Экспозицияға ежелгі және ортағасырлық Талғар, Қойлық, Отырар қалаларында жүргізілген археологиялық қазбалардан табылған құнды экспонаттар қойылған. Музейдің екінші залына «Дінаралық татулықтың қалыптасуы. Ұлы Жібек жолы қалаларындағы дінаралық ынтымақтастық пен бейбітшілік» атты тақырып берілген. Онда бай тарихымыз бен дінаралық ынтымақ шежіресі өткен заманнан сыр шертеді.
Шараның ашылу салтанатында мекеме басшысы Олжас Сүлейменов сөз сөйлеп, бұл музейдің аса маңызды тарихи құндылық екенін атап өтті.
«Ұлы Жібек Жолы ежелгі және ортағасырлардағы ірі байланыс арнасы бола отырып, тауар мен технология алмасумен қатар, түрлі мәдениет, дәстүр, идея және діни ұғымдардың өзара байланысы мен жақындығын дамытты. Ежелгі қазақ жерінде өмір сүріп, қызмет істеген ұлы тұлғалардың қуатты интеллектуалдық деңгейі Ұлы Жібек жолының бойында әлемдік діндердің, мәдениет пен өнердің берік іргетасын қалады», деді Олжас Омарұлы.
Директордың орынбасары Айбек Сыдықов жаңа экспозицияның құрылымымен таныстырды. Экспозицияда Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық шаһарлар орындарынан табылған құнды жәдігерлер жинақталған. Сонымен қатар Ұлы Жібек жолы арқылы таралған діндердің тарихы заманауи ақпараттық технологиялар арқылы үш тілде ұсынылды.
Экспозиция бағдарламасынан халықаралық орталықтың қызметі, ЮНЕСКО және Қазақстан халқы Ассамблеясымен ынтымақтастығы туралы мәлімет те тыс қалмады.