Экономика • 20 Желтоқсан, 2020

Алма шырынын шығарады

658 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сарайшық ауылында ашылған цехта алманың 32 түрінен шырын шығарылады. Шырын тек алмадан емес, лимоннан да алынады.

Алма шырынын шығарады

Сондай-ақ бұл цехта квас та дайындалады. Аталған цехты «Атырау Агро Өнімдері» ЖШС іске қосты. Цех қуаты күніне 2 тонна алма, 1,5 тонна лимон шырыны мен 1,5 тонна квас сусынын шығаруға есептеліп отыр.

– Біз алманың 32 түрінен шырын шығарамыз. Алдағы жылы 500 тоннаға дейін алма шырынын шығару жоспарда тұр. Дайын өнімді әзірге тек Атырау облысында таратамыз. Кейін батыс өңірдегі облыстар мен Ресей еліне экспорттаймыз. Өйткені экологиялық таза өнімнің жарамдылық мерзімі 14 күн болғандықтан, алысқа тасымалдау мүмкіндігі болмай тұр. Өнімнің 80 пайызы көкөністен дайындалады. Ал 20 пайызы – су. Мұнда су үш рет сүзгіден өтеді. Цехта әзірге 8 адам жұмыс істейді. Көктем, жаз мезгілінде жұмысшылар 60 адамға дейін көбейеді. Жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылады. Келесі жылдың қаңтарында Германиядан технологтар келіп, біздің мамандарға дәріс береді. Оқыту мерзімі екі айға созылады. Осылайша, қызметкерлеріміз жоғары дәрежедегі маман болып шығады, – дейді цех технологы Тамила Розметова.

Жаңа цехты іске қосқан «Атырау Агро Өнімдері» серіктестігі – Атырау облысында азық-түлік белдеуін қалыптастыруда ерекше үлесі бар кәсіпорын. Ешкі сүтінен құнарлы өнім түрлерін нарыққа ұсынып отырған кәсіпорын экологиялық табиғи таза бал да шығарады. Қазір кәсіпорын жергілікті 50 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұған дейін 35 адам ешкі сүті зауытында, 15 адам алма бағында еңбек етіп келсе, енді шырын цехы арқылы тағы 8 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

 

Атырау облысы