Елорда • 15 Желтоқсан, 2020

Елордада Тәуелсіздік күніне орай қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

257 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай, елордалық мәдениет ошақтары көрмелер мен концерттер, қойылымдар, премьералар және сынып сағаттарын ұсынады,деп хабарлайды Egemen.kz

Елордада Тәуелсіздік күніне орай қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

Іс-шараларды үйден шықпай-ақ онлайн режимде тамашалауға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәуелсіздік сарайының бірінші қабатында желтоқсан бойы мерекеге орай «Тәуелсіздіктің белгісі – Нұр-Сұлтан» көрмесі ашылды.

Экспозицияны Instagram-дағы @tauelsizdik_sarayi парақшасынан да тамашалауға болады.

14-16 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жаңа Жастар музыкалық театры қала тұрғындары мен қонақтарын М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасының премьерасына шақырады.

Мерекеге орай Нұр-Сұлтан қалалық Мемлекеттік академиялық филармониясы қала тұрғындарын «Тәуелсіздік – тұғырым» онлайн концертіне шақырады.

Facebook, Instagram парақшаларында және филармонияның YouTube-арнасында трансляция жүргізіледі.

Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен нысандарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі дирекция Салтанат қақпасында қазіргі заманғы бейнелеу өнерінің көрмесін және «Тәуелсіздік – мәңгілік ел мұраты» тақырыптық экспозициясын ұйымдастырады.

15-17 желтоқсан аралығында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені өзінің YouTube каналында және ресми аккаунттарында «Тәуелсіздік тұғыры биікте» атты онлайн көрмесін ұсынады.

Сәкен Сейфуллин мұражайы да ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар дайындады.

15 желтоқсанда Seifullin_museum парақшасында «Тәуелсіздіктің алтын арқауы – ана тілім» челленджі ұйымдастырылады, оқушылар мәнерлеп өлең оқиды.

Күндіз мұражай ұжымы «Тәуелсіздік – ұлы бақыт» атты онлайн көрме өткізеді.

Оқырмандарының ой-өрісін кеңейту үшін көптеген танымдық ойындар, тарих сағаттары мен сабақтарын кітапхана жүйесі ұйымдастырады.

Барлық іс-шаралар онлайн режимде қалалық кітапханалардың әлеуметтік желілердегі парақшаларында өтеді.

Мереке күндері елордалықтар мен қала қонақтарына қалалық театрлар қойылым қояды.

15 желтоқсан күні сағат 19:00-де Жастар театрының әртістері көрермендерге «Нартәуекел» драмалық поэмасының қойылымын ұсынады. «НАЗ» мемлекеттік би театры «Тұйғындар» хореографиялық спектаклін ұсынады.

15 және 16 желтоқсан күндері сағат 19:00-де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Nomad City Hall» қонақтарын «Жас Абай» спектаклінің премьерасына шақырады.

М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры көрермендер үшін 15 желтоқсан күні кешке Н. Гогольдің «Женитьба» комедиясын ұсынады.

Келесі күні онлайн форматта Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтың «Крылатая исповедь вольных сердец» шығармалары бойынша театр ұжымы музыкалық-поэтикалық композициясын сахналайды.

16 желтоқсан күні сағат 12:00, 14:00 және 16:00-де қуыршақ театры «Атамекен« патриоттық қойылымын ұсынады.

Осы күні цирк қойылымы мен елордалық цирк ұйымдастырған деректі бағдарламаны мына парақшадан көруге болады.

Ал әлеуметтік желілерде Жастар сарайының «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблінің музыкалық құттықтауы өтеді.

Айта кетейік, барлық іс-шаралар санитарлық талаптарға сай өткізіледі.