Аймақтар • 27 Желтоқсан, 2020

Таразда «Ұлан» стадионы ашылды

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тараз қаласында «Ұлан» стадионы пайдалануға берілді. Қайта жаңғыртудан өткен спорт кешеніне жаңа орындықтар орнатылып, жаңа жүгіру жолағы салынған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таразда «Ұлан» стадионы ашылды

Сондай-ақ, төрт футбол алаңы жаңартылып, әкімшілік ғимарат жөндеуден өтті. Тараздық тұрғындардың қуанышына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ортақтасып, көпшілікті арнайы келіп құттықтады.

Әкім өз сөзінде бүгінде жамбылдықтардың 32 пайызы бұқаралық спортпен айналысатынын жеткізді.

«Біздің мақсатымыз – бұл көрсеткішті арттыра түсу. Өйткені кез келген елдің жетістігі, ең алдымен, ұлттың денсаулығына байланысты. Осы орайда облысымызда жаңа спорт нысандары салынып, ескілері қайта жаңғыртылуда. «Ұлан» стадионы бұған дейін тозып, аянышты күйде болған. Трибуналар, футбол алаңы, бәрі ескірген еді. Балалар ескі доптармен ойнап жүрген. Енді, міне, бірнеше айдың ішінде стадионның адам танымастай өзгергенін көріп тұрмыз. Жақын маңдағы саябақ та көп ұзамай жаңа кейіпке енетін болады. Ата-аналар балалары стадионда шынығып жатқанда, сол саябақта тынығып уақыт өткізетін болады», Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар стадион аумағында екі қабатты жекпе-жек залы бой көтерді. Жас спортшылар мұнда футбол, жеңіл атлетика, еркін күрес, дзюдо, армрестлинг, үстел теннисі, каратэ және бокспен айналыса алады. Бұрын олар ынғайластырылған нысанда жаттыққан болса, енді олар үшін заманауи көпфункционалды ғимаратта айналыса алады.

жамбыл

Тұрғындарды көптен күткен қуанышымен қазақстандық таэквондошы Руслан Жапаров та арнайы келіп құттықтады.

«Бала кезімде менің көп жаттығуым осы жерде өткен болатын. Мен стадионның жаңартылғанына шын жүректен қуаныштымын. Енді балалар қолайлы жағдайда спортпен шұғылданатын болады», деді ол.

1988 жылы салынған спорт кешені 5 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балансында. Бұл ретте аталған мекеменің директоры, грек-рим күресінен спорт шебері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров жамбылдық балуандар, дзюдошылар, боксшылар түрлі жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрініп жүргенін, енді өзі басқарып отырған спорт нысаны осы бағытта әрі қарай дамып, Олимпиада чемпиондарын дайындауға ниетті екенін жеткізді.