Аймақтар • 21 Желтоқсан, 2020

Атырау қалалық әкімдігі «Ашық әкімдік» форматына көшті

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұдан былай Атырау қалалық әкімдігі «Ашық әкімдік» форматында жұмыс істейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Атырау қалалық әкімдігі «Ашық әкімдік» форматына көшті

Жалпы аумағы 328,9 шаршы метрді құрайтын жаңа фронт-офис қалалық әкімдіктің бірінші қабатында ашылды. Оның ашылуына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов  қатысты.

Жаңа жобаны таныстырған Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевтың айтуынша,  «Ашық әкімдік» жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын  мемлекет» қағидатын жүзеге асыру мақсатында ашылды. Басты мақсат – мемлекеттік орган мен халық арасындағы байланысты нығайту.

«Тұрғындар жер қатынастары мәселесі, әлеуметтік қамту және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағытындағы мемлекететтік қызметтерді оңай алады. Оларға әкімдіктің 5 маманы қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мұнда қалалық әкімдіктің жалпы бөлімінің мамандары қала әкімі мен орынбасарларының  қабылдауына тіркейді. Мұнда қала әкімінің орынбасары мен бірнеше бөлім мамандары  ашық үлгіде жұмыс істейді. Құжаттарды жинақтауды жеңілдету мақсатында халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары да бар» деді қала әкімі Қайрат Оразбаев.

Қала әкімінің айтуына қарағанда, «Ашық әкімдік» кеңсесінде әйнекпен бөлінген арнайы алаң жасалды. Мұнда азаматтардың электронды үкімет көмегімен өзіне-өзі қызмет көрсету бөлмесі бар. Ал балаларға арналған ойын бұрышы мен кофе-рум келушілерге арналып отыр.