Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ халқының ержүрек ұлдары тарихта өшпестей із қалдырып, ұрпаққа үлгі етерліктей ерлік көрсетті. Соның бірі басқа ерліктерімен қатар, Берлин қаласындағы Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев болатын. Бірақ қитұрқы саясаттың кесірінен бұл батыр ұзақ уақыт елеусіз аталып келді. Елбасымыз осы олқылықты ескеріп, Р. Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағын бергенде соғыс ардагерлері де, халық та бір көтеріліп қалған еді.
Ендігі кезекте ерлерімізді ұлықтап, тарихтағы әділетті орнын белгілеу, олардың асыл қасиеті – туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, Отанын жанқиярлық сезіммен қорғауын дәріптеп, жастардың ұлттық сана-сезімін оятуға жағдай жасау міндеті тұр. Сол себепті батырдың туған жері Астана қаласының маңы болғандықтан және Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай сұрапыл соғыста жаудың жауып тұрған оғына қарамай, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен батыр атамыздың құрметіне бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асқаны жөн деп есептеймін.
Атап айтқанда, Астана қаласының бір басты көшесіне батыр атауын берсе, батыр мұраларына арнап мұражай ашылса, ескерткіші орнатылса, елдік парызымыздың орындалғаны болар еді. Осы мәселе бойынша Астана қаласының соғыс және еңбек ардагерлерінің атынан хат келіп түсті.
Бұл шаралардың еліміздің әлемдік тарихқа қосқан үлесін белгілеп, қоғамымыздың әрі қарай дамуына, келешек ұрпақтың елге адал, патриоттық сезімде өзіне сенімді әрі батыл болып өсуіне көп септігін тигізері сөзсіз. Аталған ұсыныстарды Мәжілістің бір топ депутаты Наталья Геллерт, Петр Дмитриенко, Сансызбай Есілов, Аманжол Жазин, Егор Каппель қолдап отыр.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.