе міндет арттық. Бұл жобада Нұриддин Паттеев жетекшілік етіп отырған «Сақ» киностудиясымен шығармашылық бірлестікте жұмыс істе­дік. Сериалдың бір ерек­шелігі, басты және қосалқы рөлдердің барлығына да аймақ­тық театрлардың актерлері тартылды. Басты рөлді сомдаған Айдар Наурызбаев «Түркістан» театрының актері, Фарабидің анасының рөліндегі Жа­милия Бекмұрзаева мен әкесінің рөлін сом­да­ған Марат Оразметов Шым­­кент­тегі Жұмат Шанин театры­ның актерлері. Осы тұста түрлі кедергілерге қара­мастан түсірілім алаңынан бір сәтке де алыстамаған шығармашылық топқа, жобаның көркемдік, мазмұндық жағы­нан баи түсуіне атсалысқан қазақ руха­ниятының жанашырларына алғыс білді­ремін. «Абай» телехикаясы 16-17 жел­тоқ­сан 20:00-де, «Әл-Фараби» телехикаясы
18-20 жел­тоқсан күндері 16:00-де эфирге шығады.

* * *

Сериалда Абай өмірінің үш кезеңі қам­тылған. Абайдың ке­меліне келген шағын Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайрат­ке­рі Болат Әбділманов сомдаса, жас Абайдың бейнесін Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов, ақын­ның бозбала шағын жас актер Әли Тұрсынхан сомдады. Телехикаяның актерлік құ­ра­мы Қазақстанның бар­лық театр­ларынан шақырылды.

 

Болат ӘБДІЛМАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Мен отыз жыл бойы театр сахнасында Абайды ойнап жүрмін. Өзім де драматург ре­тін­де «Абайдың жұмбағы» атты пье­саның сахналық нұсқасын жасап, Әуезов театрының 95-ші мау­сымын осы қойылыммен аштық. Қазір көрермен жақсы қа­был­дап жатыр. Бұл менің театр­­­­­да ойнап жүрген рөлдерім. Ал енді кино саласына келсек, кезінде Әзербайжан Мәмбетов қойған «Абай» спектаклінде ойна­ға­­­ным­­­­да Әшірбек Сығай: «Шір­кін, Абайдың киносын түсірсе, Абайдың рөлін ойнауға Болат Әбділманов дап-дайын ғой, осыны кинорежиссерлер көрсе ғой», деп елдің алдында айт­қаны әлі күнге есімде. 19 жылдан кейін Абайдың 175 жылдығына арналған сериалға түскеніме қуаныштымын. Кино тетардан бөлек әлем. Сахнадағы ойнаған рөліңе мүлдем керағар. Актердің шынайы сөйлеуі, ішкі қуаты мен толғанысы камера алдында дәл өмірдегідей көрінеді. Фильм режиссері Мұрат Бидосов түсірілімнің алғашқы күнінде-ақ мені мүлдем басқа арнаға салып жіберді. Тағы бір ерекше айтатын нәрсе, таңдалған актерлік құрам. Біреудің танымалдылығына, бол­­маса атағына қараған емес. Түр-келбеті, бітім-болмысы сол за­манға келеді деген актерлар Қазақ­станның түкпір-түкпірінен жиналды. Әрине еш уақытта төрт аяғынан тайпалған жорға болмайды. Бір кем-кетігі болатын шығар. Бірақ осы Абайдың образына деген, Абайдың рухына деген еңбегіміз адал болды деп ойлаймын. Қолымыздан келгенше барлығынан бас тартып, тек қана осы сериалдың атмосферасында жұмыс істеуге тырыстық. Сондықтан да түсірілім барысындағы сәттерді өнердегі ең бақытты сәттерім деп еске алатын боламын. Мұндай бақыт актерге әр кино сайын келе бермейді. Өйткені өзіңнің армандаған рө­лің­ді экранда сомдау – ерекше нығмет. Сондықтан да бұл кеңес­тік дәуірдің идеологиясына бұр­маланған Абай емес, тәуелсіз рухты бүгінгі күннің Абайы деп есеп­теймін. Бұл міндетті мойнына алған «Қазақстан» теле­ра­дио­корпорациясына артылар жүктің ауырлығын ұмытпау ке­рек. Көзіқарақты көрермен туын­ды­ға өз бағасын береді деген се­нім­демін.

* * *

Сериалдың түсірілімін Абай елінде жүз­е­ге асыру жос­пар­ланғанымен, ел­де­­гі қатаң каран­тин шараларына бай­­ланыс­ты түсірілім жұмыстары Ал­ма­ты облысында өтті. Десе де, ар­найы құ­­рыл­ған декорация мен қазақ ауылы Абай өмір сүр­ген кезеңнің сипатына сай кө­рі­ніс тапты деуге болады.

 

Мұрат БИДОСОВ,

режиссер:

– Жалпы, Абай тақырыбы, Абай әлемі кең көлемде зерттелген, әр қырынан терең насихатталған тақырып. Абай әлеміне айналып соқсаңыз, әр қырынан танисыз. Бұған дейін түсірілген Абай туралы фильм­­­дер көпшілікке мәлім. Әрқайсысында сол фильмдерді жасаған шығармашылық топ­тың өзіндік қолтаңбасы бар. Де­ген­­мен Абай бейнесі көпшілік көзі­не сары уайымға салынған, философиялық оймен отыратын образ ретінде елестейді. Бірақ Абай да адам баласы, Абай да жұртпен бірге ас ішіп, жұртпен бірге жүрген, өзінің мінезімен, мақсат-мүддесімен өмір сүрген. Сондықтан біз телехикаяда ақын бейнесін барынша адами қырынан ашуға тырыстық. Ақындығы, күрескерлігі, терең философиясы оқиға желісінде көрініс тауып отырады. Жалпы, Абай өмір сүрген кезеңді, оның ортасын, бір-бірімен талас-тар­тыс­қа түскен қазақтың мінезін көрсету арқылы саяси мәні бар тұс­тарын да астарлап жеткізуге тырыстық. Түсірілім жұмыстары екі айдан астам уақытқа созылды. Актерлық құрам да аз емес. Сон­дықтан да іріктеуге баса мән беріп, еліміздің түкпір-түкпірінен ла­йықты деп таныған әртістерді тарт­тық.

 

Қайнар ОЛЖАЙ,

бас редактор:

– Қазақ топырағында өнердің жаңа саласы кино пайда болысымен ақын бейнесі экранда айшықтала бастады. Кешегі кеңестік дәуірдегі «Абай әндері» мен ақынның 150 жылдығына арнап түсірілген «Абай» фильм­де­рін көрермен ұмытқан жоқ. Екеуінде де өз уақытының талабы, өз кезеңі­­­нің табы бар. «Абай ән­де­рі» фильмі отаршылдық тақы­ры­­бын, ақын қасіретін айналып өтуін түсінуге болады. Екінші «Абай» Тәуелсіздіктің елең-ала­ңын­да түсірілгендіктен және той қарсаңындағы уақыт тап­шы­лы­ғынан оның құлашы кеңге сер­мелмеді. Қазіргісі – «Қазақ­стан» телерадиокорпорациясы қол­ға алып отырған «Абай» сериа­лы. Басшылық сериал түсі­ру туралы идеяны айтқанда, Көр­кем­­дік кеңес отырысында талай тал­қы­лаулар өтті. Қорқыныш та, қобалжу да болды. Бірақ, қол қусырып қарап отыра беруге болмайтынын түсіндік. Ке­ңе­се келе, шығармашылық процес­­терге кірістік. Бас редактор ре­тін­де фильмнің ұтқыр тұсы деп Абайдың образын ғана ту етпей, басқа кейіпкерлер бейнесінің қат-қабат өрбуін айтар едім. Айталық, кешегі кеңестік идеологияда фео­­­­дал болып суреттелген, ескішіл, қытымыр делінген Құнанбай әлбетте, сол қалыпқа сыймайды. Керісінше даланың королі, қара қылды қақ жарар, елге тез болар Құнанбай бейнесі дараланып шық­ты. Заманның тартысын әке мен бала арасындағы тартысқа телімеуге тырыстық. Керісінше әке балаға болашақты аманаттап, қисықты түзе, сүрінгенге де­меу бол деп емеурін танытып, жұртым адаспаса екен деп дұға етеді. Ел тағдырына іштей егіле отырып, Абайдың алда­ғы сүрлеуін нұсқайды. Абай­дың отаршылдыққа налып, жан-дүниесін ыза мен құса билеп күйзелген сәтіндегі үміті филь­м­­нің финалында өзгеше шешім та­бады. Сериалдың алдыңғы «Абай­лардан» өзгеше тұстары да осы.

* * *

Хакімнің 175 жылдығына ­орай­ «Қаза­қ­стан»­ телерадиокорпора­ция­сы тү­сір­ген 6 бөлімді телесериал биылғы жыл­дың 16-17 жел­тоқсан күндері сағат 20:00-де «Qazaqstan» Ұлттық арнасы және «Abai tv» арнасының эфирінен көр­­се­­тіледі.

Тәуелсіздік мерекесі күндері Ұлттық арна ұсынатын тағы бір ауқымды тарихи жоба – «Әл-Фараби» телехикаясы. Бұл да – отандық киноиндустрия­да ғұлама ойшыл туралы түсі­ріл­ген ал­ғашқы телесериал. Фильмде Әл-Фа­ра­би­дің бала кезі­нен бастап, адамзат­қа таныл­ған ғұлама шағына дейінгі өмірі қамтылды. «Әл-Фараби» сериа­­лы­ның түсірілім жұмыстары Түр­кіс­тан, Отырар қалашығы, Түр­кістан облысының Бәйдібек ауданы Аппақ Ишан медресесі, Ысқақбаб медресесі, Қарнақ мед­ресесі, Қапшағай, Түркістан қала­шығы, Хиуа, Дамаск қала­ла­рында өтті. Басты рөл ғұлама Фараби рөлін Р.Сейтметов атын­да­ғы «Түркістан» театрының ак­те­рі Айдар Наурызбаев, жас Әл-Фарабиді Т.Жүргенов атын­да­ғы Қазақ ұлттық өнер уни­вер­­ситетінің тү­ле­гі, актер Бекзат Жүні­сов сомдап шық­ты.

 

Нұриддин ПАТТЕЕВ,

«САҚ» киностудиясының продюсері:

– Әрине Қазақ даласы қан­ша­ма ұлы­лар­ды шығарған. Алайда, солардың ішінде бүкіл адам­зат­қа «Екінші ұстаз» атанып, ғы­лымның шыңына шыққаны Әл-Фараби ғана. Сондықтан мұн­дай ғұламаның өмірін бейнелеу, образын ашу бізге үлкен жа­уап­кер­ші­лік жүктеді. Сце­на­рийдің өзін бір­неше ай уақыт жазып, ко­р­по­ра­цияның Көркемдік кеңесімен шығармашылық тал­қы­да пісіріп отырдық. Соның арқасында фильм сценарийінің ұтымды тұстары көп болды. Мысалы, телехикая барысында Әл-Фарабидің «Ұлы ұстаз» атан­ған Дамаскідегі кезеңі мен Отырарда ­өткен жастық шағын­да­­ғы көріністер бірдей өрбіп оты­ра­ды.

Жалпы, жоба барысында өз бетімізше көп ізденіп, Әл-Фара­би еңбектеріне тереңінен үңі­луге ты­рыстық. Сонымен қатар ғалым­дардың, жазушылар мен этно­граф­тар­дың кеңесіне жү­гін­дік.

Түсірілім кезінде бірқатар проб­­­­лемалар болып, телехикаяның са­­­пасына тікелей әсер еткенін жа­сыр­маймыз. Оған себеп – әлем­­­ді жайлаған індеттің қой­ған тос­қауы­лы болды. Тіпті, түс­і­рілім тобы­ның мүшелері мен басты рөлді сом­даған актер­лер сырқаттанып, біраз уақыт жұмысты тоқтатуға тура келген сәттер болды. Бірақ, шы­ғармашылық топ барлық қиын­дық­тарды жеңе біліп, жобаны уақы­тында аяқтап шықты. Ендігі бағаны көрермендерден күтеміз.