Қоғам • 20 Желтоқсан, 2020

Елордада карантин талаптарын жиі бұзған 7 ойын-сауық орны жабылуы мүмкін

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада жеті ойын-сауық мекемесі карантин талаптарының бұзылуына байланысты үш айға тоқтатылуы мүмкін. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына сегіз материал жолданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада карантин талаптарын жиі бұзған 7 ойын-сауық орны жабылуы мүмкін

Атап айтқанда, «SOVA» және «Жаным Сол» караоке бары, «ALANYA» түнгі клубы, «Echo» бары, «ZOLOTO» мейрамханасы мен «Сторис» лаундж-барына қатысты деректер. «Teqila» лаундж-барына қатысты екі хаттама жолданды.

«Десе де, «Teqila» лаундж бары, «ZOLOTO» мейрамханасы, «ALANYA» түнгі клубы (Манас көшесі, 9/1) карантин шараларын бұзуды жалғастыруда. Өткен демалыс күндері аталған объектілерге қатысты шағымдар қайта келіп түсті, жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, олардың барысында талап бұзу фактісі расталды. Тексеру нәтижелері бойынша материалдар қосымша дәлел ретінде әкімшілік сотқа жіберіледі», – деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева.

Бұдан бөлек, мереке күндері «Mega Silk Way» СОО-да «Kango» батут орталығына және Тұран даңғылы, 21 үйдегі «Icon» клубына қатысты қайта шұғыл хабарламалар келіп түсті. Бұған дейін аталған нысандарға бұзушылықтарды жою туралы ескерту берілген болатын. Осы объектілерге қатысты нұсқаманы орындамағаны үшін, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама әкімшілік сотқа жіберілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, қалада бизнес субъектілеріне карантин және шектеу шараларының сақталуын қадағалайтын мониторинг жүргізілуде. Шілде айынан бастап осы уақытқа дейін талап бұзғаны үшін 261 296 654 теңге сомасына жеке, лауазымды және заңды 1 297 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.