06 Желтоқсан, 2013

Сочи ойындарына дайындық қалай?

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Бүгінде елімізде 33 спортшы 7 спорт түрі бойынша Сочидағы Олимпия ойындарына қатысу құқығын иеленіп отыр. Лицензиялық кезең аяқталғанға дейін 10 спорт түрі бойынша 40-тан астам лицензия алуға үміт бар». Кеше Үкімет отырысында Спорт және дене­шынықтыру агенттігі басшысы осылай деді.

«Бүгінде елімізде 33 спортшы 7 спорт түрі бойынша Сочидағы Олимпия ойындарына қатысу құқығын иеленіп отыр. Лицензиялық кезең аяқталғанға дейін 10 спорт түрі бойынша 40-тан астам лицензия алуға үміт бар». Кеше Үкімет отырысында Спорт және дене­шынықтыру агенттігі басшысы осылай деді.

Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2014 жылы Сочиде өтетін XXII қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрама командасының дайындығы талқыланған болатын. Онда Үкімет басшысы олимпиялық ойындардағы спорттық нәтижелердің мемлекеттің беделі мен салиқалы имидждік көрсеткіші ретіндегі маңыздылығына тоқталып, қазақстандық спортшылардың Сочидағы сайыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Осыған орай, Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі агенттікке Олимпиада жарыстарымен қатар, Паралимпиада ойындарына еліміздің құрама командаларын сапалы дайындау жүктелді. С.Ахметов сондай-ақ, баспасөз орталығын ұйымдастыру және ұлттық құраманы қолдап-жігерлендіру үшін бірегей ұйымдасқан топ ретінде жанкүйерлердің қатысуын қамтамасыз етуді де тапсырды.

Әлемнің 80 елінен 5 мыңнан астам спортшы мен ресми өкілдер қатысып, 15 спорт түрінен 98 медальдар жиынтығы сарапқа салынатын Сочи Олимпиадасында еліміздің биік белес­тен көрінуі аса маңызды екені рас. Бұған барынша дайындық қажет. Ал қазақстандық спортшылардың дайындығы қалай? Бұл жөнінде кешегі отырыста Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Агенттіктің төрағасы Тастанбек Есентаев баяндады. Агенттік басшысының айтуынша, Сочидағы Олимпиадаға дайындық үшін елімізде Республикалық жедел штаб құрылған. Олимпиада құрамасына кандидаттарды дайындаудың қорытынды кезеңінің жеке жоспарлары бекітіліп, Олимпиада ойындарындағы спорттық нәтижелер индикаторлары мен межелеген міндеттер анықталыпты.

Т.Есентаевтың сөзіне қарағанда, ұлттық құрама команда 8 спорт түрі бойынша өнер көрсетеді. Қазақстанның олимпиада құрама командасының әлеуеті – шаңғымен жарысу, биатлон, фристайл-могуле, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, сноуборд сияқты 6 спорт түрінен бәсекелесуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, спортшылардың алдына тау шаңғысы спорты, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, шана спорты бойынша да үздік нәтижелер көрсетіп, лицензиялар иемдену міндеті қойылып отыр.

«Қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құраманың алдына Ванкувердегі Олимпиада ойындарындағы спорт көрсеткіштерін жақсарту, яғни екеуден кем емес әртүрлі құндылықтағы медальдар иемденіп, жалпы командалық есепте 20-23 орындарға шығу міндеті қойылып отыр», деді Т.Есентаев.

Агенттік басшысы, сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Халықаралық Олимпиада комитетіне 2022 жылы Алматыда XXIV қысқы Олимпиада ойындарын өткізу туралы өтінім тапсырылғаны туралы хабарлады.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар