Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
«Өткен айдағы бүліктен кейін орталық биліктің құлауынан туған эйфория мен дүрбелеңге қарамастан, сабырлы азиялық азамат, Қазақстан даласынан шыққан азамат әр қиын сәттің тиімді тұсын таба білді.
Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Президент Михаил Горбачев Қырымдағы үйқамақтан босағаннан кейін қоңырау шалған алғашқы басшылардың бірі еді. Мемлекеттер бірінен кейін бірі тәуелсіздігін жариялап жатқанда Назарбаев алғашқылардың бірі болып тәртіпті сақтаудың жолын іздеді», деп жазады мақала авторы Серж Чмеманн.
Бұдан кейін автор КСРО халық депутаттары съезінде орталық биліктің транзитін жасауға бас-көз болу міндеті Нұрсұлтан Назарбаевқа бекерге жүктелмегенін сөз етеді.
«Алдағы айларда бытыраған Одақ пен жаңа Мемлекеттік кеңес қандай бағыт таңдағанына қарамастан, кемінде осындай өтпелі кезеңде 51 жастағы Назарбаев бәрінің басы-қасында жүретініне күмән жоқ. Ол амбициясы зор басқа да әлеуетті басшыларды, жеке бастамалары мен еркін нарыққа сенетін мемлекеттерді сабырға шақырып, сондай-ақ өз еліндегі жағдайды түзеуге ұмтылады.
Мәскеудегі штаб-пәтеріндегі конгресс аяқталғаннан кейін байыппен сөйлеген Н.Назарбаев экономикалық батылдықты, саяси реализмді байқатып, осындай өтпелі кезеңде құрылатын жаңа ұйымға сенім білдірді.
Ол ұлтшылдық пен егемендіктің желігі көп ұзамай басылып, тәуелсіздіктің тұғыры тіктелгеннен кейін, көптеген мемлекет қайта бас қосып, экономиканы жаңа «көлденең» ұйымға біріктіретініне сенімді. Бірақ бұл жолы орталықтан ешкім басқармайды.
«Мен пайғамбар емеспін. Мұның аяқталуына қанша жыл кететінін де білмеймін. Бірақ мемлекетімізді қалыптастырамыз. Бұған сенімдімін. Қазір бәріне тәуелсіздік пен өзін басқаруды сезінуге мұрсат беруіміз қажет. Алайда өмір сүріп, мына дағдарыстан шығуды көздесек, келісімге келуіміз керек», деді ол.
Классикалық коммунистік жүйе арқылы зауыттағы жұмысшыдан өз елінің жоғарғы партиясының басшылығына дейін жеткен ол бүлікке (Тамыз бүлігі – А.А) дейін де жергілікті партияны басқаруын жалғастыра берді әрі оны жоюға асыққан жоқ. Әйтсе де, оған сенетіндіктен немесе басқа да «измді» көздейтіндіктен емес, дәл қазіргі сәтте партия – мақсатқа жетудегі тиімді құрал. Бұл – дұрыс қадам. Назарбаев жұмыс істейтін тәсілге иек артады», деп жазады автор.
Мақалада Елбасының экономиканы трансформациялау үшін орталық биліктің күшті болуға сенетіні айтылған. Автордың айтуынша, Н.Назарбаев адамдар жаңа жағдайға бейімделгеннен кейін, демократия өзі-ақ келетінін жеткізген. Сондай-ақ The New York Times газетінде ашықтыққа ден қойған елдің экономикасы біртіндеп аяққа тұрып келе жатқанын жазады.
Jewish Telegraphic Agency басылымының 1991 жылғы 27 желтоқсандағы санының бірінші бетінде Израильдің КСРО-дан бөлініп шыққан мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындауға әзір екенін хабарлаған.
«Сыртқы істер министрі Дэвид Леви Израиль құрдымға кеткен Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындайтынын мәлімдеді.
Дегенмен Леви таяуда ғана Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрамына кірген 11 республиканың әрқайсысында елшілік ашу жөнінде әңгіме қозғаған жоқ. Саяси шолушылардың пайымдауынша, ел билігі АҚШ пен еуропалық қоғамдастыққа ілесіп, мемлекеттерге құрметпен қарайды», делінген мақалада.
Сондай-ақ Jewish Telegraphic Agency басылымы Қазақстанның ядролық арсеналына да тоқтала кеткен. Кеңес Одағы тарағаннан кейін ондағы ядролық оқтұмсықтар төрт елдің меншігіне берілгені белгілі. Сондықтан шығар, көптеген басылым бұл мәселеге ерекше екпін береді.
«Билікке жақын дереккөздерге сенсек, Израиль Қазақстанның ядролық қаруы бар жалғыз мұсылман мемлекеті болғанын, «мұсылман бомбасын» жасауға қатысуынан немесе ядролық технологиясын араб елдеріне сатудан қауіптенбейді.
«Қазақстанның басшылығы мұндай бұрыс қадам жасамайды, жауапкершілікті сезінеді», деді дереккөз Jewish Telegraphic агенттігіне. Бірақ КСРО-ның ядролық қарумен айналысқан мыңдаған ғалымы жұмыс іздеп, тарап кетуі мүмкін», деп жазады басылым.
SunSentinel газеті 1991 жылғы 18 желтоқсандағы санында «69 жыл өмір сүрген КСРО 1 қаңтардан бастап жойылады» деп аталатын мақала жариялады. Онда КСРО-ның ақырғы сәттері туралы жаза келе, АҚШ-тың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкердің одақ құрамындағы елдерге сапарына тоқталады.
«Бейкер бейсенбі күні Орталық Азия елдері Қазақстан мен Қырғызстанға ұшып кетті. Оның айтуынша, Мәскеуде айтылған мәселелерге, ядролық арсеналға қатысты, достастыққа (ТМД – А.А) қатысты жоспарлардың орындалатынына көз жеткізбек.
Алып аумақты алып жатқан елдерде қазіргі таңда 27 мыңнан 30 мыңға дейін ядролық қару бар. Дегенмен, қазақтардың астанасы Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бейкерге өз елінің ядролық қарудан бас тартуға әзір емес екенін мәлімдеді. Бұл Ельциннің КСРО-дағы бүкіл оқтұмсықтарды Ресейге жинау туралы айтқанына күмән келтіреді. Назарбаев Бейкерге ядролық қарулар Ресей мен Қазақстанда қалатынын жеткізді», деп жазады SunSentinel газеті.
1991 жылғы 17 желтоқсанда АҚШ-тың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Қазақстанға келіп, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескені белгілі. Бұл сапар туралы америкалық беделді басылымдар жарыса жазды. Мәселен, The Washington Post газеті «Республика Президенті АҚШ өкілі Д.Бейкерге ядролық қарудан әзірге бас тартпайтынын айтты» деген тақырыпта мақала жариялады. Бұдан бөлек, The New York Times, Los Angeles Times басылымдары да АҚШ мемлекеттік хатшысының сапары туралы жан-жақты ақпарат берді. Мұхиттың арғы бетіндегі бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның ядролық қарудан әзірге бас тартпаймыз деген ұстанымын қызу талқылады.
The Pittsburgh Press газеті «КСРО 31 желтоқсанда өмір сүруін тоқтатады» деп аталатын мақаласында да Джеймс Бейкердің Қазақстанға сапарына тоқталады. Онда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның Буш әкімшілігі үшін маңызды екенін айта келіп, еліміздегі ядролық арсенал туралы, елдегі мұнай жөнінде әңгіме қозғайды.