Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2020

Солтүстік Қазақстанда 200 бала жаңажылдық сыйлыққа ие болды

409 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан 200 балаға Аяз ата мен Ақшақар сыйлық үлестірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Солтүстік Қазақстанда 200 бала жаңажылдық сыйлыққа ие болды

Дәстүрлі президенттік шырша биыл «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атауымен ұйымдастырылып, онлайн форматта өтті. СҚО-да мерекелік шараны балалар әлеуметтік желі және облыстық телеарна арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. Ал үздік оқушыларға, түрлі байқаулардың жеңімпаздарына, жетім және мүгедек балаларға, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндерге – барлығы 200 адамға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов оқушыларды онлайн құттықтап, тілегін жеткізді. Сыйлыққа ие болғандардың бірі – ЛОРД дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Әйгерім Есманова. 10 жасар Әйгерім облыстық және республикалық турнирлердің жеңімпазы. Ол музыка, көркем гимнастика және шахмат үйірмелеріне қатысады.

«Мені Президенттің құттықтағанына өте қуаныштымын. Ол кісіні де келе жатқан мерекемен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілеймін. Індеттен құтылып, ешкім ауырмаса екен деп тілеймін. Тезірек сыныптағы достарымды көргім келеді», дейді Әйгерім Есманова.

СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, балаларға Президент атынан құттықтау хат, тәтті сыйлықтар, планшет және қазақ ертегілері мен Абайдың кітаптары табыс етілді.