Қазақстан • 16 Желтоқсан, 2020

Қазақстан – әлем назарында

1435 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

КСРО-ның шаңырағы шайқалып, ақтық демін алып жатқанда әлем назары кеңестер еліне ауғаны белгілі. Сол тұста әлемнің белді-белді басылымдары алып державадағы ахуал туралы жиі-жиі жазды. Әсіресе КСРО ыдырайтыны, оның құрамындағы елдердің тәуелсіздік алатыны туралы әңгіме қозғала бастағанда-ақ Батыстың бұқаралық ақпарат құралдары тың жаңалықты басқалардан бұрын беруге асықты. Осы орайда, Қазақстан егемендігін алғанын шартараптың жаршылары қалай жазып, таратқанын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Қазақстанға қатысты мақала­ның бірі 1991 жылғы қыркүйек айында The New York Times газе­тінде жарияланған екен. «Кеңес­тердегі дағдарыс: Тиімді жол­ды іздеген Қазақстан басшысы тәртіп пен еркін экономика­ны қол­дайды» деп аталатын мақа­ла­да КСРО ыдырайтын тұста Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл қадамдары туралы жазылған.

Қазақстан – әлем назарында

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

«Өткен айдағы бүліктен кейін орталық биліктің құлауынан туған эйфория мен дүрбелеңге қарамастан, сабырлы азиялық азамат, Қазақстан даласынан шыққан азамат әр қиын сәттің тиімді тұсын таба білді.

Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Президент Михаил Горбачев Қырымдағы үйқамақтан босағаннан кейін қоңырау шалған алғашқы басшы­лардың бірі еді. Мемлекет­тер бірінен кейін бірі тәуелсіздігін жариялап жатқанда Назарбаев алғашқылардың бірі болып тәртіпті сақтаудың жолын іздеді», деп жазады мақала авторы Серж Чмеманн.

Бұдан кейін автор КСРО халық депутаттары съезінде ор­та­лық биліктің транзитін жа­сау­ға бас-көз болу міндеті Нұр­сұл­тан Назарбаевқа бекерге жүк­тел­мегенін сөз етеді.

«Алдағы айларда бытыраған Одақ пен жаңа Мемлекеттік кеңес қандай бағыт таңдағаны­на қа­ра­мастан, кемінде осындай өт­пелі кезеңде 51 жастағы Назар­баев бәрінің басы-қасын­да жүретініне күмән жоқ. Ол амбициясы зор басқа да әлеует­ті басшыларды, жеке бастамалары мен еркін нарыққа сене­тін мемлекеттерді сабырға ша­қырып, сондай-ақ өз еліндегі жағдайды түзеуге ұмтылады.

Мәскеудегі штаб-пәтеріндегі конгресс аяқталғаннан кейін байыппен сөйлеген Н.Назарбаев экономикалық батылдықты, саяси реализмді байқатып, осындай өтпелі кезеңде құрылатын жаңа ұйымға сенім білдірді.

Ол ұлтшылдық пен егемен­діктің желігі көп ұзамай басылып, тәуелсіздіктің тұғыры тіктелгеннен кейін, көптеген мемлекет қайта бас қосып, экономиканы жаңа «көлденең» ұйымға біріктіретініне сенімді. Бірақ бұл жолы орталықтан ешкім басқармайды.

«Мен пайғамбар емеспін. Мұның аяқталуына қанша жыл кететінін де білмеймін. Бірақ мемлекетімізді қалып­тас­ты­рамыз. Бұған сенімдімін. Қазір бәріне тәуелсіздік пен өзін бас­қаруды сезінуге мұрсат беруіміз қажет. Алайда өмір сүріп, мына дағ­­дарыстан шығу­ды көздесек, ке­лі­сімге келуіміз керек», деді ол.

Классикалық коммунистік жүйе арқылы зауыттағы жұ­мыс­шыдан өз елінің жоғарғы партия­сының басшылы­ғына дейін жеткен ол бүлікке (Тамыз бүлігі – А.А) дейін де жергілікті партияны басқаруын жалғастыра берді әрі оны жоюға асыққан жоқ. Әйтсе де, оған сенетіндіктен немесе басқа да «измді» көздейтіндіктен емес, дәл қазіргі сәтте партия – мақ­сатқа жетудегі тиімді құрал. Бұл – дұрыс қадам. Назарбаев жұмыс істейтін тәсілге иек артады», деп жазады автор.

Мақалада Елбасының экономиканы трансформациялау үшін орталық биліктің күшті болуға сенетіні айтылған. Автордың айтуынша, Н.Назарбаев адамдар жаңа жағдайға бейімделгеннен кейін, демократия өзі-ақ келеті­нін жеткізген. Сондай-ақ The New York Times газетінде ашықтыққа ден қойған елдің экономикасы біртіндеп аяққа тұрып келе жатқанын жазады.

Jewish Telegraphic Agency басылымының 1991 жылғы 27 желтоқсандағы санының бірінші бетінде Израильдің КСРО-дан бөлініп шыққан мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындауға әзір екенін хабарлаған.

«Сыртқы істер министрі Дэвид Леви Израиль құрдым­ға кет­­кен Кеңес Одағы­ның құра­мын­да болған мемлекет­тердің тә­уел­сіз­дігін мо­йындайтынын мәлімдеді.

Дегенмен Леви таяуда ғана Тәуелсіз мемлекеттер дос­тас­тығы құрамына кірген 11 рес­публиканың әрқайсысында елшілік ашу жөнінде әңгіме қозғаған жоқ. Саяси шолушы­лардың пайымдауынша, ел билігі АҚШ пен еуропалық қоғамдастыққа ілесіп, мемлекеттерге құрметпен қарайды», делінген мақалада.

Сондай-ақ Jewish Telegraphic Agency басылымы Қазақстан­ның ядролық арсеналына да тоқ­тала кеткен. Кеңес Одағы тара­ған­нан кейін ондағы ядро­лық оқтұмсықтар төрт елдің менші­гіне берілгені белгілі. Сондықтан шығар, көптеген басылым бұл мәселеге ерекше екпін береді.

«Билікке жақын дереккөз­дерге сенсек, Израиль Қазақстан­ның ядролық қаруы бар жалғыз мұсылман мемлекеті болғанын, «мұсылман бомбасын» жасауға қатысуынан немесе ядролық технологиясын араб елдеріне сатудан қауіптенбейді.

«Қазақстанның басшылығы мұндай бұрыс қадам жасамайды, жауапкершілікті сезінеді», деді дереккөз Jewish Telegraphic агент­тігіне. Бірақ КСРО-ның ядролық қарумен айналысқан мыңдаған ғалымы жұмыс іздеп, тарап кетуі мүмкін», деп жазады басылым.

SunSentinel газеті 1991 жылғы 18 желтоқсандағы санында «69 жыл өмір сүрген КСРО 1 қаңтар­дан бастап жойылады» деп аталатын мақала жария­лады. Онда КСРО-ның ақырғы сәт­тері тура­­лы жаза келе, АҚШ-тың сол кез­дегі Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкердің одақ құра­мын­­дағы елдерге сапарына тоқталады.

«Бейкер бейсенбі күні Ор­талық Азия елдері Қазақстан мен Қырғызстанға ұшып кетті. Оның айтуынша, Мәскеуде айтылған мәселелерге, ядролық арсеналға қатысты, достастыққа (ТМД – А.А) қатысты жоспар­лардың орындалатынына көз жеткізбек.

Алып аумақты алып жатқан елдерде қазіргі таңда 27 мыңнан 30 мыңға дейін ядролық қару бар. Дегенмен, қазақтардың астанасы Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бейкерге өз елінің ядролық қару­дан бас тартуға әзір емес еке­нін мәлімдеді. Бұл Ельцин­нің КСРО-дағы бүкіл оқтұмсықтар­ды Ресейге жинау туралы айт­­қанына күмән келтіреді. Назар­баев Бейкерге ядролық қару­лар Ресей мен Қазақстанда қала­тынын жеткізді», деп жазады SunSentinel газеті.

1991 жылғы 17 желтоқсанда АҚШ-тың сол кездегі Мем­лекет­тік хатшысы Джеймс Бейкер Қазақстанға келіп, Нұр­сұлтан Назарбаевпен кездес­кені белгілі. Бұл сапар туралы америкалық беделді басы­лымдар жарыса жазды. Мәселен, The Washington Post газеті «Республика Президенті АҚШ өкілі Д.Бейкерге ядролық қарудан әзірге бас тартпайтынын айтты» деген тақырыпта мақала жариялады. Бұдан бөлек, The New York Times, Los Angeles Times басылымдары да АҚШ мемлекеттік хатшысының сапары туралы жан-жақты ақпарат берді. Мұхиттың арғы бетіндегі бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның ядролық қарудан әзірге бас тартпаймыз деген ұстанымын қызу талқылады.

The Pittsburgh Press газеті «КСРО 31 желтоқсанда өмір сүруін тоқтатады» деп аталатын мақаласында да Джеймс Бейкердің Қазақстанға сапарына тоқталады. Онда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның Буш әкімшілігі үшін маңызды екенін айта келіп, еліміздегі ядролық арсенал туралы, елдегі мұнай жөнінде әңгіме қозғайды.