Қауіпті індеттің бірінші толқынында бұл өңірде де медициналық бетперденің тапшылығы байқалды. Кейбір дәріханаларда оның бағасы шарықтап, 500 теңгеден асты. Ел-жұрт қиналған сондай сәтте бір реттік шприцтер мен өзге де препаратты тегін таратқан зауыттың құрылтайшысы Махмут Мералиев енді медициналық бетперде шығаруға бет бұрды. Оның бұл жобасы Үкімет тарапынан қолдау тауып отыр. Енді медициналық масканың алғашқы партиясы Тәуелсіздік күні қарсаңында сатылымға түседі.
– Қазір медициналық бетперде шығаруды қолға алған «Доктор Хаус» ЖШС-да 20 адам жұмыс істейді. Бір реттік медициналық бетперде тоқылмаған материалдан тігіледі. Оны пайдалану уақыты – 2 сағат. Ересектерге арналған үш қабаты бар қорғаныш бетперденің жылына 30 млн данасы шығарылады, – дейді зауыттың бас инженері Мұхтар Махметов. – Болашақта балаларға арналған бетперде де дайындалады.
Оның айтуынша, қазір бетперде дайындайтын екі желі жұмыс істеп тұр. Енді жақында үшіншісі іске қосылады. Ал төртінші желі көршілес Ресейден келе жатыр. Зауыттың қуаты айына 1 миллион 800 мың дана бетперде шығаруға есептеліпті.
– Біздің мақсатымыз – сапалы бетперде шығару. Сол себептен бетперденің сапасы жіті тексеріледі. Арнайы қаптамаға 50 данадан топтап саламыз. Бір қорапта 2 мың данасы бар, – дейді зауыттың ауысым басшысы Риза Жалмұрзина.