Экономика • 21 Желтоқсан, 2020

Инвестициялық холдингке айналады

134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Директорлар кеңесі қордың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын бекітті. Бұл туралы брифинг барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Ләззат Боранқұлова хабарлады.

Инвестициялық холдингке айналады

13-қарашада Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы төрағалық еткен кеңесте қордың басқарма төрағасы Ах­метжан Есімов ұлттық компанияны инвестициялық холдингке айналдыру тұжырымдамасын ұсынды. Оның аясында 2028 жылға дейінгі жаңартылған даму стратегиясында қордың негізгі мақсаттары айқындалды. Атап айтқанда, орта мерзімді келешекте «Самұрық-Қазына» жетекші дербес әл-ауқат қорлары секілді инвестхолдинг ретінде жаңа жұмыс форматына ауысуды көздеп отыр.

Ләззат Боранқұлованың айтуынша, қордың алдағы бес жылға арналған даму жоспарының негізгі міндеттері қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, корпоративтік орталық пен қордың портфельдік компаниялары өтімділігінің жеткілікті деңгейін қолдау. Спикер 2021 жылы әл-ауқат қоры инвестициялық холдингке ауысу бағытында белсенді кірісетінін жеткізді. Жаңа портфельдің ұлғаюын қамтамасыз ету мақсатында Болашақ ұрпақ қорын қалыптастыруға байланысты жұмыс жалғасып, сондай-ақ бірлескен инвестициялау қағидаттары негізінде тікелей инвестицияларды жүзеге асыруға кіріспек.

Оның айтуынша, бұл қор порт­фелін­дегі коммерциялық актив­терді қалып­тастыруға мүмкіндік бере­ді. Осы­лай­ша, 2024 жылға қарай  инвес­тициялық портфель белсен­ді басқаруға толық көшіріліп, оны оңтайлан­дыруға және қайта құрылымдауды жалғастыруға жол ашылады.

Компания өкілінің сөзіне сүйенсек, келер жылдан бастап қор инвестициялауды белсенді түрде жүргізеді. Қазір 12 басым сала анықталып, оның ішінде ақпараттық технологиялар, инфрақұрылымдық құрылыс, жасыл энергетика, химия өнеркәсібі, денсаулық сақтау, машина жасау, логистика, ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібі секілді бағыттар қамтылғанын айта кеткен орынды. Бұл тізім әлемдік және аймақтық үрдістер мен нарықтың өзгеруіне байланысты жыл сайын жаңартылып отырады.

Л.Боранқұлованың айтуынша, әлем­дік дағдарыс Қор тобының қаржы­лық көрсеткіштеріне әсер етті. Бірақ та «Самұрық-Қазына» осы жылды бастапқы жоспарлардан әлдеқайда жоғары әрі нақты көрсеткіштермен аяқтайды деп болжануда.

 «Қалыптасқан сыртқы факторларға қарамастан, 2021 жылы компаниялар тобының негізгі стратегиялық көрсеткіштері биылғы бағамен салыстырғанда жақсаруда. Қордың таза активтерінің құны 2021 жылы 653 млрд теңгеге өсіп, 14 трлн теңгеге жетеді. Соңғы 6 жылда орташа жылдық өсу қарқыны 8,2%-ға, соңғы 10 жылда 9,1%-ға тең. Болжанған өсім мақсатты түрде айқындалған 8% деңгейінен асып түседі», деді Л.Боранқұлова.

2025 жылға қарай қордың таза активтерінің құны 6,9 трлн теңгеге артып, 21 трлн теңгені құрайды деп болжанып отыр. Келесі жылы компанияның таза кірісі 523 млрд теңгеге жетіп, бұл биылғы көрсеткіштен 22%-ға жоғары болатынын айта кеткен жөн. Алдағы 4 жылда таза кірістің жалпы көлемі 6,2 трлн теңгеге жетпек. Капитал тиімділігінің көрсеткіші 4,7% деңгейінде жоспарланып, 2025 жылға қарай 9,1%-ға дейін жақсарады деп болжанып отыр. 

Осылайша, Директорлар кеңесі бекіткен даму жоспары қордың 2028 жылға дейінгі даму стратегиясына толық сәйкес келіп, оны іске асыруды қолдайды. Бұған қоса «Самұрық-Қазына» биыл басталған шығыстар мен күрделі салымдар деңгейін бақылау жөніндегі жүйелі жұмысты 2021 жылы да жалғастырады.