Бизнес • 15 Желтоқсан, 2020

Іскерлік белсенділік қалпына келе бастады

492 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елдегі кәсіпорындардың іскерлік белсенділігі біртіндеп қалпына келуде. Демек, пандемияға байланысты қалыптасқан күрделі жағдайдың көбесі сөгіле бастады деген сөз. FinReview.info сарапшылары бұған кәсіпорын қызметтерінің электронды форматқа көшірілуі әрі мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті деп есептейді.

Іскерлік белсенділік қалпына келе бастады

Коронавирус пандемиясынан шағын және орта бизнес субъектілерінің айтарлықтай зардап шеккені мәлім. Тіпті олар­дың кейбірі қызметін қал­пына келтіре алмаған күйі жабылып тынды. Тығырықтан жол тауып, тік тұрып кеткендер де жетерлік.

Осы орайда Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексіне назар аударған жөн. Бұл индексті Ұлттық банк әзірлейді. Ол үшін экономиканың үш секторын­дағы (өнер­кәсіп, құрылыс және қыз­мет көрсету) бизнес өкіл­деріне арналған сауалдама негіз­ге алынады. Индекстегі қалып­ты мән – 50 пункт. Яғни іскер­лік белсенділік индексінің 50 пункт­тен жоғары болуы елдегі кәсіп­керлікке жасалған жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. Ал индекс 50 пункттен төмен болса, онда кәсіпкерлік секторы қиын жағдайда қалып отыр.

Енді Ұлттық банк ұсынған іскерлік белсенділік индексіне көз жүгіртейік. 2019 жылды жақсы нәтижемен түйіндеппіз. Жаңа жылдан бастап көрсеткіш құлдырай бастаған. 2020 жылдың қаңтарында индекс мәні 50,1 пунктті құраса, наурыз айында бірден 41,5 пунктке дейін төмендеген. Сәуір айында одан әрі құлдырап, 37,2 пунктке жетті. Кейін біртіндеп көтеріле бастады. Мәселен, қазан айында индекс мәні 48,8 пунктке дейін өсті.

Ресми деректер осымен үшінші ай қатарынан іскерлік белсенділік индексінің өсім көр­сеткенін дәлелдеп отыр. Демек, бизнес карантиндік шаралардан кейін біртіндеп қалпына келе бастады. Бұл ретте қазан айында қызмет көрсету және өнеркәсіп секторындағы кәсіпорындар­да оң динамика байқалған. Ал құрылыс саласы 1,5 пунктке төмендеген.

Осы орайда Қазақстанның іскерлік белсенділік индексі соңғы рет 2017 жылы сәуірде құлдырағанын, осы жылдың ақпанына дейін жақсы көрсеткіш көрсеткенін атап өткен жөн.

Ел экономикасындағы жағ­дай­ды бағдарлап отыратын ин­декстің бірі – бизнес-климат индексі. Мұны да Ұлттық банк әзірлейді. Бизнес-климат индексінде де кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалдама негізге алынады. Атап айтқан­да, компаниялардың қазіргі қаржылық жағдайына, сондай-ақ алдағы үш айда олардың қаржылық жағдайы қалай өзгеруі мүмкін екендігіне назар аударылады. Индекстің орташа мәні 0-ге тең. Егер ол теріс мән көрсетсе, онда кәсіпкерлер бизнестің нашарлап бара жатқанын айтып, дабыл қақты деп есептеуге болады. Ал оң мәннің көрсетілуі – жағдайдың жақсарғаны.

Кәсіпорындардың іскерлік белсенділік индексі секілді бизнес-климат индексі де біртіндеп қалпына келуде. 2020 жылдың ақпан айына дейін оң мән көрсетіп келген индекс наурызда -24,5 пунктке дейін төмендеді. Сәуір айында -32,5 пунктті көрсетті. Содан кейін ақырындап қалпына келе бастады. Қазан айының қорытындысы бойынша индекс мәні 0-ге тең болды.

Жоғарыда іскерлік белсенді­ліктің артуына, индекстердің қалпына келуіне кәсіпорын қыз­меттерінің электронды форматқа көшірілуі себеп болғанын айттық. Мәселен, халық онлайн саудаға жаппай көше бастады. Әсіресе, коронавирустың екінші толқыны болады деген хабар тарағалы онлайн саудадағы белсенділік тіпті артты. Міне, осыған байланысты аз ғана уақыттың ішін­де қызметтерін электронды фор­матқа сәтті бағдарлай алған кә­сіп­орындардың табыстылығы ұлғайды. Көрсеткіш орташа есеппен 25 пайызға өскен.

Мәселен, Kaspi.kz қосымша­сының қолдаушылары 10 млн-нан асып жығылған. Ал оның жыл басындағы көрсеткіші 6 млн еді. Тұрмыстық техникалар сататын «Мечта» интернет-дүкенінің тапсырыстары 6 есе өскен. Сол секілді Meloman.kz ойын-сауық тауарлары дүкенінің са­ты­лымы 3 есе артқан. Wildberries.kz көп­секторлы маркетінің сау­дасы 2 есе ұлғайған. Осы жағ­дайларды ескерсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша электронды сауда-саттық көлемінің өсімі шамамен 40 пайызды құрауы мүмкін. Бұл дегеніміз – 1,4 млрд АҚШ доллары. Өткен жылы онлайн-сауда көрсеткіші 1 млрд АҚШ долларын құраған екен.

«Карантиндік шаралар электронды саудаға оң әсер еткенімен, жалпы шағын және орта бизнес ауыр соққы алды. Аталған секторда 3,3 млн адам шоғырланған. Бұл – экономикалық белсенді халықтың 36 пайызы. Сектордағы табыстың 60 пайыздан астамы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының бестен біріне ғана тиесілі. Демек, субъектілердің 80 пайызға жуы­ғы қаржылық жағынан әлі де дәрменсіз күйде қалып отыр. Ел Үкіметінің бизнесті қолдау үшін тиісті шаралар қабылдауы да сондықтан», дейді FinReview.info сарапшылары.

Экономист Талғат Демесінов­тің пікірінше, биыл шағын және орта бизнесті «құтқаруда» банк­тер маңызды рөл атқарған. Бірін­шіден, қар­жы ұйымдары биз­нестің мой­нын­дағы кредиттерді кейін тө­леуге мүмкіндік берді. Екін­шіден, олар кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер беріп, қолдау көрсете алды. Бұл мақ­саттарға мемлекет тарапынан 800 млрд тең­ге бөлінгені белгілі. Оның ішін­де шағын және орта бизнес субъек­тілерінің әрқай­сысына 3 млрд теңгеге дейін, ал жеке кәсіпкерліктердің әрқай­сысына 50 млн теңгеге дейін қарыз алуға мүмкіндік беріл­ді. Оған қазақстандық 12 банк ат­салысты. 2020 жылғы 18 қара­ша­дағы деректер бойынша, банк­тер 567,4 млрд теңгеге 2 311 өті­нім қабылдаған. Оның 1 370-сі­не жалпы көлемі 455,3 млрд теңге қарыз берілген.

Бұдан бөлек «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарла­ма­сы жұмыс істеп тұр. Ол әлеуетті жобаларды несиелеуге бағытталған. Бағдарлама талаптарына сәй­кес банктер өңдеу секторын­дағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі және қызмет көрсету саласындағы жобаларға несие береді. Бағдар­лама аясындағы сыйақы мөлшер­лемесі 5-6 пайызға тең. Несиені 10 жылға дейінгі мерзімге алуға болады.

Деректерге сүйенсек, елде қабылданған қолданыстағы каран­тиндік шаралар шамамен 1 млн шағын және орта бизнес субъектісіне кері әсер еткен. Олардың қаржылық жағдайы нашарлай түскені мәлім. Олар үшін елдегі жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысудан түсер пайда да шамалы. Қайта қарыздарының көлемі одан әрі ұлғая түспек. Соңғы үш жылда заңды тұлғаларға берілетін несие көлемінің кему тенденция­сы сақталған еді. Ал 2020 жыл­дың 1 қара­шасындағы жағдай бо­йынша заңды тұлғаларды несиелеу көлемі жыл басынан бері 318,9 млрд теңгеге өскенін байқауға болады.

– Кәсіпорындардың капиталын арттыруға мүмкіндік бере­тін тиімді қаржы құралдары көп. Солардың бірі – инвестициялар. Инвестицияны даму банк­тері, инвестициялық банк­тер, қор биржалары, венчурлық қорлар арқылы тартуға болады. Мұндай қаржы институттары жаңа жобаларды ғана қолдап қоймай, жұмыс істеп тұрған компанияларға да жәрдемдеседі, – дейді Талғат Демесінов.

Мәселен, «Астана» халық­аралық қаржы орталығы іске қо­сылған екі жыл ішінде Қазақ­станға 2,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты. Ал орталықтың қатысушылары қазақстандық жобаларға 444 млн АҚШ доллары көлемінде инвес­тиция салған. Ендеше, осындай тиімді тетіктерді де ұтымды пайдаланған абзал.